НАИБ МҮФТИ НҰР-МҮБАРАК СТУДЕНТТЕРІМЕН ЖҮЗДЕСТІ

0
432

Жақында ғана еліміз бойынша түлектердің жұмысқа орналасуы жөнінен 100% көрсеткішпен оза шапқан Нұр-Мүбарак университетінің жетістігі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен тікелей байланысты екені даусыз. Себебі университет түлектерін жұмыспен қамтушы ҚМДБ бұл тарапта жыл сайын жүйелі қызмет атқарып келеді.

Биыл да бұл дәстүрді ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы бастап кетті. Болашақ түлектермен кездесу барысында наиб мүфти Діни басқарманың ел дамуындағы үлесі мен қызметіне тоқталды. Еліміздегі ата дініміздің салмақты орны білікті мамандардың білімімен тікелей байланысты екендігін айта келе, дін қызметкерлері мен имамның тұлғалық келбеті жайлы жан-жақты жеткізді. 

«Дін қызметкері өзгелерден білімімен, қасиетті Құран, шариғаттағы білгірлігімен қаншалықты озық болса, соншалықты әдебімен танылуы керек. Хасан әл-Басри «Әдебі жоқтың білімі жоқ, сабыры жоқтың діні жоқ, тақуалығы жоқтың мейірімі жоқ» дегені тура дін қызметкерлеріне тән сипаттама. Сондықтан 4 жыл Нұр-Мүбарак университетінде алған білімдеріңіздің нәтижесі ел арасына барғанда сыналады. Сіздердің абыройларыңыз – діннің абыройы, діннің абыройы – елдің абыройы» деп наиб мүфти болашақ жас ізбасарларына білім мен әдептің маңыздылығын насихат етті.  

Студенттер де мәртебелі мейманға көкейлеріндегі сауалдарын қойып, болашақта жұмысқа орналасуға қатысты кейбір ойларын жеткізді. Кенжеәлі Қоңыратбайұлы әр сауалға тиянақты тоқталып, сауапты да жауапты діни қызметке қатысты өз тәжірибесі мысалында тұшымды жауап берді.

Ал университеттің Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры, филос.ғ.к., доцент Жалғас Сандыбаев болашақ түлектер үшін тағылымды сұхбат жасаған наиб мүфти Кенжеәлі Мырзабаевқа ерекше алғыс білдіріп, бұл кездесудің жастар үшін байсалды бағыт боларына сенім білдірді.