Абай Құнанбайұлының діни-рухани мазмұнындағы өлендерін талдаудың кейбір ерекшеліктері

0
1307

Аталмыш мақалада Абай Құнанбайұлының діни-рухани мазмұнындағы өлендерін талдаудың кейбір ерекшеліктері зерделенеді.
Абай Құнанбайұлы 1897 жылы өзінің діни-рухани философиялық бір өлеңінде:
«Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі хаққа жол емес.

Дененің барша қуаты
Өнерге салар бар күшін.
Жүректің ақыл суаты,
Махаббат қылса тәңірі үшін.

Ақылға сыймас ол алла,
Тағрипқа тілім қысқа аһ!
Барлығына шүбәсіз,
Неге мәужүт ол қуа.

Ақыл мен хауас барлығын
Білмейдүр, жүрек сезедүр.
Мұтәкәллимин, мантикин
Бекер босқа езедүр» [1] деп жазған болатын.
Аталмыш өлеңнің бірінші шумағын зерделеуден бастаймыз. Бұл шумақтың мағынасына қарай отырып, оның түсіндірмесін мына бір мақала мазмұнынан байқауға болады. Белгілі исламтанушы Б. Мансұров өзінің мақаласында «Әрбір мұсылман үшін Аллаға деген иман және оның шынайы болуы ең басты мәселе. Өйткені осы иманымыз арқылы біз екі дүние бақытына қол жеткіземіз. Сондықтан ең әуелі «иман» сөзінің мағынасын талдап алсақ. Иман – «сену, растау» деген ұғымды білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағала тарапынан жеткізген үкімдер мен тыйымдарды жүрекпен растап, қабыл ету деген сөз. Құранда Алла Тағала былай дейді: «Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүміндер де оған иман келтірді» («Бақара» сүресі, 285-аят)» [2] деп жазды. Бұл түсіндірмеден нақтырақ анықталғандай, иман бірінші кезекте тілмен айтылады әрі оны жүрек қолдауы тиіс. Демек, Абай Құнанбайұлы «Алла деген сөз жеңіл. Аллаға ауыз қол емес» деген кезде сол аят пен тиісті хадисті назарға алып жазған дегіміз келеді. Себебі: біріншіден, иман келтіру тек қана бір немесе бірнеше сөздермен айту жеткіліксіз екендігін ақиданың (исламның сенім туралы ғылымы) негіздері дәлелдейді; екіншіден, ислам дінінің (ислам құқығы) негізгі қайнар көздерінен (Құран Кәрім мен хадистер жиынтығынан) белгілі болғандай, мұнафиқтар (яғни сол екі жүзді сұрқиялар «Алла» деп тек тілмен ғана айтады, алайда олардың жүректері оған шынайы сенбейді) жайлы сипаттама жазылған; үшіншіден, адамның иманы шынайы әрі толыққанды болуы үшін тілмен ықрар (сол тілмен қарар беру) берген нәрсесін жүрекпен нақ қолдау әрі растау арқылы бекітіледі. Сондықтан Абай атамыз «Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі хаққа жол емес» деп түйіндеп түсіндірмені берген деп санаймыз. Қорыта айтқанда, автор иманның шарттарын қазақ тілінде өлең түрінде жазған деп білеміз. Бұл ретте, ол «иман дегеніміз не»? деген сұраққа жауапты өлең шумағымен дәл түсіндіре білген деп есептейміз.

Абай Құнанбайұлы осы жазған өлеңнің жалғасында:
«Дененің барша қуаты
Өнерге салар бар күшін.
Жүректің ақыл суаты,
Махаббат қылса тәңірі үшін» [1] деп жазған өлең шумағында адамның денесі (яғни теңізде (өмірде) кемені (денені) басқарғаны сияқты) жеке барша қайрат-жігерін (ыждаһат) жинақтап салиқалы амалдарды жасайды. Бұл ретте жүрек (адам денесінің (кеменің) моторы) теңізге құятын көл (иман бастауы) тәріздес болса, ал енді ақыл болса сол көлдің жағасында салынған суат (діни-рухани әрі имани ой-пікірмен жеке келіп дамылдайтын, жеке өзінің иман байлығын жинап тасымалдауға арналған айлақ секілді) деуге болады. Ендеше адамның иманы адамның негізгі болмысы (ақыл мен жан, жүрек) болатын жүргізуші денені (яғни тәнді, ауыспалы мағынада айтар болсақ, машинаны) басқару тетіктерін (бұл ретте әлеуметтік нормалары, яғни діни-рухани, этика, мораль, саяси, құқық нормаларын орындау, сақтау және рұқсат берілген нормаларды заңды (өзге адамдардың құқықтарын бұзбайтындай) пайдалану арқылы Тәңір үшін махаббаты (сүйіспеншілік, өзара құрмет, түсіністікпен қарау, қателіктер жасаса да, тіпті жеке дұшпандық жасаса да мүмкіндігінше пендешілік жағымсыз іс-әрекеттерден аулақ болуға) болуы тиіс.

Абай Құнанбайұлы келесі шумақта «Ақылға сыймас ол алла, Тағрипқа тілім қысқа аһ!» деген кезде мынадай ой-пікірді айтты деп білеміз. Бұл автор Жаратушысын тек ақылмен (ақылмен қол жеткізілетін білімдер) ғана тану жеткілікті болмайды, оған ынталы жүрек (ішкі рухани қалыптастыру ілімі), шын көңіл (өз өзін ынтыландыру, мотивация) сезу мен байқау керек екендігін алға тартады. Осы орайда «тағриф» деген араб сөзі «анықтама», «түсіндіру», «түсініктеме беру» деген мағыналарды білдіреді. Демек, тілмен жеткізу оңай шаруа емес, ол жағдайды тек жүректің көзінің (осы ретте «Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі. Іштегі кірді кетірсе, Адамның хикмет кеудесі» деген өлеңімен байланысы бар) тазалануы, ашылуы арқылы бірінші өзін түсініп, содан кейін өзгелерге түсіндіруін мүмкін деген тұжырымға келді деп айтуға болады. Сол өлең шумағының жалғасында «Барлығына шүбәсіз, Неге мәужүт ол қуа» деп жазған. Абай атамыз осы тұста адамның ақылы мен тілі барша білімді алуға толыққанды жеткілікті негіз мен құрал болмаса да, Жаратушының берген сол нығметіне (өмір, ақыл, бес сезім мүшелері, жан, дене және т.б.) шүкіршілік айта отырып, ол Алланың бар болуы (яғни араб тілінде «мәужүт» бар болған деген мағынаны білдіреді) тек өзіне тән зати сипаттарынан (алты сипаттарының біріншісі «әл-Ужуд» делінген зати сипаты болып табылады) деп ой білдіруі қажет деп түйіндейді.

Абай Құнанбайұлы сараланып жатқан өлеңнің әрі қарай жалғасында «Ақыл мен хауас барлығын Білмейдүр, жүрек сезедүр» деп қисынды ой пікір қорытқан. Яғни адамның ақылы мен хауасы (араб тілінде «хауас» деген кезде адамның бес сезім мүшелері түсініледі) әлемдегі барлық нәрселер туралы біле бермейді, алайда жүрек (яғни ішкі рухани қалыптасудың (басталған, қалыптасқан және шарықтаған деңгейіне) жоғары деңгейлеріне жеткен адам) сезеді деген қорытынды жасаған. Ал енді Абай атамыз талқыланып жатқан өлеңнің соңғы шумағын «Мұтәкәллимин, мантикин. Бекер босқа езедүр» деп аяқтаған. Араб тілінде «мутәкәлламин» деп кәлам ілімін философия (жалпы философия салаларын) және ақида (ислам дінінің сенім жайлы арнайы) ілімін зерттеушілерді айтады. Ал енді «мантиқин» деп философияның бір саласы болып табылатын логика (қисын) ілімін зерттеушілерді атайды. Автор адам ақылы (өлшем, таразы, сүзгі, жолбастаушы, жауап беруші) мен хауасы (бес сезім мүшелері, яғни көру, есту, терімен сезу, иіскеу және дәмін сезу) барлық әлемді біліп тануға күші жете бермейді, дегенмен сол жүрек (яғни илһам – жүрекке құйылған илаһи ілім) сезеді делінген ой тоқтам жасайды. Бұл ретте белгілі исламтанушы Мұхан Исахан «Діни әдебиеттерде кейде «илхамның» орнына «хауатир» (жүрекке құйылған илаһи ілім), «парасат» (зеректік), «тажалли (илаһи шағылыс), «кашиф» (сырлардың ашылуы), «хадс» (мәліметтің дәнекерсіз білінуі), уарид» (жүрекке тосыннан келген хабар) секілді терминдер қолданылады. Бірақ, діни әдебиеттерде бұл терминдердің әрқайсын қолданудың өзіндік орны мен реті бар. Мұндай илаһи хабарларды көбінде «илхам» деп атайды. Оған түс, аян, шабыттануды жатқызамыз» [3] деген түсіндірмесі бұл сұраққа жауап береді деп есептейміз. Демек, автор «илһам» деген ілім бар екендігін, бірақ оған барлық адамдар жете бермейді, сол себептен философия мен логика және кәлам ілімінің зерттеушілер жеке субъективтік пікірмен (яғни объективтік ілім негіздерінен) ауытқып, шектен шықпау керек деген қорытынды тұжырымды жасаймыз.

Сонымен, Абай Құнанбайұлы жоғарыда сараланған өлең шумақтарын діннің, философия, логика, кәлам және қажетті ілімдердің негіздерін басты назарға ала отырып, осындай терең ойлы, ғибратты, танымдық өлең ретінде жазған деп санаймыз. Демек, автор сол өлең шумақтарында «иман» ұғымына ақида іліміндегі анықтаманы түсіндірген, адамның тұла бойына иманның негіздерін орнықтыру негіздері мен әдіс-тәсілдерін көрсеткен, сонымен қатар адамның қандай нәрселерге мән беру керектігін, тіпті қандай нәрселерден сақтану қажеттілігі жайлы ескертпе берген деп қорытындылаймыз. 

Пайдаланылған әдебиеттер

  1.  Абай Құнанбайұлы. «Алла деген сөз жеңіл». 1897-ші жыл //abaialemi.kz/kz/post/view?id=330. 
  2. Мансұров Б. Иман мен амал. 29.05.2017//https://www.muftyat.kz/kk/nasihat/zhuma-minberi/2017-05-29/21931-iman-men-amal.
  3. Мұхан Исахан. Илхам – шариғи дәлел бола ала ма?. 31.03.2020//https://kazislam.kz/ilham-shari-i-d-lel-bola-ala-ma.

Бекбосынов Ермек Төленұлы
М.Әуезов атындағы ОҚМУ «Заң» факультеті «Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу» кафедрасының доценті, Ph.D., заңгер, Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, исламтанушы