НАИБ МҮФТИ «ХАЛАЛ ДАМУ» ЖИЫНЫН ӨТКІЗДІ

0
624

Бүгін ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлының қатысуымен «Халал Даму» мамандарының кезекті онлайн жиыны өтті. Басқосуға «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы, ұжым мамандары мен жергілікті өкілдер қатысты.

«Діни басқарманың айрықша ден қойған саласы – халал. Халал ұғымы діни мәселе болғандықтан, бұл жұмыспен ҚМДБ айналысқаны жөн. ҚМДБ стандарттау және сертификаттау жұмысын жүргізуде басқа ұйымдарға бәсекелестікті емес, шариғат талаптарының толық орындалуын көздейді және халал өнімдеріне қатысты туындаған мәселелерді шариғат талаптарына сай жүйелеу – басты міндеттердің бірі. Халал сертификат беруде бәсеке емес, шариғат талабын орындау аса маңызды» деді Ершат Ағыбайұлы.

Күн тәртібінде айлық тексеріс жұмыстарын жүйелі түрде өткізуді қадағалау, кәсіпорындарда санитарлық-эпидемиологиялық тазалық шараларын жақсарту, «Halal Guide» мобильді қосымшасымен таныстыру, әр өңірдегі ірі кәсіпорындарды «ҚМДБ халал» стандарты бойынша жұмыс жасауға шақыру мәселелері талқыланды.

«Біздің алар асуымыз, бағындырар белесіміз әлі алда. Бүгінгі жиынымыз да болашақтағы жоспарларымызды жүйелеп, бағдарымызды белгілеу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Бүгінгі күні 500-ге жуық кәсіпорын 28 бағыт бойынша сертификатталды. Біз үшін сан емес, сапа маңызды. Алайда, күнделікті қолданыстағы, халыққа қажетті халал өнімдер санын арттыруымыз қажет. Сол себепті өңіріңіздегі кәсіпорындар санын көбейтуге барынша ат салысуларыңызды сұраймын» деген Айбек Асқарбекұлы өңірлік өкілдерге маңызды тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар алдағы уақытта «Халал Даму» мамандары медицина және фармацевтика бағыты бойынша бес стандарт дайындалып жатқандығын жеткізді.