Отан және отбасы

0
157
«Алтын діңгек — өзім туған босағам…»

Қанат қомдап таң атқанда шығыстан, 
Торғайым бар қыраныңмен бір ұшқан.
Жүрегім бар жүрегіңмен ұғысқан,
Менің елім, менің елім — гүлстан!

                                 Жұмекен Нәжімеденов

Осы бір өлең шумағындағы ағамыздың туған жерге деген асқақ махаббаты жүрек тебіренісімен көркем баяндалған. Отан әлемдегі барлық адам атаулының санасында Марриан ойысы секілді терең сіңген, маңызы шексіз әсем дүние,  санамыздағы орны да ерекше. Отан — ол адамның тек туып, өскен жері ғана емес, айрықша есте қалар маңызды сәттердің мекені де,  жақын адамдарың қоршаған ортасы. Ал бұларды бір-бірінен ажырату мүмкін емес.

Адам өмірінде тұлға болып, өмірлік түсінік алып, адамгершілік қасиеттерін дамытуда отбасының әсері өте жоғары орында. Отбасы – өмірге келген сәттен бастап, соңғы сапарға аттанғанға дейінгі аралықта қасыңнан бір елі ажырамайтын ең жақын адамдардан тұрады.  Ал енді Отанның маңызды бір бөлшегі ретінде осы отбасын қарастырамыз. Тәрбиелік мәселенің іргетасы да осында қаланады. «Отан – отбасынан басталады» деген мақалдың түпкі мағынасы да осы анықтамадан байқалса керек. Яғни, Отанға деген сүйіспеншілік, ол туралы терең түсінік, оның алдындағы борыш- міндетіміздің негізі осы отбасында қаланады.

Біз өз елімізді, Отанымызды мақтан тұтамыз. Осы елде дүниеге келіп, бостандықта өмір сүріп жатқанымыздың өзі – үлкен бақыт. Ендігі кезекте жаңа дамып келе жатқан, кеше ғана тәуелсіздігінің босағасын аттаған елдің болашағы қазіргі таңдағы жас ұрпақ қолында екендігіне айрықша мән беруіміз керек. Себебі аға буын өкілдерінің қалдырған аманатын дұрыс сезініп, оны қастерлеп, дамытып келесі ұрпаққа жеткізу басты борышымыз.

Отбасының ең маңызды мәртебесінің бірі – тәрбиелеушілік міндеті, оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайды. Оның негізгісі – баланы өмірге келтіру ғана емес, сонымен бірге оған әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын қабылдату, аға ұрпақтың тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңіру, яғни балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру әке-шешенің ең маңызды міндеті.
Ата-ананың, басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін таза атқару, бір-бірін құрметтеп сыйлауы – бәрі де үлкен мектеп, күрделі тәрбиелік мәселе. Қазақ халқының отбасы тәрбиесіндегі өзіне тән жарасымдылығының бір ұшы жасы кішісінің үлкенге «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде деп есептейміз. Және қазақ отбасындағы бала тәрбиесіне ұл тәрбиесі, қыз тәрбиесі деп жеке-жеке мән бере қарастыруы оның өзіндік ерекшеліктерін аңғартады.

Үлкенді құрметтеу арқылы отбасы мүшелерінің бір-бірінің тәрбиесіне жауапкершілік, борыштылық, адамгершілік сезімдерін туғызған. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы бір сөзінде: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…» деген екен.

Отанымыз аумағының бүтіндігін сақтау, халықтың тыныштығын алатын лаңкестермен қарсы ұйымшылдықпен күрес, мемлекеттерге қауіп төндіретін кез – келген сыртқы және ішкі күштерге қарсы тұрудың өзі жастардың отаншылдық рухта тәрбиелеу міндетін жүктейді. Мемлекетті нығайту дегеніміз – жеке тұлғаны күшейту екенін мойындау, ал патриотизм —  мемлекет деген ұғымды жеке тұлғамен, яғни оның өткенімен, бүгінгі күнімен және болашағымен қарым – қатынасты білдіреді.

А.Уралбаев,
Дін мәселелерін зерттеу орталығы” КММ, “Оңалту жұмыстары және діни психологиялық қолдау” бөлімінің басшысы.