Алматы имамдары киелі орындарға саяхат жасады

0
650

Алматы қаласының имамдары Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен қолға алынған «Darhan Dala» жобасын қолдау мақсатында Түркістан өңіріне саяхат ұйымдастырды.

Бұл рухани сапарға дін қызметкерлерін қаланың бас имамы Төлеби Оспан бастап барды.

Алдымен имамдар Түркістан облысы Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесіне зиярат етіп, өлкенің тарихи орындарын тамашалады. Одан кейін Түркістан қаласындағы түркі әлемінің рухани ұстазы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне ат басын тіреді.

Қос шаһардың тарихы мен киелі орындары туралы Darhan Dala Travel турфирмасының жауапты қызметкері саяхатшыларға жан-жақты түсіндіріп берді.

Сонымен қатар алматылық имамдар Кентау қаласындағы белгілі исламтанушы ғалым Арман Қуанышбаев басқаратын «Балаби» қарилар орталығында арнайы қонақта болды. Қонақтар осы орталықтың балаларға Құран жаттатудың өзіндік әдіс-тәсілімен танысты.

«Бас мүфтидің бастамасымен қолға алынған «Darhan Dala» жобасының басты мақсаты – халық арасында дін мен дәстүрімізге сай киелі орындарды зиярат ету мәдениетін қалыптастыру, тарихи, киелі орындарға рухани тур ұйымдастыру. Алматы қаласы имамдарының бұл зияраты жұртшылыққа  шариғат талабына сай зиярат әдебін көрсету еді» деді қаланың бас имамы Төлеби Оспан.

Түркі халықтарының рухани астанасы – Түркістан қаласы облыс орталығына айналғалы бері қарқынды даму жолына аяқ басқаны белгілі. Қаланың көркіне көрік беріп тұрған шығыстық үлгідегі әсем ғимараттар, өткен тарих пен терең тағылымнан сыр шертетін мұражайлар мен көне жәдігерлер коллекциясы, халқының жылы жүзі мен кең пейілі, төрткүл дүние мен еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы келуші туристерге көрсетілетін жоғары сападағы қызмет түрлеріне куә болған Алматы имамдары рухани сергіп, жан рахатына бөленді.