«Күйеуім қайтқанда ағасы «шаһид болды» деп сүйіншіледі»: жат ағымға ерген келіншектің хикаясы

0
605

Бүгінде Алматы қаласында тұратын оралдық Айман (аты-жөні өзгертілді) 2019 жылы «Жусан» операциясы арқылы бір ұл, бір қызымен Қазақстанға оралған. «Күйеуімнің айтқанынан шыға алмадым» деген Айман Azattyq Rýhy тілшісіне басынан өткен жайтты айтып берді.

— Өзім Оралдың қызымын, күйеуім Ақтөбеден. 2008 жылы намазға жығылғаннан кейін ортақ таныстарымыз арқылы екі рет кездесіп, некемізді қидық. Үйленгеннен кейін Алматыға көшіп келіп, Өжет шағын ауданында пәтер жалдап тұрдық. Күйеуім «Барахолкада» көлікке қажетті ұсқа-түйек заттарды сатумен айналысатын. Мен тұрмысқа шыққалы жұмыс істеген емеспін, бала тәрбиесімен үйде отыратынмын. 2012 жылға дейін біз ел қатарлы өмір сүрдік. Екі ұлымыз бар, жер алып, үй салу жоспары да болған еді. Бірақ, күйеуімнің Оралдағы ағасы біздің өміріміздің күл-талқанын шығарды.  2012 жылдың көктемінде күйеуім аяқ астынан Түркияға көшетінімізді, ағасының таныстары сол жақтан пәтер, жұмыс тауып беретінін айтты. Алғашқыда менде еш жаман ой болмады. Бірақ жолдасымның Түркияға көшетініміз туралы «сенің де, менің де ата-анам білмеуі тиіс» деген сөзі көңіліме күдік ұялатты. Қоныс аударатынымыз туралы айтпадым. Оның үстіне қайын ағам да отбасымен бірге біздің жанымызға келетінін айтты. Осылайша, 2012 жылы Ақтау арқылы Түркияға ұшып кеттік. Ол жақта үш ай өмір сүргеннен кейін, сол жылдың күзі мүджаһед боламыз (Алланың әскері) деп Сирия аумағына кірдік. Алғашында Дамаск деген шаһарда тұрдық. Барғаннан кейін абысыным екеуміз бір үйде тұрдық, ал күйеуімізді бірден әскери дайындыққа үйретуге (Муаскарға) алып кетті. Олар үйге анда-мұнда ғана келіп тұратын. Әйелдер ол жақта ешқайда шықпай, тек үй шаруасымен айналысатынбыз. Мен сонда барғанда аяғым ауыр екенін білдім. 2013 жылы қызымыз дүниеге келді. Бірақ үш айдан кейін күйеуім мен екі ұлым үйімізге түскен бомбадан қайтыс болды.

«ҚАЙЫН ЖҰРТЫМ БІЗДІ КЕШІРЕ АЛМАДЫ…»

— Бір өкініштісі, күйеуім мен ұлдарым қайтыс болғанда оның бауыры «Олар шаһид болды!» деп қуанып, өзге бауырларынан сүйінші сұрады. Олар үшін дін жолындағы соғыста өлу үлкен ерлік болып саналады. Бауыры, оның шиттей балаларының өлімі үшін көзінен титтей де жас шықпады, жыламады. «Мақсатымыз – дін жолында өлу» деп ары қарай ештеңе болмағандай өмірін жалғастыра берді. Тура жарты жылдан кейін қайын ағамның да шаһид болғаны туралы хабар келді. Абысыным екеуміз 5 баламен жесір қалдық. Қазақстан билігі бізді алып кеткенше, елге қайтудың сан түрлі амалын іздедік, нағыз тозақты бастан өткердік. Оның бәрін біртіндеп айту, еске түсіру мен үшін өте ауыр (жылап). Кеткеніме өкінемін, бірақ бізден гөрі ата-анамызға, бауырларымызға қиын болды. Аллаға тәуекел етіп, шыдадық. Шыдай алмаған қыздар бірнеше рет тұрмысқа да шықты. Қазір хиджабымды шешпедім, бірақ өзім тігін өнерін үйреніп, қосымша жұмыс істеп жатырмын. Қайын жұртыммен араласпаймыз, ол кісілер тым құрыса бір немересін қалдырып кетпегеніміз үшін өкпелі шығар. Адасудың бәрі білімсіздіктен екенін кеш түсініп жатырмын. «Жаңылмайтан жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» демей ме?! Енді ешкімді Алла адастырмаса деп тілеймін. Ол жақта ешқандай жұмақ өмір жоқ. Өлім, аштық, соғыс, азап қана күтіп тұр.

«ЖУСАН» ОПЕРАЦИЯСЫМЕН ҚАЗАҚСТАНҒА ОРАЛҒАНДАРДЫҢ ӨМІРІ ҚАЛАЙ?

«Жусан» операциясымен елге оралғандардың хикаясы туралы жиі естіп жүргенімізбен, олардың әлеуметтенуіне қатысты мәліметтер аса көп айтылмайды.

Осы ретте Azattyq Rýhy тілшісі Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының жанындағы «Кеңес беру және оңалту орталығының» әйел ісі жөніндегі теолог маманы Назерке Жетпісбайдан жусандық қыз-келіншектердің әлеуметтенуі туралы сұрап білген еді.   

— Қазір «Жусан» операциясы бойынша өңірге оралғандармен орталық тарапынан психологиялық, әлеуметтік, материалдық тұрғыдан көмектер көрсетілуде. Соның ішінде тарихшы мамандармен, дін саласы өкілдерімен, заң өкілдерімен арнайы іс-шаралар өткізіліп, оларды қоғамға бейімдеуге байланысты жұмыстар өткізіледі. Апталық дәрістер, айына бір рет бетпе-бет кездесу белгіленген. Мұның барлығы олардың осы қоғамға бейімделуі, ортаға сіңісіп кетуі үшін жасалып жатқан жұмыстардың бірі деп есептейміз, — деп жауап берді.

Назерке Жетпісбайдың айтуынша, соғыс даласынан оралғандардың бастапқы көзқарасы мен кейінгі көзқарасы арасында өзгеріс көп.  

— Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектің бар екенін, мемлекет соғыс ошағына кетті деп бетінен теріс қақпай, керісінше оларды өз еліміздің азаматтары деп қабылдап алу арқылы осы елдің азаматтары екендерін сезінуіне үлкен мүмкіндік туғызды деп айтуға болады. «Жусан» арқылы оралғандардың көпшілігі ЖОО-да әртүрлі мамандық бітірген. Олардың қатарында маркетолог, аударма ісінің мамандары, заңгер, журналист, жиһаз өндірісінің мамандары, дизайнер-модельер, халықаралық байланыс мамандығын меңгергендер бар. Әдетте, олардың соғыс аймағына кетуіне білімсіздік әсер етті деп жүрміз ғой. Бірақ, олардың көпшілігінің білім деңгейі төмен емес, бірақ жолдасының ықпалы, махаббаттың буы сияқты факторлар әсер еткен. Қазір олардың барлығы жұмыс істеуге дайын. Соғыс ошағында зардап шегіп, денсаулығына байланысты жұмысқа шыға алмай отырғандар бар. Жұмысқа қабілеттілері түрлі сауда орталықтарында кассада, еден жуатын орындарда, кейбірі өз мамандықтарымен жұмыс істеп жатыр. Жеке кәсіп ашқысы келіп жатқандар да бар. Тағы бір азаматшамыз араб тілін жақсы меңгеріп алғандықтан, Instagram желісі арқылы онлайн курс өткізіп жатыр, — деп жауап берді.

ЖАҚЫНДАРЫ ҚАЛАЙ ҚАРСЫ АЛДЫ?

— Өңірге оралған кезде ең алдымен Ақтаудағы оңалту орталығында айлап жатты. Олардың ата-аналары да, туыстары да көптен күткен болады. Күйеуі соғыс даласында көз жұмса да, қайын жұртына оралып жатқан әйелдер бар. Бірі немересінен, енді бірі баласы мен күйеуінен айырылғандықтан, екі жаққа да оңай соғып жатқан жоқ. Туыстары барынша қолдау көрсетуге тырысып жатыр. Елге оралғандардың араларында тұл жетім болып келген балалар бар, оларды туыстары өз атына жаздырып, қолдарына алды. Бірде-бір әйел отбасым, туыстарым қабылдамады дегенді айтпады.

БАЛАЛАРДЫҢ ҚОҒАМҒА СІҢІСУІНЕ ҚАНША УАҚЫТ ҚАЖЕТ?

— Сириядан оралғандардың көбі — кәмелет жасына толмаған кішкентай балалар және олардың көпшілігі соғыс аймағында дүниеге келген. Олардың барлығына Қазақстан азаматы деген куәлік беріліп, қоғамда қатардағы балалар сияқты өмір сүріп жатыр. Мемлекет тарапынан олардың толыққанды білім алуына, құқықтық жағынан шектеулер мен қысымдар көрсетілмеуіне байланысты біраз жұмыс атқарылып жатыр. Ол үшін біздің орталықтан арнайы үйірмелер ашылып, тегін қатысуға бар мүмкіндік жасалды. Олардың бейімделуі үшін сол жақта туып, соғысты көріп, бомба мен жарылыстарды көріп, аш-жалаңаш жетімдерді көруі психологияларына әсер еткен. Бейбіт өмірді көрмегеннен кейін, олардың пистолет, пышақ сияқты қару-жарақтармен ойнау белгілері де анықталған. Алғаш кездесіп, ойыншықтар берген кезде олар бірден автомат, қылыш деген сынды суық қарулармен ойнауға бейім келді. Психологиялық жағынан да агрессивті, тәрбие жағынан бос кеткендері байқалған болатын. Олардың бейімделуі ата-аналарына тікелей байланысты. Қазір балалар өзгерген, ашылған. Тіпті сурет салдырған кезде көк аспан, бәйтерек, құстар сала бастаған. Мұның өзі олардың өзгергенін білдіреді.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан