Білімсіздік – экстремизмге бастайтын жол

0
2345

Дін – қай кезде болмасын өзектілігін жоймаған тақырып. Себебі ойлануға қабілетті кез келген адам баласы өмірінің белгілі бір этаптарында өзіне «Мен қайдан келдім?», «Не үшін келдім?», «Қайда барамын?» деген сияқты рухани сұрақтарды қоя бастайды. Яғни адам баласының биологиялық тұрғыда қарны ашқаны секілді рухани да қарны ашады. Демек жоғарыда біз келтірген сұрақтарда тұрған ешқандай проблема жоқ. Адамның өзін-өзі іздеп, рухани кеңістігін толтыруға деген талпынысы қалыпты жайт. Ал проблема неде? Проблема  — кейбір азаматтарымыз сол рухани сұрақтарының жауабын жат ағымдардан тауып, солардың жетегінде кетуінде.

Теріс ағымның ықпалына әр адам әрқилы жолдармен түсуі мүмкін. Алайда басым бөлігінде кездесетін ортақ бір белгі білімісіздік екенін осы салада жүрген кез келген дінтанушы мамандар растай алады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін танымал теолог Асқар Сабдиннің сұхбатынан үзінді келтірсек: «Бұл салада түрлі-түрлі жағдайларға куә болып қана қоймай, оларға ақиқатты нақты дәлелмен түсіндіруге барынша күш салудамыз. Мәселен, бір даишиге (ДАИШ немесе ИШИМ содырларының қатарында болған) бүгінгі таңда әлем қауымдастығының бас ауыртарлық мәселесі болып тұр. Аз ғана уақыт ішінде күшейіп кеткен ИШИМ терроршыларына діни білім туралы айтсам, ол маған «Халид ибн әл-Уалид үш ақ сүре білген» — деп білімнен көрі сахаба Халидтің қылышы керек екендігін айтқысы келді. Бұл мысал ол азаматтың діни надандықты ақтау әдісі екенін түсіндім». Сөзінің жалғасында А. Сабдин сахаба Халид Құранды көп білмеуін бір мақтаныш, жетістік немесе надандықты ақтау мақсатында емес, керісінше өкінішін, кемшілігін және үзірін білдіру үшін айтылған сөз екендігін түсіндіріп өтеді. Біз бұдан деструктивті діни ағым өкілдерінің тек қана білімсіз емес, тіпті сол білімсіздігін ақтауға тырысатындығын байқаймыз. Бұл қауіпті тенденция. Сондықтан да сала мамандары теріс ағым өкілдерінің барынша білім деңгейін көтеріп, критикалық ойлау жүйесін дамытуға күш салуы қажет.

Білімді негізінен екі топқа бөліп қарастыруға болады. Рухани және зайырлы деп. Құстың екі қанаты секілді білімнің бұл екі бағыты тең дәрежеде дамуына қатты назар аударған жөн. Зайырлы білімнен адамның мейлінше хабары болған сайын дүниетанымы молая түседі. Сыни ойлау қабілеті ұшталады. Күмәнді идеологиядан бас тартуға қауқары жететін көзі ашық, көкірегі ояу азаматқа айналады.

Ал рухани білімді яғни діни білімді қалыптастыруда аса сақ болған жөн. Себебі адамның логикалық ойлау жүйесіне шектеу қойып, айтқанынан шығармай, айдағанға көнетін идеологияны бойына сіңірген адамды райынан қайтару өте қиын болмақ. Сондықтан да діни білімді тек дәстүрлі бағыттағы мамандардан алу аса маңызды. Қазіргі таңда елімізде азаматтардың бұл сұранысын толықтай қанағаттандыратын оқу орындары да баршылық. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 9 медреседен бөлек жоғары білім беретін Алматы қаласында Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университеті бар. Қарапайым халық үшін еліміздің әр өңіріндегі 3 мыңнан астам мешітте бастапқы діни білімді қалыптастыруға қабілетті білікті мамандар бар.

Рухани білім тек діни бағытпен шектелмеуі керек. Осы тұста өзіміздің әдебиетімізді, мәдениетімізді, тарихымызды, салт-дәстүрімізді білудің маңыздылығы орасан зор. Мәселен, әдебиетімізді ашсаңыз, дін жайлы жазған ақын-жырауларымыз жетерлік. Оның барлығын бір мақалаға сыйдыру мүмкін де емес. Сондықтан жазба әдебиетімізнің негізін қалаушы, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңін бір шумақ өлеңді мысалға келтірсек болады. 
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.

Абай атамыздың дін жайлы қалам тербеген көлемді өлеңіннің дәл осы бір ғана шумағының тұла бойы тұжырым десек те болады. Абай алдымен адамзатты махаббатпен жаратқан Алланы сүюге шақырады. Екінші, адамзатты сүй дейді. Яғни адамның ұлтына, түріне, дініне қарамай жақсы көруге шақырады. «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде оанан басқа» деп келетін бас ақынымыздың басқа бір шумағы ойымызды онан сайын қуаттай түссе керек. Адамның жүрегіне махаббат, мейірім мықтап орнаған кезде оның террорист болуы әсте мүмкін емес. Үшінші бөлік – әділетті сүю. Яғни өзіңе қалағанды өзгеге қалау. Абай ұсынған дәл осы үш сүюді еліміздің әрбір азаматына мықтап түсіндіре алсақ, діни теріс ағымдардың идеологияларына таптырмас иммунитет болады деп ойлаймын.

Ал мәдениетіміз, тарихымыз, салт-дәстүріміздің дінмен тамырлас екені бесенеден белгілі. Ислам діні қазақ жеріне сонау сегізінші ғасырдан бастап ене бастады. Ал қазақ хандығының құрылған тұсы XV ғасыр. VIII-XIV ғасыр аралығында да біздің жерімізді мекен еткен Қарлұқ, Қараханит, Хорезм шах, Алтын Орда секілді ірі мемлекеттер де Ислам дінін өзіне бағыт-бағдар ретінде ұстанған. Сәйкесінше біздің әдет-ғұрып, салт-дәстүріміз Ислам дінімен біте қайнасып кетті. Бала туылғаннан бастап құлағына азан шақырып ат қоюдан жаназа намазға дейін дінмен байланысты. Сондықтан да біз өзіміздің тарихымызға ден қойып, салт-дәстүрімізді жетік меңгерген кезде ешқандай радикалдық идеология қосылмаған дәстүрлі дінімізді де жетік меңгереміз және кез келген теріс бағыттағы діни идеологияның ақпарттық тасқынына төтеп бере аламыз.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы
Исатай Батыр