Діннің мақсаты – дауласқанды үкімге, жауласқанды бітімге шақыру

0
875

Ислам діні татулықты, ауызбіршілікті діттейді. Сондықтан біздің де көздегеніміз – дінаралық, конфессияаралық татулықты нығайтуға өзіндік үлес қосу.

Алла тағала Құран Кәрімде: «Дін турасында сендермен соғыспаған әрі сендерді өз Отандарыңнан қуып шығармаған адамдарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділетті болуларыңа Алла тағала қарсы емес. Өйткені, Алла тағала әділеттілік жасағандарды жақсы көреді», – деген (Мумтахина сүресі, 7-аят).

Бұл аятта Алла тағала өзге дін өкілдерімен бейбіт ғұмыр кешуге, сондай-ақ мұсылмандардың оларға жақсылық әрі әділдік танытуларына рұқсат берген. Бұл ретте көпэтносты, көпдінді елімізде өзара келісім, руханият пен ынтымақтастықты нығайтудың маңызы зор.

Исламның өзге дәстүрлі діндерді әрі олардың пайғамбарлары мен кітаптарын мойындайтындығы әуел баста-ақ қасиетті Құранда айтылған. Бүгінгі жаһандану үдерісінің пәр­менділігі халықтардың тіршілігінде көптеген жаңа проблемалар туындатуда. Сондықтан оның шарттарына төтеп беріп, түр-келбетіміз бен әдет-ғұрпымызды, мәдениетіміз бен өнерімізді сақтап қалу үшін бізге осы ортада өмір сүрудің парасатты жолы қажет.

Ол үшін, алдымен, халықтар арасында бір-біріне деген сенімді нығайтып, әдет-ғұрпы мен салтын, діни сенімі мен өркениетіне түсіністікпен, құрметпен қарау керек. Адамзат баласының сана-сезімінің, көп жағдайда, техникалық үрдіске бағынды­рылған кезеңінде, адам мен Құдай тағала арасындағы және түрлі діндерді дәріптейтін діндарлар арасындағы өзара байланысы сөз болғанда адамға тән адамгершілік ізгі қасиеттердің естен шығарылмағаны абзал.

Бүгінде елімізде 130-дан аса этникалық топ, 18 конфессия өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп, 3700-ден астам діни бірлестік қызмет жасауда.

Мұсылмандар, христиандар және еврейлердің бас қосқаны, еліміздегі рухани келісімнің, тұрақтылықтың, түсіністіктің, сыйластықтың бар және бір-біріне қолдау көрсете алатынын көрсетеді.

Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қоғамдағы діни ахуалдың орталығы мен ұйытқысы болу жолында өзара түсіністікке жетелейтін есіктердің бірі болып келеді. Діни басқарма қазіргі күнде осы бағытта имамдар форумын өткізу, Дін істері басқармаларымен өзара қолтық жұмыс жасау, басқару тетіктерін жетілдіру, қоғамда жұмыс жүргізу және әртүрлі діни конфессиялармен меморандум бекітуде белсенділік танытуда.

Дін саласындағы уәкілетті орган болып табылатын Дін істері комитеті қоғамымызда дінаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту ісінде мемлекеттің салиқалы саясатын табысты іске асыруда. Сондықтан тараптардың бірлесіп жұмыстар жүргізуге ниеттестігі көрініс тапқан келісім жасасуы құптарлық іс болды. Мұны үлкен жетістік және қол жеткізілген оң белес деп ұғынғанымыз абзал.

Өздеріңізге белгілі, өткен жылы қыркүйек айында діни бірлестіктердің қатысуымен «Ашық есік күні» болғанын ерекше айтуға болады. ҚМДБ-ның Ақтөбе облыстық өкілдігі «Нұр Ғасыр» мешітіне жиналған әртүрлі діни конфессиялардың «ашық есік күнінде» бас қосып, мешітті экскурсия жасап, келген қонақтармен сұрақ-жауап алмасып тіл табыса білгеніміз Рухани келісім күнін көпшілігімізге одан тереңірек ұғындыруға септігін тигізіп отыр.

Ізгілік, рақым, мейірімділік секілді мәңгілік ұғымдарды санаға дарыту арқылы адамдарды тазарту қажет. Адам түзелмей заман түзелмек емес. Бүлінген заманды түзеу адамның өз міндеті. Сондықтан біздің осылай басқосуымыз халықтар достығына, ұлтаралық, дінаралық татулықтың нығая түсуіне өз ықпалын тигізеді деп сенемін

Қазақта «Отаны бірдің – тілегі бір, тілегі бірдің жүрегі бір» деген жақсы сөз бар. Ислам діні татулық мен мейірімділікке шақырады. Адамдарға мейіріммен қарау, дауласқанды татуластыру, көршімен қарым-қатынаста болу мұсылманды нұрландыратын әрекеттер.

Осы орайда Пайғамбар Мұхаммедтің (ﷺ) хадисі есіме түсіп отыр. Бірде Алла елшісінің (ﷺ) әйелі Айша (р.а.): «Уа, Расулалла! Менің екі көршім бар, сыйды соның қайсысына берейін?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі (ﷺ): «Есігі ең жақын орналасқанына», – деп жауап берген (Бұхари). Бұл хадис, өзге ұлт өкілі немесе өзге дін өкілі болғанына қарамастан көршімен тату болуға, мейіріммен қарауға, қайырымдылық жасауға шақырады.

Тәуелсіздік жылдары ішінде өзімізге тән тамаша дәстүрлер қалыптасты. Біз жыл сайын Рухани келісім күнін, Құрбан айт секілді діни мерекеліріміз бен өзге де дін өкілдерінің ұлттық, діни мерекелерін бірлесіп атап өтеміз. Бұл халық пен елдің, өзге діндер мен ұлттардың бөлінбей, керісінше бірге, тату болып отырғандығының көрінісі.

Әрбір отбасында тыныштық, береке болсын. Жаратушы Иемізден елімізге береке, бірлік, еңселі ел болуымызды тілеймін! Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!

Төлеби қажы ОСПАН,
Алматы қаласының бас имамы