Салт-дәстүрді шариғи үкімдерде пайдалану

0
908

      Дінімізде салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың үкімін қалай түсінеміз?

  Қазақ тілінде әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, қоғам мүшелерінің мінез-құлқына, тұрмыс-тіршілігіне , қоғамдық ойына, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып,  өмірдің өзі туғызған ғұрыптар жиынтығы “салт-дәстүр”,  “салт-сана”,  “әдет-ғұрып”,   “ғұрып-ғадет” деп аталады. Бұл атаулар шариғат терминологиясында көбіне араб  тіліндегі  “عادة”-ъада сөздерімен белгілі. Демек әдет-ғұрып араб тілінен қазақ тіліне енген кірмесөз.

Ъада “عادة”- сөзінің тілдік мағынасы – бір нәрсені дағдыға, әдетке айналдыру дегенге саяды. Кісі дағдыға айналдырған бір ісіне қайта-қайта оралып отырғандықтан  оны ъада “عادة”  деп атаған.

«Ъурф» عرف  -жағымды, ұнамды іс дегенді білдіреді. Құранда “Ағраф”  сүресіндегі “و امر بالعرف”   аятын кей тәпсіршілер “Әдемілік пен ұнамдылыққа бұйыр” деп түсіндірме беруінің себебі де осында.

  Аталмыш  екі терминнің (ъада “عادة”)  мен  (ъурф عرف   )  шариғаттағы мағынасы: белгілі  бір әлеуметтік ортаның, оның мүшелерінің мінез-құлқының, тұрмыс-тіршілігінің бұлжымас қағидаларына айналған жөн-жосық, жол-жоралғыны білдіреді. Дініміз әр елдің шариғатқа қайшы келмейтін өзіндік салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарына рұқсат береді. Жәһилдік тұрпайы сенім-негіздерін түгелімен өзгерткен дініміз, күнделікті тіршілікте кездесетін адамдардың өзара қарым-қатынастарына байланысты қоғамда қалыптасқан дағдылардың біршамасын тыйса, кейбірін исламның негізгі қағидаларына қайшы келмейтіндей етіп өзгертсе де, түгелдей тыймаған. Ал исламның рухына қайшы еместерін сол күйінде қалдырды. Мысалы, ислам діні ішімдік, құмар ойындары, өсім жеу, парақорлық, әйелді қор санау, төртеуден көп әйел алу, зинақорлық сияқты дағдыларды түбегейлі тыйды. Ал керісінше серіктесіп сауда жасау, бір затты жалға беру, сауда келісімі, зиһар талағы, ант ету іспетті үрдістерге біршама өзгерістер енгізгенімен, сол күйінде қалдырды. Өйткені жақсы нәрсені бұйырып, жамандықтан тию – Исламның негізгі ерекшелігі.

Қазақ халқының Ислам дінімен таныс болғанына мың екі жүз жылдан астам уақыт өтті. Содан бері салт-санасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, ақырында ислам діні халық ділімен біте  қайнасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналды.

 Әдет-ғұрып мұсылман заңнамасында кейбір мәселелерді шешуде айғақ ретінде қолданылады, әрі шариғат ережесіне сай келген ғұрып нақтылы шарғи дәлел ретінде қарастырылатындығын айтқан. Бұл тұрғыда фиқһ негіздерін зерттеуші ғұламалар Құран-Кәрімдегі:“Әдемілік  жолын ұста, ұнамдылыққа бұйыр, және надандардан теріс айнал”деген аятты  алға тарқан. Сондай-ақ, Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен пайғамбарымыздың мына хадисін дәлелге келтіреді.       “Мұсылмандар жақсы деп есептеген нәрсе Алланың алдында жақсы, және мұсылмандар жаман деп көрген нәрсе Алланың алдында да жаман”. Ханафи мазхабының ғалымы ибн Абидин “Ұқуд рәсм әл-муфти” кітабында былай дейді:

و العرف فى الشرع له اعتبار   لدا علىه الشرع قد ىدار

Ғұрыптың шариғатта орны бар,

Кейде үкім соған орай орнығар.

     Фиқһ білгірлері әдет-ғұрыптың шариғатта қабыл алынуының бірнеше шартын белгілеген:

  1. Құран мен сүннетке және мұсылман ғұламаларының ортақ ұйғарымдарына қайшы келмеу.
  2.  Үкім шығарылған уақытта халық арасында кең қолданылатын болуы тиіс. Әдет-ғұрыптар әр заманда өзгеріске ұшырап отырған.
  3. Қарастырылатын әдет-ғұрып бұқара халықтың арасында кең таралған, үйреншікті дағды болуы тиіс. Жекелей адамдар арасындағы әдеттердің заңдылық күші жоқ.

Қорыта келе айтарымыз, жергілікті халықтың әдет-ғұрпын екіге бөліп қарастыруға болады:

  1. Шариғатқа теріс әдет-ғұрып пен дағды. Аят немесе хадистегі айтылған үкімге және исламның жалпы қағидалары мен рухына, өмірлік пәлсапасына қайшы келетін ғұрып, қалыптасқан дағды. Бұлар қабыл етілмейді. Мысалы, ер кісілер неке жүзігін алтыннан тағу, тойды арақ-шараппен өткізу, пайызға қарыз ақша беру т.б.
  2. Шариғатқа сай әдет-ғұрып. Аят немесе хадиске және Исламның жалпы қағидаттары мен рухына қайшы   келмесе, онда салт-дәстүр қалыптасады. Мысал ретінде қыз ұзату мен беташар тойын атап өтсек болады. Исламда келін түскен үйдің шама-шарқынша дастархан жайып көрші-қолаң мен туған-туысты шақыруы сауапты іс. Сахаба Абдірахман ибн Ауф өзінің үйленгендігін айтқанда, Алланың елшісі (с.а.у.): “Бәрекелді! Бір қой сойсаң да, той-томалақ жасап жібер”-деген. Осы хадистен кейбір ғалымдар “келін түсірген кісіге дастархан жаю — міндет” деген тұжырым шығарған. Алайда көпшілік ғалымдар оны міндет емес, сүннет дейді.

   Ендеше, “беташар” тойы – Пайғамбарымыздың үмбетіне айтып кеткен өсиетінің қазақи үлгісі десек те болады.

                                                                  Мақала иесі:  Тәңірберген Ергешов