Ғаламтордың сарсаңы

0
721

Бүгінгі ғылым мен технологияның дамыған заманында баршамызға ақпарат тарату құралдарының кең тараған түрі – ғаламтор желілері. Мұның пайдалану үрдістері де әртүрлі. Өйткені, бүгінгі жастардың санасы мен психологиясы тұрмыс-тіршілігі ғаламтор әлемімен тығыз байланысты екені белгілі. Ғаламтор кез-келген пайдасы мен зияны қатар жүретін күрделі құбылыс. Қазір бізге керегі ғаламтордың пайдасын арттырып, зияндығынан алыстау. Ғаламтор арқылы әрбір адам кез-келген уақытта және қай жерде болмасын, қалаған мәліметіне қол жеткізе алады. Өкініштісі, ғаламтор пайдалану мүмкіншлігі елімізде пайда болғаннан бастап, қандастарымыз, отандастарымыз, үлкен кішісі бар, әсіресе жастарымыз мазалаған сұрақтарына жауапты кітаптан іздемей, түсіндіретін ғалымдардың кітаптары мен еңбектері қажетсіз болып отыр. Еліміздегі «Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасына» қарасты мешіт, медересе сияқты білім ордаларында оқымай, білім алмай ғаламторға жүгінетіндері айдан анық, баршылық.  Алайда абай болмасақ ғаламтор уақытымызды босқа кетіруі, жалған мәлімет беруі, діни экстремизмге, тіпті азғындыққа итермелеуі мүмкін екені жасырын емес. Ғаламтор белгісіз виртуалды шейхтердің, құзырсыз радикалдық топ басшыларының үндеулеріне, өз білімсіздігі мен фанатизмдеріне мас болған ой-пікірлеріне толы. Қандай мәлімет болсын, діни білімі болмаса, алып жатқанды сараптай алмай,  дұрыс бұрысын ажырата білмейтін халде болады.  «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» болатынын естен шығармағанымыз жөн.

Бүгінгі жастар  интернет әлеміне емін-еркін кіреді, жеке аккаунттарын ашып, кез келген ақпаратқа қол жеткізе алады. Міне, осы кезде діни сауаты, таным-түсінігі қалыптасып үлгермеген буынның  теріс пиғылды топтардың тұзағына түсіп қалуы да оп-оңай. Ғаламтордағы терроризмге үндейтін ақпарат көздерінің салдарынан өзге мемлекеттен ілім іздеп, жалған ғалымдардың жат уағызына уланған «ахилар» мен «ухтилардан», «брат», «сестралардан» жасақталған топтан қанша жас жапа шегіп, кейінгі буынның дәстүрімізден, тарихымыздан, ділімізден безінуі алаңдатады.
Алайда екінші жағынан кейбір жатпиғылды діни ағым өкілдері құран аяттарын теріс бұрмалап жиһадқа үндеуде. Олар ғаламтордағы түрлі байланыс желілері арқылы, санасы қалыптаспаған жастарға дәл осы ғаламтор арбауына сан алуан кітаптары арқылы тіпті, соның ішінде әлеуметтік желілерде көбінесе «Facebook», «Вконтакте», «Одноклассники» т.б. осы тектес желілерді жүзеге асырылуда. Олар ғаламтор кеңістігін тиімді пайдалана отырып, жалған ұрандарымен дінді бұрмалап, жастарға ықпал етудің түрлі жолдарын жасайды. Сондықтан шынайы діннің мазмұнын түсініп үлгермеген жастар қауымы ғаламторды «кезіп» жүріп ұрынып қалуы мүмкін. Мұндай жалған ақпараттарға ұрынбау үшін ішкі сүзгіден өткізетін рухани, мәдени сананы қалыптастыруымыз қажет. Ол үшін әрине сұрауды, ізденуді салыстыруды және кітап оқуды тоқтатпағанымыз жөн. 
Сөзімізді қорыта келе, егер сіз, ғаламтордан діни сайттарды кездестірсеңіз, онда ол сайттың сенімділігіне көз жеткізіңіз. Оқылған ақпараттарды бірден көңілге тоқымаңыз. Ғаламторды қолданғанда келтірілген мәліметке бірден сене салуға болмайды. Сіз немесе сіздің балаңыз ғаламторда ұзақ отыру арқылы отбасы мен достарына аз көңіл бөліп, маңызды істерге немқұрайлы қарай бастауы мүмкін. Ендеше, ғаламторды шектен тыс қолданып, оған тәуелді болып кетуден абай болайық.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы
 Таутаев Қуаныш