Павлодар облысының теологы сотталған діндарларға онлайн дәріс өткізді

0
457

«Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасы шеңберінде Павлодар облысындағы «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ өкілдігінің жетекшісі Касенов Есбол Айтмұханбекұлы «АП-162/1 мекемесі» РММ қылмыстық жазасын өтеп жатқан сотталған діндарлар үшін «Абу Ханифаның білім алу методикасы» тақырыбында ZOOM бағдарламасы арқылы онлайн дәріс өткізді.Имам Әбу Ханифа өзінің ең үздік шәкірті Әбу Йусуфқа, ол екеуіне де Алла Тағаланың рақымы болсын, былай деген: «Ең алдымен білім ізде, содан соң адал жолмен байлық табуға тырыс, содан соң жар ізде. Өйткені, шындығында, егер алдымен білім іздеудің орнына байлық жинауға кіріссең, ілім іздеу қолыңнан келмейді. Байлық сені құл мен күң сатып алуға итермелейді. Сөйтіп, дүниеуи істерге белшеңнен батасың».Содан кейін имам оған: «Байлыққа қол жеткізгеннен кейін некенің қамына кіріс. Әйеліңе мен айтқандай қарым-қатынас көрсет. Оған қоса, Алла Тағаладан қорқуың, аманатты қайтаруың, барлық адамдарға таза пейілмен қарауың (оларға мәңгілік дүниеде және осы дүниеде пайда әкелетін жолдарды көрсетуің) және оларға менмендікпен қарамауың қажет. Оларды құрметте, егер олар өздері сенімен тілдесуге талпынбаса, олармен көп сөйлеспе. Ал, олармен кездескенде фиқһ мәселелерін талда. Сонда оған қызығушылық танытатындар ілім алумен айналысады, ал, оған қызығушылық танытпайтындар сенен бойын аулақ ұстай бастайды, бірақ, саған ашуланбайды да, саған жақындамайды да». Имамның шәкірттеріне қалай білім үйретіп, тәрбие бергені жайында.Әбу Сүлейман әл Джузджани былай деген: «Алла Әбу Ханифаға фиқһ ілімін үйренуді жеңілдетіп берді. Ол фиқһ мәселелерін бүге-шігесіне дейін білетін. Имам өзінің ізбасарларымен бірге белгілі бір мәселені талдағанда, оның ізбасарлары ілімнің сан түрлі салаларына байланысты қатты дауыстап, көп талқылайтын, ал, Әбу Ханифа үнсіз отыратын. Әбу Ханифа олар талқылаған мәселені түсіндіре бастағанда, барлығы тынышталып, үнсіз қалатын. Сол кезде жиналыста фиқһтің білгірлері мен белгілі ғұламалардың отырғанына қарамастан, бейнебір онда ешкім жоқ сияқты жым-жырт тыныштық орын алатын. Бірде Әбу Ханифа сөйлеп отырғанда, онда отырғандардың бәрі оны үнсіз тыңдаумен болды. Имам сөзін аяқтағанда отырғандардың арасындағы бірі: «Адамдарға сенің сөздеріңді ұйып тыңдатып қойған Аллаға мақтау-мадақ болсын!» — деді».Сондай-ақ, Әбу Сүлейман былай деген: «Әбу Ханифа ғажап адам болатын. Ал, оның сөздерін түсінуге қабілеті жоқ адам ғана тыңдауға құлық танытпайтын». Бірде Суфйан бин ‘Уйайна Әбу Ханифа мен оның ізбасарлары отырған мешіттің жанынан өтіп бара жатып, қатты дауысты естіп қалды да: «Ей, Әбу Ханифа, бұл — мешіт. Мұнда дауыс көтермеген дұрыс», — деді. Оған имам былай деп жауап берді: «Оларды жөніне қой. Әйтпесе, олар фиқһ ілімін түсіне алмайды».Әбу Йусуфтың, оған Алла Тағаланың рақымы болсын, былай дегені баяндалады: «Бірде жаңбырлы күні біз Дауд әт Та’и, ‘Афийа әл Ауди, әл Касим бин Ма’н әл Масғуди, Хафс бин Гийас ән Наха’и, Уукай’ бин әл Джаррах, Мәлік бин Муғаууил, Зуфар бин әл Хузайл және т.б. сияқты имамның басқа да ізбасарларымен бірге Әбу Ханифаның, оған Алла Тағаланың рақымы болсын, үйінде жиналғанда, ол бізді қарсы алып, былай деді: «Сендер маған қуаныш сыйлап, қайғымды сейілттіңдер. Мен сендер үшін фиқһті ерттеп, ауыздықтап бердім, енді қаласаңдар, оған мінсеңдер болады. Сондай-ақ, ауыздарыңнан бірдеңе естуге үміттеніп, адамдардың сендердің қыр-соңдарыңнан қалмай еріп жүруіне және олардың сендерге бағынуына мен себепкер болдым. Сендердің араларыңда қазылық лауазымына жарамайтын бірде-бір адам жоқ. Ал, сендердің араларыңдағы он адамның қазылардың ұстазы болатындай қабілеті бар. Алла үшін және Оның сендерге тарту еткен ұлы ілімі үшін сендерден сұрайтыным, сол ілімнің аяқ асты болуына жол бермеңдер! Егер араларыңдағы біріңнің басыңа сынақ түсіп, оған қазылық қызметін ұсынса, бірақ, ол өзінің бойында Алла жасырған кемшілігі бар екенін білсе, оған қазы болуға болмайтынын есінде сақтасын, оның несібесі игілікті болмайды; егер оның ішкі жан дүниесі сыртқы сипаттарына сәйкес келсе, онда ол қазы бола алады және оның несібесі игілікті болады. Егерде оны қазы болуға қажеттілік мәжбүр етсе, адамдардан бөлінбесін, жамағат намаздарына қатыссын және әрбір намаздың алдында кімге не керек екенін сұрап шықсын, ал, кешкі намаздан кейін оны үш рет сұрасын да, сонсоң үйіне қайта берсін. Ал, сырқаттанып қалып, өз міндеттерін орындай алмайтын жағдайда ауырған уақыттағы жалақысын алмауы керек болады».Атақ құмарлықтан сақтандырып ескертуі Фадль бин Ғанимнің былай дегені баяндалады: «Әбу Йусуф науқастанып қалғанда, имам оның хал-жағдайын білуге бірнеше рет барды. Бірде Әбу Ханифа науқастың халі нашарлап кеткенін көріп: «Мен дүние салғаннан кейін мұсылмандар үшін менің орнымды сен басарсың деп үміттеніп едім. Расында, сен көз жұмсаң, бұл дүние қаншама ілімнен айрылады!» — деген. Содан кейін сырқатынан айыққан Әбу Йусуф өзін өте жоғары санайтын болды. Сөйтіп, мешітінде бір топ адамдарды жинайтын болды. Олар оның сөздерін жазып алып отыратын еді. Оны білген имам оған бір адамды жіберіп, Әбу Йусуфтан мынаны сұрауды бұйырды: «Қандай да бір заттың басқа біреуге тиесілі екенін мойындағысы келмей, содан соң ағартылған затты иесіне әкеліп, ақысын төлеуді сұраған мата ағартушы жайында не айтасың?».Содан соң имам: «Егер ол матаның иесі ақша төлеуі керек», — десе, сен оған: «Қателестің», — де. Ал, егер ол: «Төлеудің қажеті жоқ», — десе де: «Қателестің», — де. Әлгі адам имамның айтқандарының бәрін орындады. Соның артынан іле-шала Әбу Йусуф Әбу Ханифаға келген. Имам оған былай деді: «Сенің мата ағартушы жөніндегі мәселемен келгенің сөзсіз. Алла Даңқты! Шәкірт жинап, дін жайында сөз қозғап жүріп, төлемге байланысты сұрақтардың біріне жауап бере алмайтын адам таң қалуға тұрарлық!».Сонда Әбу Йусуф: «Маған үйретші», — деп өтініш жасады. Ал, Әбу Ханифа: «Егер ол матаны оның иесінің бетін қайтарғанға дейін ағартқан болса, онда матаның иесі ақысын төлеуі қажет, өйткені, мата ағартушы оны иесі үшін ағартты. Ал, егер кейін ағартқан болса, ештеңе төлеудің қажеті жоқ, өйткені, мата ағартушы оны өзі үшін ағартты», — деді. Содан соң имам: «Басқа үйренетін ештеңем қалмады деп ойлайтын адам өз-өзін жоқтай берсін», — деген».Шәкірттер бір-бірін оқытпауы керек. Ұстаздардан басқа ешкім шәкірттердің жүрегіне ілімге деген сүйіспеншілікті сіңдіре алмайды. Бір күні Әбу Ханифаға, оған Алла Тағаланың рақымы болсын, біреу: «Мына мешітте фиқһ оқитын адамдар бас қосады», — дейді. Сонда имам: «Олардың арасында үлкені бар ма?» — деп сұрайды. Әлгі адам оған: «Жоқ», — деп жауап береді. Сонда имам: «Олар ешқашан ештеңе үйрене алмайды. Өйткені, олар өздері білместен қателік жіберуі мүмкін. Осылайша, олар игі амал жасап жатырмыз деп, ақиқатқа қарсы жүріп отыра береді», — дейді. Ілім алудағы шын ниет, ақиқатты айқындауға және уақытты үнемдеуге ұмтылыс турасында.Йахйа бин Шайбанның, оған Алла Тағаланың рақымы болсын, былай дегені баяндалады: «Бірде Әбу Ханифа, оған Алла Тағаланың рақымы болсын, өзінің ұлы Хаммадтың имамның кейбір шәкірттерімен кәлам мәселелеріне қатысты пікірталас жүргізіп отырғанын көріп, оларға онымен айналысуға тыйым салған. Сонда олар: «Біз сенің де осындай пікірталас жүргізгеніңді көрдік. Енді неліктен бізге тыйым салып жатырсың?» — дегенде, имам, оған Алла Тағаланың рақымы болсын, былай деп жауап берген: «Біз құдды төбемізде құс отырғандай сақтықпен пікірталас жүргізетінбіз. Өйткені, біз бір жолдасымыздың ағаттық жіберіп қоюынан қорқатынбыз. Ал, сендер жолдастарыңың қателесуін қалап, сөз таластырып отырсыңдар. Ал, адамның оны тілегені — жолдасының күпірлікке түсуін тілегені».Йазид бин әл Кумайттың былай дегені баяндалады: «Бірде имам біреумен сөз таластырып отырғанда, әлгі адам: «Алладан қорықсаңшы!» — деген. Бұл сөздерді естіген имамның жүзі түнеріп, қалтырап, басын салбыратып, былай деген: «Әй, менің бауырым, Алла сені игілікке бөлегей! Адамдар ілім жайлы айтып жатқанда, масаттанып, өз-өздеріне сүйсініп кететін сәттерде оларға барлық амалдарды Алла разылығы үшін жасау керектігін ескертіп, Алла Тағаланы есіне салатын жандар қажет. Мен ілімге қатысты қандай сөз айтсам да, Алланың алдында жауап беретінімді әрдайым қаперімде тұтатынмын және қашанда құтылуға талпынатынмын».Әбу Шихаб әл Ханнаттың былай дегені баяндалады: «Мен Әбу Ханифаның былай дегенін естідім: «Осы дүние үшін ілім алған адам ілімнің берекесінен айрылады. Ілім оның жүрегінде нық бекімейді және ешкімге пайда әкелмейді. Ал, дін үшін ілім алған адамға ол білім берекелі болады және жүрегінде орнығады, одан білім алғандар оның ілімінен пайдаға кенеледі». Имам ілімге құрметпен қарайтын және оның құнын білетін.Исма‘ил бин Хаммад бин Әбу Ханифаның былай дегені баяндалады: «Әбу Ханифаның ұлы «Фатиха» сүресін жақсы оқып үйренгенде, имам оның ұстазына бес жүз дирхем сыйлады». Ибн Джаббараның «Әл Камил» атты кітабында сол ұстаздың: «Мұның маған не қажеті бар?» — деп сұрағаны жазылған. Содан соң сол ұстазға Әбу Ханифаның өзі келіп, одан кешірім сұрап: «Ей, пәленше, ұлыма үйреткен іліміңді аз көрме. Себебі, Алланың атымен ант етейін, біздің бұдан да көбірек байлығымыз болса, Құранға деген құрметтен саған соны да берер едік!» — деген». Ілімге әдеп, құрмет көрсетудің қажеттілігі турасында.Имам Мәліктің, оған Алла Тағаланың рақымы болсын, хадис жеткізер алдында ғұсыл алып, үстіне жұпар иісті әтір сеуіп, өзінің ең жақсы киімдерін кигендігі баяндалады. Оның үстіне, ол білімді сақтап қалу мақсатында және хадистерге құрмет танытқандықтан, сапарда болған кезде пәтуа бермеген.Көптеген басқа да мухаддистер сапарда болған кезде пәтуа бермеген, онымен тек арнайы кездесулердің кезінде айналысқан және ол кездесулерге әбес қылық көрсететіндерді кіргізбеген. Әбд әл ‘Азиз бин Муслимнің былай дегені баяндалады: «Бірде мен Минада Әбу Ханифаны, оған Алла Тағаланың рақымы болсын, кездестіріп қалдым да, амандасып, сиыр сүті жайлы айтылған хадисті жеткізуін өтіндім. Ол менің айтқанымды естігеннен кейін: «Алла Даңқты! Бұлар өздерінің талпыныстарының әлегімен әдеп дегенді ұмытыпты! Ілімге құндылық пен ұлылық тән. Бірақ, ілімге ұмтылған адам көргендікті білмейді! Білгің келген нәрсені есту үшін ертеңге дейін күт», — деп кейіді. Ертеңіне мен тым ерте бардым, сол үшін ол тағы да маған ештеңе айтпады. Содан соң мен басқа нәрсемен айналысып кеттім де, әлгі хадисті сол күйі естімедім». Білім талпынған адамға беріледі.Имам Әбу Ханифа, оған Алла Тағаланың рақымы болсын, өзінің өсиеттері шәкірттерін жалықтырып жібермесін деген сақтықпен оларға кей-кейде ғана жөн сілтеп отыратын. Мусауир бин әл Варрактың былай дегені баяндалады: «Әбу Ханифа, оған Алла Тағаланың рақымы болсын, былай деді: «Фиқһті түсінгісі келмейтін адаммен ол жайында сөйлеспе. Өйткені, әйтпеген жағдайда сен ол адамды да, басқа да сұхбаттастарыңды да тек қана қинап қоясың. Сөзіңді бөлетін адаммен сөз қозғама, себебі, ондай адам білімге деген сүйіспеншіліктен жұрдай әрі оның көрген тәрбиесі нашар». Сондай-ақ, имам: «Құран — Алланың сөзі. Сен одан асып кете алмайсың», — деп жиі айтатын».Білімің болмай тұра қандай да бір сөз айтуға тыйым салынғандығы жөнінде. Алла Тағала былай деген: «Өзің білмеген бір нәрсенің соңына түспе. Расында, құлақ, көз және жүрек олардың барлығы одан сұралады!» («Исра» сүресі, 36). Бірде біреудің басының жарылғандығы баяндалады. Басы жарылған адамның ұйықтап жатқанда еріксіз шәуеті бөлінген. Сонда оның жолдастары оған ғұсыл алуды кеңес еткен. Әлгі адам ғұсыл алып, содан соң қайтыс болып кеткен. Мұны естіген Пайғамбар, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай деген: «Олар оның түбіне жетті, Алла жазаларын берсін! Өздері білмесе, неге сұрамаған? Расында, дертті емдеу амалын сұрау арқылы білуге болады».Әбу Йусуфтың, оған Алла Тағаланың рақымы болсын, былай дегені баяндалады: «Бірде мен Әбу Ханифаны тыңдап отырғанда, біреу одан: «Кім лайықтырақ: Әлқама ма, әлде әл Әсуад па?» — деп сұрады. Оған имам былай деп жауап берді: «Алланың атымен ант етейін, менің ахуалым сондай, оларға деген құрметтен Алладан олар үшін жарылқау тілеп, дұға қылмастан, олардың аттарын да атауға аузым бармайды. Өзімнің ахуалым сондай бола тұра, қалайша олардың бірін екіншісінен артық дей аламын?!». Әбу Ханифа былай деген: «Алла Тағаланың одан: «Сен Алла Тағаланың діні жайында не айтып едің?» — деп сұрайтынын ойламастан, ілім туралы сөз қозғағаны – ол адамның өз-өзіне де, дініне де немқұрайлы қарағаны».Содан соң Әбу Йусуф былай деген: «Әбу Ханифа өзінен бұрынғылардың жолын қуған ізбасар еді. Бірақ, Алланың атымен ант етейін, ол өзінен кейін жер бетінде өзіне тең келер ешкімді қалдырмады!». «Өңірлердегі түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен «Ақниет» АНОО» ҚҚ іске асыруда.