Вакцина алудың маңызы

0
822

Ислам дінінде адамның өмірі мен денсаулығынан асқан құндылық жоқ. Сондықтан әрбір адам өз денсаулығына аса мән беруі қажет. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты», — деген. Сондай-ақ, ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір бәдәуи: «Уа, Алланың Елшісі! Науқастансақ, емделейік пе?» – деп сұрағанында, Ол (с.а.у.): «Әрине. Ей, Алланың құлдары, ауырсаңдар, емделіңдер! Кәріліктен басқа барлық ауруға ем бар», – деп емделу керектігін айтқан.

Жер шарындағы бар халықты жайлаған табиғи оспаның көзі алғаш рет тек 1978 жылы вакциналау көмегімен жойылды. Ал, 2002 жылы әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда полиомиелиттi жою жұмыстары кең етек алды. Айта кетелік, ең соңғы рет полиомиелит елімізде 1995 жылы тіркелді. Осылайша вакцинаны халыққа түгелдей егудің арқасында біз адам өміріне айтарлықтай қауіп төндіретін көптеген ауруларды ұмыта бастадық. Кейбір ата-аналар бұл аурулар жайлы мүлде хабарсыз. Аталған шаралар тұтас бір халықты полиомиелит, қызылша, қызамық, дифтерия, тырысқақ, көксау, туберкулез, «В» гепатиті, эпидемиялық паротит сияқты инфекциялардан қорғайтын ең тиімді тәсіл. Вакциналаудың көмегімен түрлі инфекциялардан болатын ауруларды барынша қысқартуға, тіпті көзін түгелдей жоюға да болады.

Вакцина алуға қарсы үгіттеу еліміздің кейбір аймақтарында әлі де тіркелуде. Ол халық денсаулығына үлкен зиян келтіруде. Мысалы, ТМД елдерінде 90-жылдары дифтерия сырқаты өршіген. Қазақстанда дифтерияның өршуі 1995 жылы тіркелді, онда республикада бір жылда дифтериямен 1 105 адам сырқаттанып, оның 66-сы қайтыс болды. Өршу жағдайы халықты вакциналау арқылы ғана тоқтатылды.

Вакциналау арқылы бүгінгі таңда 20-дан аса жұқпалы аурулардың алдын алуға болады. Оның барлығы Ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілген және оларды тегін алуда. Бірақ соңғы жылдары қоғамда вакцина егу мәселесіне теріс қарайтындар (әсіресе, діни ағымдар жетегінде жүргендер арасында), тіпті оған қарсы пікір айтатындар пайда болды. Оның тиімділігін теріске шығарып, қауіпті індетке қарсы вакцина салдырмаудың салдарынан кей аймақтарда қауіпті инфекция ауруына шалдыққандар қатары күрт артып кетіп жатыр. Оның соңы өлім-жетімді өршітіп жатқаны өкінішті. Қазір ковидке қарсы ем-шаралар арасында вакциналау ісі алдыңғы орында тұр. Біраз мемлекеттерде (АҚШ-та, Англияда, Ресей Федерациясында, Қытайда, Израильда, Германияда және т.б.) COVID-19 қарсы егу шараларына алғашқылар қатарында бастап, қарқынды жүргізуде. Біздің елде де қасіреті мол аурудан қорғау мақсатында халықты жалпы вакциналау кең қарқын алуда. Әдетте вакцина дайындау технологиясы мен өндірісіне 3-5 жыл керек, себебі вакциналар көптеген тестілерден өтеді және келесі тест алдынғы тесті нәтижелі болған жағдайда әрі қарай тестіленуі жалғастырылады. Бірақ қазіргі өмір талабына сай, ковидке қарсы екпе ауадай қажет болып тұрған сәтте, ғалымдар уақытпен санаспай, оның дайындау мезгілін барынша қысқартып, қысқа уақытта қолдануға берді.

Вакцина алу ең алдымен өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін қажет. Одан кейін отбасымыздың, үшіншіден, қоғамның қауіпсіздігі, маңайымыздағы әріптестеріміз, ағайын-тума, дос-жарандардың індетке шалдықпауы үшін екпе алудың маңызы зор.

Қ. Ахметжанұлы,
Шымкент қаласының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог маманы