«Уақып» қорының президенті тағайындалды

0
835

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Ардақ Оразбаев Діни басқарма жанындағы «Уақып» қазақстандық қоры» корпоративтік қайырымдылық қорының президенті болып тағайындалды.

«Оразбаев Ардақ Нүсіпханұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалы Алматы облысы Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы қызметінен босатылып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Уақып» қазақстандық қоры» корпоративтік қайырымдылық қорының президенті болып тағайындалсын» делінген Бас мүфти бұйрығында.

«Уақып» қорының жаңа президентін ҚМДБ ұжымына таныстырған Наурызбай қажы Тағанұлы: «Ардақ Нүсіпханұлы Талдықорған өңіріне бас имам болған жылдары өзін білікті басшы, ұйымдастыру-үйлестіру бағыты бойынша іскер адам, уағыз-насихат, қайырымдылық іс-шаралары бағытында үлгілі, белсенді имам ретінде танытты. Діни салада мол тәжірибе жинақтады. Енді «Уақып» қорының жұмысын жаңа деңгейге көтереді деген сенімдемін. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін» деп, Ардақ Нүсіпханұлына бұған дейін атқарған дін жолындағы қызметіне ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыс етті.

Бас мүфти өзін-өзі қаражатпен қамтамасыз ете алмайтын ауыл имамдарына жалақы беру, діни ағарту ісін жандандыру сынды іс-шараларға жүйелі түрде қаржылай көмек көрсетіп келген «Уақып» қорының алда атқаруы тиіс жұмыстары мен жоспарын атап өтті. Осы бағытта қор президентіне нақты тапсырмалар берді.

Айта кетсек, «Уақып» қоры – қайырымдылық ұйым, оның қызметі әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға, діни ағартушылық саладағы іс-шараларды жүргізуге, сондай-ақ дін қызметкерлерінің жұмысын жетілдіруге бағытталған. «Уақып» қоры көптеген мұсылман елдерінде бар.