Христиандыққа арналған фотокөрме ұйымдастырылды

0
563

Нұр-Сұлтанда Қазақстанның діни бірлестіктері өкілдерінің кезекті жиналысы өтті.

Жиналыс Бейбітшілік пен келісім сарайында өтіп, әлемдік діндердің бірі – христиандыққа арналған «Бейбітшілік пен келісім жолы» тақырыбында халықаралық фотокөрме ұйымдастырылды.

Іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі С. Егізбаев, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының басқарма төрағасы Б.Сәрсенбаев, Қазақстандағы Апостолдық Нунций Фрэнсис Ассизи Чулликатт, діни бірлестіктер өкілдері, Қазақстан Республикасындағы шетелдік дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.

Вице-министр Серік Егізбаев өзінің құттықтау сөзінде «әртүрлі дін өкілдерін бір шаңырақ астына жинаған Қазақстан өзінің тұтас тарихында ұлтаралық татулықты, дінаралық тепе-теңдікті әрқашан сақтап келе жатыр», – деп атап өтті.

Ұйымдастырылған фотокөрме әлемдік және дәстүрлі діндерге арналып, конфессияаралық келісімнің нышаны болған христиандықтың рухани құндылықтары тереңдігін паш етеді және қоғамды рухани құндылықтар төңірегінде топтастыруға бағытталған.

Іс-шараға қонақтары Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезіне қатысушылардың, сондай-ақ, Православие шіркеуі, Нұр-Сұлтандағы Рим-католиктік Қасиетті Мария Архиепархиясы, Қазақстанның Евангелдік Лютеран шіркеуі, Мәскеу Патриархаты Дінаралық қатынастар шіркеуінің сыртқы байланысы бөлімі сияқты діни бірлестіктердің және «Казахстанская правда» республикалық газетінің фотожұмыстарымен танысты.