БҚО: Ұлттық болмысқа мән беру қажет

0
597

Батыс Қазақстан облысының бас имамы Бақытжан Сабырәлиев жұмыс сапарымен Казталов ауданында болды. Бас имам жұмыс сапарын жергілікті атқарушы билік өкілдерімен кездесуден бастады.

Басқосуға аудан әкімінің орынбасары Қадер Нұрғалиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева, Казталов аудандық мешітінің бас имамы Жандосбек Құсайынов, Жалпақтал ауылдық мешітінің бас имамы Тілек қажы Нұралиев қатысты. Айша Әбішева ауданның тарихын баяндап, діни бағыттағы түсіндіру жұмыстарының жүргізілу барысына тоқталды. 

Жиында Бақытжан Құралбайұлы діни бағытта ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу және имамдардың жұмысын назарға алу мақсатындағы жоспарлармен бөлісті. Имамның сөзінше, 2022 жылдан бастап имамдардың жұмыс жоспары бекітіледі. Бұл дін саласындағы кейбір мәселені оңтайландыруға сеп болмақ.

Сондай-ақ бас имам «Nur Otan» партиясы Казталов аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық бөлімдер мен мекеме басшылары және терроризмге қарсы комиссия мүшелерімен кездесті. Кездесу барысында бас имам жат ағымдармен күресте ескеру керек негізгі тетіктерге тоқтала отырып, ақпараттық түсіндіру жұмыстарды жүргізу барысында ұлттық болмысымызды назарға алу керектігін атап өтті.

«Қазіргі жастар Шығанақ Берсиев пен Ыбырай Жақаевтың кім екенін білмейді. Бұл – жас буынның емес, біздің қателігіміз. Біз діни ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізген уақытта ұлттық тәрбие мен құндылықты насихаттай білсек, ұрпағымыздың да сауаты артатыны кәміл. Сондықтан түсіндіру жұмысын жүргізерде тарихымыз бен әдебиетімізді, оның ішінде жергілікті өңірдің тарихын, мәдениетін басшылыққа алсақ, нұр үстіне нұр болар еді» деді бас имам.

Одан ары Бақытжан Құралбайұлы Казталов аудандық мешітінің жамағатымен кездесу өткізіп, уағыз-насихат айтты. Сонымен қатар білім беру ұйымдарындағы «Дінтану» пәні мұғалімдерімен кездесіп, оқу барысындағы негізгі критерийлерге тоқталды.

Облыстың бас имамымен өткен кездесулер барысында дін саласына қатысты түйткілді мәселелер талқыланып, көкейдегі сұрақтарға жауап алынды.