Заман талабы- дінаралық татулық

0
1600

Қазақстан Республикасындағы дін аясы бірқатар заңнамалық актілермен: Конституциямен, Азаматтық кодекспен, «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңмен, басқа да нормативтік құқықтық актілермен реттеледі. Қазақ жері тарихи жағдайлармен ұлы өркениеттердің — ислам, христиан, буддизм, конфуциандық өркениеттерінің өзара іс-қимыл орнына айналды. Біздің шексіз кең байтақ даламыз өзіне алуан түрлі өркениет пен мәдениетті сіңірді. Сондықтан қазіргі полиэтностық және поликонфессиялы Қазақстан — ғасырлар бойғы рухани және мәдени дәстүрлердің мұрагері. Қазақстанда түрлі конфессиялардың бейбіт қатар өмір сүруі үшін қажетті құқықтық және ұйымдық жағдайлар жасалған, конфессияаралық қатынастарды үндестіруге бағытталған бірыңғай мемлекеттік саясат қалыптасты. Қазақстан Республикасы өзін құқықтық, демократиялық және зайырлы мемлекет ретінде орнықтыра отырып, адамның дін бостандығы құқығының сақталуына үнемі көңіл бөліп отырады.

Қазіргі таңда, Қазақстанда 18 діни конфессия жұмыс істейді. Республикада олардың тұрақты диалог негізінде бейбіт қатар өмір сүруіне жағдай жасалған. Мемлекет бұл процесте бастамашылық жасайды және қолдайды. Қазақстанның тәуелсіз дамуы жылдарындағы алғашқы қадамдардың бірі қазақстандықтардың дін бостандығына кепілдік беретін діни бірлестіктер туралы Заңның қабылдануы болды. «Қазақстандағы адамның құқықтары: қоғамдық пікір» жобасы шеңберіндегі әлеуметтанушылық зерттеулердің мәліметтері азаматтардың діни наным мен дін бостандығы құқықтарының сақталуына респонденттердің 78,2% оң баға бергенін көрсетеді, бұл азаматтардың діни сенім бостандығының конституциялық құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттің қолданып жүрген шараларының дұрыстығын дәлелдейді.

Қазақстан Республикасының Елбасы  Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанда 2006  жылы өткен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 2 съезінде “Әлемдік дәстүрлі діни сенімдер өркениеттер диалогында байланыстырушы буын бола алады және қазіргі әлемдік тәртіптің тірегін бұзуға тырысқан радикал бірлестіктердің теріс ықпалынан қоғамды қорғай алады” деп мойындалды.

Қазақстан Республикасында діни ахуал тұрақты күйінде қалып отыр. Ойластырылған және мақсатты мемлекеттік  саясат  көпконфессиялы  қоғам  жағдайында  діни  тұрғыдағы  араздықты  болдырмауға мүмкіндік берді. Бұған қазақстан қоғамының төзімділік деңгейінің дәстүрлі жоғары болуы көп рөл атқарды. Сонымен қатар, осы салада ыждаћатты назар аударуды және мемлекеттің шешімін қажет ететін бірқатар проблемалық мәселелер бар. Өз қатарларына Қазақстан азаматтарын, әсіресе жастарды тартуға бағытталған дәстүрлі емес діни бірлестіктердің белсенді қызметі конфессияаралық қатынастардың белгілі бір шиеленісуін туғызуда. Олардың әлеуметтік қауіптілігі — өз мақсаттарын жариялай және іске асыра отырып, олар жеке адамның бостандығына қол сұғады, қоғамда қалыптасқан мәдени және рухани дәстүрлерді, сондай-ақ заңнаманың нормаларын ескермейді. Республикадағы конфессияаралық қатынастарды тұрақсыздандыру факторының бірі оларды тасушылар ретінде түрлі конфессиялық спектрлері бар жекелеген діни ұйымдар болады және  көбіне діни қабықты жамылған радикалды және экстремистік идеяларды тарату фактілері болуы мүмкін.

Қазақстан бүгінгі күнде қатер туғызатын діни экстремизм ұғымдарын тарату мен әр түрлі десруктивтік діни өкілдерінің жедел өсіп келе жатқандығымен нақты түрде кездесті. Көп конфессиялық Қазақстан үшін діни салада үрей тұғызу мемлекетіміздің болашағы үшін үлкен қорқыныш әкелуі мүмкін. Сол себепті тек қана мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның негізгі тапсырмасы — діни саладағы жанжал шығуы мүмкін деген факторларға көбірек көңіл бөліп оларды болдырмауға, конфессияаралық келісімді нығайту және сақтау болып табылады. Діни тұрғыда жанжалдың пайда болуының және діни экстремизмнің таралуының алдын алу мақсатында халықтың діни саладағы базалық білімін қалыптастыруда кешенді ақпараттық-ағарту жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде шаралар қолданылатын болады. Осындай жанжалдардың туындауының себебі адамның санасын баурап алуға  және азаматтарды теріс пиғылды  діни табынушылыққа  итермелеуге мүмкіндік беретін қазақстандықтардың негізгі бөлігінің діни сауаттылығының төмен деңгейі болып табылады. Сондықтан ақпараттық-ағарту жұмысы діни-экстремистік ағымдардың әлеуметке қарсы өзегін ашуға, азаматтарға теріс пиғылды діндер туралы ақпарат беруге, діни төзімділік мақсаттарының қалыптасуына бағытталуға тиіс. Осы бағытта тек қана айту арнасы емес, қоғамдық пікірді қалыптастырудың қуатты құралы болып табылатын бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуеті мол.

Сөзімізді қорытындылай келе, басқа халықтардың тарихи дәстүрлеріне деген кұрмет қана, өркениеттердің, діндер мен халықтардың қатынасындағы әділдік пен шынайылық қана келісім мен имандылық әлемін құруға қабілетті. Қазақстан өзінің нақтылы саясатында адамның ішкі бостандығы ғана конфессияаралық төзімділіктің шарты екенін басшылыққа алады. Ұлтаралық және дінаралық келісімнің бізде қалыптасқан үлгісі — Казақстанның әртүрлі конфессиялардың өзара іс-әрекет етуінің жалпы әлемдік үрдісіне қосқан үлесі. Бізді халықаралық ауқымда дәл осылай танығанын қалаймыз.

Ерболат Айнабек
Шымкент қаласының дін істері басқармасы 
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ маманы