Құран аяттарына ғылыми дәлелдер

0
880

Құран Кәрімнің кейінгі ғасырларда ғана ашылып жатқан көптеген ғылыми жетістіктерді осыдан он төрт ғасыр бұрын айтып кетуі көптеген батыс-шығыс ғалымдарын таңғалдырып, Исламға бас идірген. Міне, бұл – Құранның авторы Мұхаммед (с.ғ.с.) емес, Құранның Алла тарапынан жіберілгендігінің дәлелі. Мысал ретінде бірнеше аят:

• Өсімдіктер де аналық-аталыққа бөлінеді

Өсімдіктердегі аналық-аталық ұрықтарының ғылыми тұрғыдан соңғы ғасырларда ғана зерттелгені бәрімізге мәлім. Ал, Құран мұны он төрт ғасыр бұрын былай деп көрсеткен:
«Жерден өсіп-өнетін барлық өсімдіктерді, өздеріңді және сендердің т.б. білмейтін нәрселеріңді жұп-жұп қылып жаратқан Алла қандай пәк».

• Желдің тозаңдау қызметі

«Хижр» сүресінің «Біз желді тозаңдау үшін жібердік, сөйтіп аспаннан жаңбыр жаудырып, сендерді сусындандырдық…» деген аяты жаңбырдың жаууында, желдің тозаңдандыру қызметін атқаратындығын ашық баяндайды. Жел су буларынан пайда болған бұлттарды бір-бірімен қақтығыстырады. Бұл қақтығыс салдарынан найзағай пайда болады. Жел бұлттарды тығыздап сыққан кезде жерге жаңбыр жауады. Желдің бұлттарды айдап, бір-біріне қосу ісі жоғарыдағы аятта «бұлттарды бір-біріне қосады» деп емес, «тозаңдайды» деп берілуі, шынымен де, назар аударарлық. Яғни, аятта айтылған желдің бұлттарды «тозаңдайды» деуінің астарынан бұлттардың да бейне бір аталық-аналық тәрізді позитив-негатив болып бөлінетіндігін аңғаруға болады. Демек, желдің позитив-негатив бұлттарды бір-бірімен қосып, тығыздауы нәтижесінде жаңбыр жауғызуы оның «тозаңдауы» болмақ.

Тоғызыншы ғасырдың аяғында, яғни осыдан он бір ғасыр бұрын өмір сүрген Ибн Жәрир әт-Табарани атты ғалым жоғарыдағы аятты тәпсірлегенде: «Әуелі жел өсімдіктерді тозаңдайды, сосын бұлттарды тозаңдайды» – деп, желдің өсімдіктерді һәм бұлттарды да тозаңдайтынын айтуы таң қаларлық.

Міне, Құран Кәрім он төрт ғасыр бұрын желдің аналық-аталықтан тұратын өсімдіктерді және позитив-негативті бұлттарды тозаңдандыру қызметін атқаратынын ашық айтып кеткен. Ғылыми тұрғыда кешірек дәлелденген аталмыш табиғат заңдарын 1400 жыл бұрын ешбір адамның білуі мүмкін емес еді. Олай болса, Құран – адам емес, осы заңдарды жаратқан Ұлы Құдіреттің сөзі болмақ.

• Аспан әлемі үнемі кеңеюде

Ең жақын бес-алты галактикадан басқа барлық галактикалар бізден өз қашықтықтарына сай жылдамдықпен тоқтамастан ұзақтап жатқанын 1922 жылы астроном Хабл (HubbIe) зерттеп тапқан болатын. Оның айтуына қарағанда, жарық жылдамдығымен есептегенде, бізден миллион жылдай қашықтықта орналасқан бір жұлдыз бізден жылына 168 км жылдамдықпен, екі миллион жыл ұзақтағы жұлдыз екі есе жылдамдықпен, үш миллион жыл ұзақтықтағы үш есе жылдамдықпен тоқтамастан алыстауда.
Иә, 1922 жылы ғана зерттеп білінген «Bigbang» Үлкен жарылыс» заңын Құран осыдан 1400 жыл бұрын, яғни астрономия ғылымының дамымаған, телескоп сияқты құралдардан мақұрым ғасырда «Аспанды құдіретімізбен біз жараттық және оларды үнемі кеңейтудеміз», – деп анық айтып кетуі күмәнсіз толғанған ақыл иесін Құранға бас идірері сөзсіз.

• Теңіздердің бірбіріне араласпауы

Зерттеушілердің теңіз суының ерекше қасиетіне байланысты соңғы ғасырда ашқан жаңалықтарының бірі Құранның «Рахман» сүресінде былайша баяндалады:
«Алла Тағала екі теңізді ағызды, олар бір-бірімен қабысады, бірақ араларында перде болғандықтан бір-бірімен араласпайды».

