Орал: Бас имам түлектерге бата берді

0
945

«Орал» орталық мешітіне қаладағы мектеп бітіруші түлектер арнайы келіп, дұға тілеп, бас имамның батасын алды.

Келген түлектерді жылы шыраймен қарсы алып, Бақытжан қажы білімнің артықшылықтарына тоқталып, ел ертеңі мен болашағының жарқын болуы білімді жастардың қолында екенін айтты.

«Он бір жыл жиған білімдеріңізді сын тезіне салатын сәт те жетті. Асыл дінімізде мұсылман баласының білім-ғылым игеруі парыз болып саналады. Қасиетті Құран кәрімде Алла Тағала «Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ала ма?» десе, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Білім алу – әрбір мұсылманға парыз» деп, үмметіне ілім игеруді насихат еткен. Сол себепті де өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаған ұлағатты ұстаздарыңыздың еңбегін еш етпей, мерейін өсіріңіздер. Білім жолындағы сапарларыңыз сәтті болғай» деп облыстың бас имамы Бақытжан Құралбайұлы Жаратқаннан жақсылық тілеп, түлектерге ізгі лебізін білдірді.

Кейін бас имам қасиетті Құран аяттарын оқып, дұға жасап, жас өрендерге ақ батасын берді.