Керағар діни ағымдардың салдары

0
2624

Дін – қоғамның ең қажетті және негізгі тармағы болып табылады. Өзіміздің күнделікті өмірімізден дінді бөліп қарау мүмкін емес. Себебі, дін — имандылықтың, төзімділіктің, парасаттылықтың, сыпайылықтың, көпшілдіктің, әділдіктің кепілі. Сол себепті еліміздің егемен ел болып қалыптасуында, өсуінде, өркендеуінде діннің алатын орны ерекше. Бүгінде еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде діннің игілікті рөлі артуда. Дінге сенушілер мен діни бірлестіктердің саны тұрақты өсуде.

Бүгінгі таңда қазақ жерінде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Мемлекетіміз конфессияаралық, дінаралық алуандығымен ерекшеленетін әлемдегі азын-аулақ елдердің қатарына кіреді. Еліміздің  конфессияаралық келісім мен үнқатысудағы құнды тәжірибесі әлем назарына ілігіп отыр. Олардың бәрін ортақ мүдде мен бір мақсат біріктіріп,  топтастырып, ауыз біршілігін нығайта түсуде. Алайда, еліміздегі осыншалықты тындырымды тірліктерімізге сына қағуға тырысып, түрлі іс-әрекеттерімен жұртшылықты, соның ішінде жастар өкілдерін адастырып жүрген кереғар діни ағымдардың да бар екенін айта кетуге.

Бүгінгі таңдағы жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен теріс бағыттағы діни ағымдар- қоғамымыздағы үлкен мәселелердің бірі болып отыр. Теріс пиғылды бұл діни ағымдар қоғам тұтастығын бұзып, азаматтарымызға әсіресе жастарымызға ерекше әсер етіп, оларды теріс жолға салумен келеді. Түрлі теріс бағыттағы көзақарстарға еріп кету кесірінен көптеген отбасылардың ажырасуы, отбасы институтына кері әсер етіп, еліміздің бейбіт өміріне қауіп төндіруде. Олар — дінімізді бұрмалап әртүрлі жаңалықтарды енгізіп, дінімізден, мәдениетімізден, ділімізден, тілімізден, қазақты қазақ етіп көрсететін салт-дәстүрімізден, ұлттық құндылықтарымыздан айырып, халық арасында араздық, тасбауырлық тудырып, ынтымағынан, бірлігінен айырып, ұмыттырғысы келеді.

Бұл теріс пиғылды діни топтар көздегеніне жету үшін онымен қоса қатарын жаңа мүшелермен толықтыру үшін өзінің шынайы мақсатын жасыруларына тура келеді. Осы себепті керағар діни ағым өкілдері өз идеологиясын таратуда бұрмаланған әр түрлі діни тіркестерді пайдалана отырып, өздерінің ақиқат жолында, тура жолда екенін көрсеткісі келеді. Теріс бағыттағы радикалды ұйымдардың жасап жатқан әрекеттері мен көзқарастары дәстүрлі әлемдік діндердің ұстанымдары мен қағидаларына толығымен қайшы келеді. Былай қарайтын болсақ, бұл ұйымдардың әрекеттерін дінге, дінді ұстанущы қауымына және жалпы адамзатқа қарсы жүргізіліп жатқан қылмыс ретінде бағалауға болады. Бейбітшілік пен адамгершілікке шақыратын шынайы діни сенім адамдарға зұлымдық көрсетуге, жан иесін өлтіруге жол бермейді. Бұл қағидаттар киелі кітаптарда тайға таңба басқандай жазылған.

Адасқан радикалды діни ағымдардың жетегінде кетуінің  себептері ретінде: дәстүрлі діні, мәдениеті, тарихы және салт-дәстүрлері жайлы жеткілікті білімдерінің болмауын айтуға болады. Мұндай керағар ағымдардың идеологиясына қарсы тұра білу үшін жастарымыздың бойына қазақ халқының ежелден қалыптасқан ата — баба дінімізді салт дәстүрімізді санасына сіңіре отыра тәрбиелеу керек.

Дәстүрлі асыл дініміздің рухани құндылықтары ұлтымыздың болашағын құруда ықпал етуші маңызды фактор болып табылады. Қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен руханияты, өмірлік ұстанымдары мен салт-дәстүрлері, ойлары мен көзқарасы, дүниетанымы осы діннің құндылықтарымен сабақтаса қалыптасты. Сол себепті сырттан келген деструктивті діни ағымдардың идеологиясына төтеп беретін тиімді жолдардың бірі – Елбасымыздың : «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсетілгендей ұлттық кодты, ұлттық құндылықтарды, елдік мақсат пен мемлекеттің ұлттық құрылымын, қазақ елінің тарихи мұраларын жаңғырту болып табылады.

Еліміздің тарихын, қазақ халқының дәстүрлі құндылықтарын бойына сіңірген ислам дінінің өзіндік даму жолы бар. Бұл дәстүрлер  қазақ халқының ұлттық біртұтастығының белгісі болып табылады. Бүгінгі қоғам жастары  өздерінің мәдениетін, тілін, дәстүрін сақтауы керек. Бұл дегеніміз – рухани негізді игерудегі бүгінгі жаһандану заманында мәдениеттің құлдырауынан сақтайтын, сан түрлі сипаттағы деструктивті ағымдарға қарсы тұруды қалыптастыратын қорған болып табылады.

Ақпараттық түсіндірме тобының мүшесі, 
дінтанушы Кундебай Нұржан