Иә, бір-бірімен қабысып жатса да, сулары араласпайтын теңіздердің жоғарғы аятта айтылған ерекшелігі жақында ғана мұхит зерттеушілері тарапынан Жерорта теңізі мен Атлант мұхитының қабысқан жерінен табылды. Ғасырлар бойы бір-бірімен түйісіп тұрған теңіз суларының тығыздықтарының әр түрлі болуы – екі теңіздің суларын бір-біріне араластырмай, ортада көрінбейтін бір қабырға бардай боп тұрады.
Шынымен-ақ, физика ғылымы, су асты зерттеулері, тығыздық өлшемі сияқты нәрселер әлі адамның үш ұйықтаса түсіне кірмеген дәуірде Құранның бұл ғылыми ақиқатты дөп басып баяндауы ойланған адамға көп нәрсенің бетін ашары сөзсіз.

• Биікке көтерілген сайын кеуденің қысылуы

Адам баласының өмір сүруі үшін оттегінің қаншалықты маңызды екені айтпаса да белгілі. Біздің дем алуымыз – ауадағы оттегінің өкпемізге кіруін қамтамасыз етеді. Ал, биіктеген сайын жер шарының атмосферасы жұқара түсетіндіктен, атмосфераның қысымы мен қан айналымына түсетін оттегінің мөлшері азая береді. Яғни, дем алу қиындай түседі де, өкпе қысылады. Белгілі бір биіктіктен кейін адам баласы дем ала алмайды. Теңіз деңгейінен 50 007 500 метр биіктіктегі адам дем алудың қиындығынан талып та қалады. Жоғарыға көтерілген сайын оттегінің азая түсетінін қазіргі ғылым соңғы ғасырларда тауып отырса, Құран 1400 жыл бұрын былай деп дөп басып айтып кеткен: «Алла кімді тура жолға салғысы келсе, оның көкірегін Исламға ашады. Ал, кімді адастырғысы келсе, оның көкірегін бейне бір көкке көтеріліп бара жатқандай қысады».

• Жаңбырдағы өлшемділік

Құран Кәрімде жаңбырдың белгілі бір мөлшерде жауатыны туралы былай делінген:
«Алла Тағала көктен белгілі бір мөлшермен су жіберуде. Біз онымен өлі бір өлкеге жан беріп, құлпырттық. Міне, сендер де осылай қайта тірілесіңдер».
Жаңбырға байланысты айтылған бұл мөлшер де технология мен ғылымның дамыған біздің заманымызда табылып отыр. Зерттеулердің нәтижесі бойынша, жер бетінен секундына 16 миллион тонна су буланып ауаға көтеріледі. Бұл мөлшер жылына 505 триллионды құрайды. Дәл осы мөлшер – бір жылда жер бетіне жауатын жаңбырдың да мөлшері екендігі таңдандырады. Яғни, су әрдайым белгілі бір тепе-теңдікте айналып тұрады. Егер бұл тепе-теңдікте өзгеріс туа қалса, әлемде үлкен экологиялық ауытқулар белең алып, тіршіліктің тоқтауына әкеліп соғу да бек мүмкін.
Жаңбырдағы мұндай аса бір шебер өлшем тек оның мөлшерінде ғана емес, сонымен қатар жерге түсу жылдамдығында да байқалады. Жаңбыр бұлттары ең аз дегенде 1200 метр биіктікте болады. Егер де үлкендігі мен салмағы жаңбыр тамшысындай бір зат мұндай биіктіктен құласа, жерге 558 км/сағ жылдамдықпен келіп түсер еді. Алайда, жаңбыр тамшыларының ерекше формасы бұған мұрсат бермейді. Жаңбыр бұлттары – қандай биіктікте болса да, тамшылардың жер бетіне түсетін жылдамдығы орташа алғанда 810 км/сағтан аспайды.

• Атақты батыс-шығыс ғалымдарының Құранға таңғалып, оның Иләһи кітап екендігін мойындап, растауы – ойланғанға ғибрат. Мысалға, C.Харт  Құранның Алла тарапынан Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) уахи арқылы жіберілгендігін, Жан Поуль Роул Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ең үлкен мұғжизасының періште арқылы жіберілген Құран Кәрім екендігін, Виктор Имбердес Құранның бүтін заң негіздеріне қайнар көзі бола алатындай бай кітап екендігін, Доктор М. Букайле Құранның көптеген ғылыми жетістіктердің негізін қамтығандығын толық зерттеп және ондағы басқа да ақиқаттарға тәнті болып, мұсылман болғандығын, Родвел Құранды оқыған сайын таңғалатындығын айтса, Гете Бұл кітап (Құран) мәңгілік қуат­-күштің қайнар көзі болып қала бермек, Капитан Кусто «Қазіргі ғылымды он төрт ғасыр артқа тастаған Құранға ант етейін, ол – Алланың хақ сөзі» деген. Абай атамыз: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас», – деп Құранның хақ екендігін білдірген.

С.Тілләбек,
Шымкент қаласының дін істер басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог маманы.