БАС МҮФТИ «ҚАРАХАН» МЕН «ТЕКТҰРМАС» ТАРИХИ КЕШЕНДЕРІНЕ ЗИЯРАТ ЖАСАДЫ

0
609

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Жамбыл облысына сапарында Тараздағы сан ғасырлық тарихы бар «Қарахан» мен «Тектұрмас» кесенесіне арнайы зиярат етіп, бабалар рухына Құран бағыштады.

Бас мүфти ең алдымен XI ғасырдан бері сақталған сәулет өнерінің ерекше үлгісінде салынған Қарахан баба кесенесіне барды. Тарихи нысанмен танысып, баба рухына тағзым етіп, Құран аяттарын оқыды.

Кейін қала маңындағы Ежелгі Тараз қаласының төл тарихын толығымен бейнелейтін «Тектұрмас» этно-тарихи кешеніне келді. Тарихи кешен – Тараз өңіріндегі ортағасырлық түркі елдерінің қасиетті мекенін көрсететін, түркі тарихынан сыр шертетін орын. Мұнда Тектұрмас әулиеден бөлек, Абылай Ханның серігі болған Мәмбет батырдың да сүйегі жатыр. Бас мүфти ескі қорымдағы бабалар рухына Құран бағыштап, облыстың бас имамы Бейбіт Әліпбекұлымен бірге тарихи этно-тарихи кешенді аралап шықты.

Айта кетейік, «Тектұрмас» этно-тарихи кешені Талас өзенінің жоғарғы жағалауындағы таулы беткейдің 24 гектар аумағын алып жатыр.