ШЫМКЕНТ: РИДДЕРГЕ КЕЗЕКТІ ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ЖІБЕРІЛДІ

0
25

Таяуда Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының маңындағы Лесхоз поселкесінде өрттен зардап шеккендерге Шымкент қаласынан гуманитарлық көмек тиелген 2 жүк көлігі жөнелтілген болатын.

Бүгін Шымкент қалалық «Қазақстан халқы ассамблеясы» ұйымдастырған кезекті қайырымдылық іс-шарасы аясында үшінші жүк көлігі Риддер қаласына аттанды. Ассамблея жанындағы түрлі диаспора өкілдері тарапынан жасақталған материалдық көмек құны 11 млн. теңгеге бағаланды. 8 тоннадан астам жүк тиелген көлікте ұн, көкөніс пен жеміс-жидек, азық-түлік тауарлары, сусындар және шаруашылық бұйымдары мен төсек-орын жабдықтары риддерліктерге жөнелтілді.

Қайырымдылық акциясында сөз алған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қала әкімі атынан игі бастамаға алғысын білдіріп, елдің бірлігі әрдайым осындай қиын сәттерде керек екенін жеткізді.

–Ассамблея өкілдері жыл сайын дәстүрлі түрде қоғамда қайырымдылықты ілгерілетуге арналған кешенді іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Риддерде болған апаттан соң алғашқылардың бірі болып Шымкент қаласының тұрғындары көмек қолын созуға ұмтылды. Шымкент қаласында «Риддер, біз біргеміз!» айдарымен зардап шеккен отбасыларға қайырымдылық көмек ұйымдастыру штабтары құрылған болатын. Мұндай штабтар қаламыздағы «Жастар ресурстық орталығы» мен «Қоғамдық келісім» мекемелері жанынан ашылып, шығысқазақстандық азаматтарға гуманитарлық көмек көрсетуге азаматтық ұйымдар, волонтерлық қозғалыстар, этномәдени бірлестіктер, жастар ұйымдары жұмылдырылды. Олар қайырымдылық іске бір кісідей жұмылуға барша ағайынды үгіттеді. Халық төтеннен келген қайғылы оқиғаға қабырғасы қайысып, қолдан келгенше көмегін көрсетті. Енді міне, тағы бір автокөлік жасақталып, өрттен жапа шеккен азаматтардың мұқтаждығын өтемекке жолға шыққалы тұр. Бұл әлбетте, қала тұрғындарының ынтымақ-бірлігі, азаматтық ұстанымы мен бауырмалдық сезімі жоғары екендігін көрсетеді, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Аталған игі іске «Silkway» Халықаралық университеті, өзбек, корей, шешен-ингуш, ұйғыр, неміс этномәдени бірлестіктері, қалалық Ассамблея жанындағы Аналар кеңесі ұйытқы болды.

Айта кету керек, биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай республиканың түкпір-түкпірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының жалпыхалықтық «30 игі іс» қайырымдылық марафоны бастау алды. Риддерге жөнелтілген гуманитарлық көмек сол қайырымдылық шарасы аясында ұйымдастырылды.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы