Ислам дінінің өзге діндермен байланысы

0
1294

Ислам дінінің бейбітшілік пен тыныштықты, дінаралық, ұлтаралық татулықты, рухани бірлігімізді, адам құқығының ғасырлар бойғы мұраларын сақтап, нығайтудағы игі әсері ұшан-теңіз. Өзге дін өкілдерімен қарым-қатынастың негізгі қағидаттары ислам шариғатының қайнар көздері – Құран мен сүннетке негізделген. Аталмыш қағидаттарға сүйене отырып, ислам пайда болғалы бері он төрт ғасырдың ішінде басқа діндермен бейбіт қарым-қатынас жасау жолға қойылған. Ислам діні туындаған кезден бастап өзінің географиялық орналасу аймағына сәйкес қатар қоныстанған иудейлермен, христиандармен және басқа да дін өкілдерімен қажетті байланыс орнатты. Құранда «Кітап иелері» деп аталған иудей және христиан діні өкілдерімен бейбіт қатар өмір сүрудің исламда орнықты дәстүрлері қалыптасқан. Ислам дінінің пайғамбары Мұхаммед (с.а.с) мұсылмандарға: «Кімде-кім Кітап иелерін жәбірлесе, ақыретте мен оның дұшпанымын»,– деп қатаң ескерткен. Құранда: «Іштеріңдегі зұлымдық істегендерден басқа кітап иелерімен ең көркем түрде (ғылыми, сыпайы) талас жүргізіңдер. Оларға: «Өзімізге түсірілгенге де, сендерге түсірілгенге де иман келтірдік. Сендердің Құдайларың да, біздің Құдайымыз да біреу-ақ. Біз соған ғана бойсұнушылармыз», – деп айтыңдар» («Анкабут» сүресі, 46-аят) деп көрсетілген. Өз заманында ислам дінінің пайғамбары Мұхаммед (с.а.с) өзге дін иелеріне де мейіріммен, қамқорлықпен қарай отырып, ортақ түсінік пен татулықты сақтауға күш салып, өзге дін иелерінің құқығын мұсылмандармен бірдей дәрежеде ұстады. Сол секілді, қазіргі таңдағы қазақ даласындағы ислам дініндегілердің өзге дінмен байланысы ешбір қысым көрместен, бейбіт қарым-қатынаста, ымыраластықта өмір сүріп жатыр десек қателескеніміз емес. Қазақстан өткен мен қазіргі уақыт сабақтастығын жүзеге асырып, көптеген ұлттардың басын қосып, терең тарихымен тамырлатып, өзге ұлт өкіліне өз елінің азаматы ретінде қарай білген, әр азаматтың дінін ұстануға мүмкіндік берген зайырлы мемлекет. Зайырлы мемлекет — азаматтардың дін ұстану еркіндігі мен діни бірлестіктердің мемлекеттен бөлінуін білдіреді. Діннің мемлекеттен бөлектігіне байланысты мемлекет дін істеріне араласпайды. Зайырлы мемлекеттегі барлық діндер тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылады.

Ислам тарихында пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.с) меккелік мүшріктермен арасындағы «Худайбия» атты келісім-шарты исламдағы дінаралық ынтымақтың бірегей үлгісі бола білді. Ол құжат бойынша: «Егер бір мүшрік исламды қабылдап, мұсылмандарға қосылса, меккеліктердің талабына сай мұсылмандар оны кері қайтаруға міндетті. Ал мұсылмандардың бірі Исламнан шығып, меккеліктерге қосылса, меккеліктер оны кері қайтаруға міндетті емес». Бұл келісімнен пайғамбардың басқа дінді ұстанушыларға, әділетсіздік көрсетпегендігі байқалады. Осы орайда кейбір мұсылман бауырларымыздың намаз оқымайтындарды кәпірге шығарып, тіпті, өз бауырларымен қарым-қатынасын үзіп жатқаны шариғи тұрғыдан да орынсыз екендігін аңғаруға болады.

Ислам дінінің пайғамбары Мұхаммед (с.а.с) өзге дін өкілдерінің ғибадат ғимараттарын қиратпауды, діндарларды өлтірмеуді, оларға қол жұмсамауды, алым-салық алмауды, мал-мүлкіне қол сұқпауды, өзге діндегілердің құдайларына тіл тигізбеуді өсиет еткен. Ислам дінінің пайғамбары Мұхаммед (с.а.с) тәлімін алған ізбасарлары да мұсылмандардың қол астына кірген елдерде осы ұстаныммен билік жүргізді.

Мұсылманның міндеті – өзге дін өкілін діннен үркіту емес, керісінше өз дінін шынайы түрде жеткізе білу. Бөгде діннің адамын зорлап немесе алдап дінге кіргізу – мұсылманның міндеті емес. Бұл шынайы Исламға жат нәрсе. Құран аяттарында айтылғандай «дінде зорлық жоқ». Сондықтан бейбітшілік орнатуға ат салысу – тек қана дінбасылары мен дін ғалымдарының ғана емес, әрбір мұсылманның міндеті. Исламның мейірімділік пен бейбітшілік діні болуы оның әлемге кең таралуына әсер етті.

Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлек болғанымен, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлек емес. «Зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екенін, діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетінін білдіреді. Мемлекет пен діннің арасында зайырлы әрі рухани құндылықтарға сүйенген жанды байланыстар орнаған. Зайырлы мемлекеттің маңызды сипаттарының бірі – діни сенімдері мен көзқарастары әр түрлі азаматтардың бейбіт қатар өмір сүруі. Яғни зайырлы мемлекет рухани саладағы көптүрлі қарым-қатынастың құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді.

Сөзімізді қорытындылай келе, исламдағы адам құқықтары мен адам құқықтарының бүкіләлемдік жарғысында келген құқықтарды салыстырар болсақ, ондағы адам баласының қажеттіліктерін толыққанды қамтығандығы мен теңдесіз құқықтармен қамтамасыз ету тұрғысынан айырмашылықтарды аңғарамыз. Ислам шариғаты мұсылман емес адамдарды көптеген жалпы құқықтарда мұсылмандармен тең қарауды бұйырады.

Гүлбану Қуандық
Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы