Сәләфилік идеологиялардың салдары

0
835

Уаһһабилік ағым қазақ жеріне тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда келе бастады. Сәләфилік идеология өкілдері елімізде алғашқы кезде қайырымдылық қорлар, діни сауат ашу курстарын, араб тілін үйрететін оқу орындарын ашып, көптеген жастардың санасын улады. Орыс тіліне аударылған тегін діни әдебиеттер таратумен діни сауаты жоқ қандастарымызды өз қатарларына тарта білді.

Тоқсаныншы жылдары көптеген жастар діни білім алу мақсатында араб елдеріне бет алды. Соның ішінде осы идеологияның шырмауына іліккен кейбір жастар оқуын аяқтап, елге оралған соң сол діни ағымның ұстанымдарын жаюға көшті.

Бұл ағым өкілдері әһлу сүннет жолын ұстанушы 4 мәзһабтың біреуін де ұстанбай өздерін «сунна» жолында жүрміз, «сәләфпыз» деп санайды. Өздерін сәләф санай отырып, өзі секілді сенімді ұстанбаған мұсылманды кәпір, мүшрик, адасқан деп, ондай жанға қол көтеруді күнә санамайды. Ғалымдар деңгейіндегі діни мәселелерді қарапайым мұсылмандар шешетін мәселе секілді үлкен дауға айналдырды. Намаз оқымаған жағдайда ата-ана болсын, ағайын туыс болсын мұсылман емес деп, қарым қатынасты үзуде. Өз ата-анасына қарсы шығып, намаз оқымағандықтары үшін кәпір санап, тіпті берген асын ішуден бас тартып жатты. Қазақ халқының салт-дәстүрін надандатып, мәзһаб ұстануды адасушылық деуде. Бірақ өздерінің де бір ағым екенін мойындамайды.

Ғасырымыздағы уаһһабилік немесе сәләфилік бағытты ұстанушылар өзара бірнеше ағымдарға бөлініп кетті. Бұлай бөліну барлық ағымға тән құбылыс. Пайда болған кезкелген ағым уақыт өте келе өзара келісе алмай тармақтарға бөлінетіні ақиқат. Олардың бұлай бөлінуіне бірнеше себептер түрткі болған. Мысалы, амал етпеген жан «кәпір ме, әлде мұсылман ба?», «кәпірлермен одақтасуға бола ма, болмай ма?», «басшыға бағыну», «патшаның саясатын қолдау немесе қолдамау» секілді әрі ақидаға әрі саясатқа қатысты мәселелер төңірегінде келісе алмай «мадхалиттер», «сурурилер», «такфирлер» болып бөлініп кеткен. Аталмыш ағым өкілдерінің ұстаздары мен негізге алатын әдебиеттері бір бола тұра бір-бірлерін адасушылықпен, күпірлікпен айыптап, тек өздерін ғана тура жолда жүрген мұсылман ретінде санайды.

Қорыта келгенде аталмыш ағым өкілдерінің ханафи, мәлики, шафиғи, ханбали мәзһабтарының ақидасы мен ұстанымдарына қайшы келетін тұстары көп. Сол тұрғыдан оларды адасқан ағым қатарына жатқызған.

Олардың өзге мұсылмандарды өздерінің көзқарастарына сенуге, өмір сүруге, ғибадат етуге, бидғаттардан аулақ болуға шақыру барысында күш қолданып, қан төгуі – шариғатқа қайшы. Себебі Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Иман Бухариден  жеткен  хадисінде  «Мұсылманды балағаттау – пасықтық,  қанын төгу – күпірлік» деген.

Сәләфизм біздің қоғамға сыналап енуге әзір тұр. Бұл жат ағым қазақ қоғамын байырғы салт-дәстүрінен бас тартқыздырғысы келеді. Біз ел болып бұндай бассыздыққа жол бермеуіміз керек. Керісінше, өткен тарихымызға, бабаларымыздан қалған асыл мұраға мақтанышпен қарауға тиіспіз.

Жат идеология бұл өте қауіпті. Қаншама елді іштен ірітіп, құрдымға жөнелтті. Бұлардың артында үлкен күш тұр, үлкен қаржы бар. Кейбір топ солардың қызығын көріп – Отанға сатқындық жасап келеді. Арам пиғылды радикалдар тұтас халықты соңынан ертіп, қырғынға итермелеп, бір-біріне қарсы қойғысы келеді. Тіпті, ақырындап өз дегендеріне де қол жеткізуде. Осылардың айтқандарымен жүрген жастар Сирия мен Таяу Шығысқа барып қаза тауып жатыр. Жүректі ауыртатын да осы.

Сондықтан, біз жат идеологияға қарсы туруымыз керек. Саясиланған сәләфилік дәнекке ел болып қарсы туруымыз қажет. Сан ғасыр бойына бабаларымыз жандарын шүберекке түйе жүріп құрған Мәңгілік Елді сақтап қалу біздің азаматтық парызымыз. Өзіміздің терең тарихымызбен қуаттанып, саф алтындай салт- дәстүрімізді ұрпағымызға өнеге етуіміз қажет.

Біздің діни танымымыз ата-бабаларымыз ұстанған жол үш тұғырымыз бен төрт кағидамызды жандандыруда болмақ. Ал, үш тұғыр дегеніміз ханифи мазхабы, матуруди сенімі, Қожа Ахмет Ясауидің діни танымы. Кожа Ахмет Ясауи бабамыздың діни танымы төрт қағидаға негізделген. Атап айтқанда, бірінші «заман» — заманға сай  өмір сүр және жаңа технологиялар мен иновацияларды игеру. Екінші «мәкән» яғни Отан деп туған еліне, жеріне аянбай еңбек етіп халқының сүйікті ұлдары мен қыздары болу. Үшінші «ихуан» -бауырмалдық  деп адамдардың ұлтына, нәсіліне, дініне, түсіне қарамастан құрмет көрсетіп, бауыр тұту. Төртінші «Рабта-сұлтан» —  басшыға бағына отырып әділдікті талап ету.

Айдос Оралбаев
“Дін мәселелерін зерттеу орталығы” КММ “Оңалту жұмыстары және діни психологиялық қолдау” бөлімінің басшысы