БАС МҮФТИ «ӘБДУСАТТАР СМАНОВ» АТЫНДАҒЫ МЕШІТТІҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ

0
611

Бүгін, Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында Шымкент қаласы, Қаратау ауданында жаңадан салынған «Ғалым Абдусаттар Шәкір Ешанұлы Сманов» атындағы  мешіттің ашылуына ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, найб мүфти Сансызбай қажы Құрбанұлы, бөлім меңгерушілері Батыржан Мансуров, Марат Бектазин және Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет Нұрматұлы т.б. азаматтар қатысты.

Салтанатты шара Құран оқумен басталды.  Әуелгі сөз ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы құттықтау айтып,  бар ғұмырын асыл дініміздің дамуына үлес қосқан елімізге белгілі, ұстаз, ғалым және діни басқарма жанындағы Ғұламалар кеңесінің мүшесі болған марқұм Абдусаттар Шәкір Ешанұлы Сманов туралы ғибратты естелік айтып, аталмыш мешітке осы кісінің есімі берілгенін айрықша атап өтті. Сөз соңындаосымешіттің бас имамы Берік Шотабековке  қасиетті Құран Кәріммен кәде сыйлық табыс етті.

Осыдан кейін, «Сарыағаш» медресе-колледжінің құрылтайшысы Сманов Абдужаппар ақсақал сөз алып, Бас мүфтиге ризалығын білдіріп, мешіт салған азаматтарға алғысын білдірді. Жиналған жамағат Бас мүфтимен бірге жұма намазын оқып, жиналған көпшілікке мерекелік дастархан жайылды.

Сондай-ақ, салтанатты шара аясында дінтанушы Мұхамеджан Естеміровтың Әбсаттар Сманов туралы жазған  «Ұстаз ұлағаты» кітабы үлестірілді. Бұл кітапқа ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфтидің хазреттің алғы сөзімен және ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің 2017 жылғы шешімі аясында әзірленді.

Айта кетейік, мешіт құрылысына түрлі салада қызмет ететін бір топ азаматтар демеушілік етті. Жалпы, мешіттің құрылыс аумағы 600 м2 құрайды, сыйымдылығы бір сәтте 1500-2000 адамға намаз оқуға арналған. Мешіт сәулеті қазақтың ою сипатын беретін келбетте салынған. Және 1 мұнарасы бар. Мешіт екі қабаттан тұрады. Онда үлкен намаз оқу залы, имам бөлмесі, неке қию, қабылдау бөлмесі бар. Мешіт құрылысын  «СтройКамПрагресс» ЖШС компаниясы жүргізді. Мешіт құтты болсын, ағайын!

ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі