Исламдағы білімнің орны

0
622

Білімсіздік – адамның ең қауіпті дұшпаны және қоғамның қауіпті дерті. Себебі адамның білімсіздігі тіпті ата жауы да түсіре алмайтын орға құлатуы мүмкін. Өйткені ол білімнен мақұрым. Білім адамды адами қасиетке ұластырып, оның биік шыңын нақтылайды. Ал білім болмаса, адам хайуаннан төмен нашар халге түседі. Сол үшін де дана бабаларымыз «Адам болып келген соң, адам болып қайту – арманым», «Адам мен адамды теңестірер – білім» деп, адамның адам болып қалыптасуында       білімнің рөлі ерекше екенін атап кеткен.

         Білім алып, сауатты болу – Ислам дінінің ең басты талабы. Алла Тағала білімге байланысты Құран Кәрімде алты жүзден астам аят түсірген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадистерінде адамдарды білім алуға қызықтырып, ынталандырады. Жалпы білім алу Исламдағы ер мен әйелге міндеттетілген қырық парыздың бірі болып табылады.  

         Ислам дінін үйрену терең білім мен үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Білімді керек етпей ғаламторға жүгініп, ондағы ұстазсымақтардың уағыздарын тыңдаумен шектелудің салдарынан қаншама жастардың өмірі күл талқан болды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: Расында қиямет қайымның алдында сондай күндер болады. Ол күні білімсіздік келеді, ілім кетеді, қан төгулер көбейеді». Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл хадисінен түсінгеніміздей, қан төгушілік, қоғам арасында іріткі салу, адамдарды алалау сынды бүгінгі таңның алаңына айналған экстремизм мен терроризмнің шығуы да нақ осы білімсіздік екеніне еш күмән жоқ.

         Тағы бір хадисте: «Алла Тағала ілімді құлдарының көкірегінен суырып алып кетірмейді. Алайда ғалымдардың жанын құшып кетіреді. Сөйтіп ешбір ғалым қалмағанда басшылары етіп білімсіздерді тағайындайды. Олар білімсіз пәтуә айтады. Сөйтіп өздері де адасады, өзгелерді де адастырады» дейді. Жоғарыдағы бұл екі хадистен түсінгеніміз, білімсіздіктің емі – тек білім ғана. Әрі білімсіздіктің күшеюі – қияметтің жақындағанынан хабаршы.

         Жоғарыда атап өткеніміздей, Ислам діні – ілім алуға, сауатты болуға шақыратын дін. Алла Тағала ең алғаш Құран аяттарын уахи еткенде «Оқы» — деген. Демек, алғашқы аяттар тек оқу керектігін меңзеп тұр. Бұл Алла Тағаланың бізге бұйырған әмірі. Алайда аятта қай білім саласын оқу керектігі айтылмаған. Бұл аят жалпылама білім алуды, сауатты болуды бұйырып тұр. Яғни әрбір мұсылман діни білім алумен қатар зайырлы білім алуы қажет. Ислам тарихында мұсылман әлемі, терең білім алуы арқылы ғылымның дамуына өте үлкен үлес қосқан. Сондай-ақ ғылыммен айналысқан ғалымдар мен аудармашыларды ғылымға жігерлендіру үшін олардың жазған немесе өзге тілден аударған кітаптарының салмағына тең күміспен ақы төленді. Соның нәтижесінде мұсылмандар өлкесінен бірінен соң бірі, әр түрлі саланың ғұлама ғалымдары пайда болды. Атап айтқанда олар: пәлсапалық ғылымның екінші атасы болып саналатын Әбу Насыр Әл-Фараби, медицина ғылымының негізін салушы Ибн Сина, бүгінде әлемнің қарқындап дамуына себеп болып отырған түрлі технологиялардың өмірге келуіне себепші цифрлық ғылымның негізін салған Әл-Хорезмилар және тағы басқа көптеген осы сынды мұсылман ғалымдары болды.

         Қорыта айтқанда, ата-бабаларымыз айтып өткендей «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» демекші, дінді дұрыс түсініп ұстануда да, адам болып қалыптасуда білімнің орыны ерекше жоғары. Сондықтан дінді терең білім арқылы ұстанған адам кемелденіп, мінезі көркемденіп, айналасындағы адамдарды мейірімі арқылы өзіне баурай біледі. Ең маңыздысы білімді мұсылман адамдардың бойында кереғар діни ағымдарға қарсы иммунитет қалыптасады. Түрлі секталар мен діни ағымдарға қосылып дін дұшпандарының жетегіне ермейтін болады.

Б.Жүнісов, Шымкент қаласының дін істері басқармасы  

«Дін мәселелерін зерттеу орталығының» әлеуметтанушысы