Шетелде теологиялық білім алудың қауіптілігі

0
993

​ Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанда теологиялық оқу орындары болмағандықтан көптеген жастар діни білім іздеп шетелге кеткен. Қазір біздің елімізде медресе колледждермен медреселерден бастап докторантураға дейін сапалы діни білім алуға барлық жағдай жасалған, ең бастысы, отандық ғалымдар, теологтармен шектелмей, шетелдік ғалымдар да бар. Мысалы, Алматыда «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде араб ғалымдары тафсир, ақида, фиқһ, хадис, пәндерінен сабақ беруде. Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде шетелдік теологтар білім береді. Мемлекетіміз исламтанушы-магистранттар мен докторанттардың оқуы үшін 200-ден астам гранттар бөледі.

Ел азаматтары өздерінің болашақ білім алатын елін таңдау барысында сол мемлекеттің қоғамдық-саяси және діни ахуалы туралы ой түйіп, оның тарихын, мәдениетін, діні мен ділін біліп алғаны жөн. Осыған орай ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің арнайы шығарған 11 ережеден тұратын «ҚР шет елдерге оқуға кететін азаматтарына арналған дін мәселелері жөніндегі жадынамасымен» танысып шыққандары дұрыс. Егерде балаңыз шетелде діни білім алатын болса, онда ата-ана баласының қандай діни мекемеде немесе діни орталықта оқып жатқанын білуі керек.  Мүмкіндігінше жиі бақылауда ұстап,  балаларының ресми медреселер мен жоғары оқу орындары қабырғасында оқып жатқанын анықтағаны жөн. Сондай-ақ, белгісіз діни орталықтарға байқамай түсіп кетпеуін қадағалап отырған абзал. Дәстүрлі емес діни ағымдардың интернет арқылы арбауының кесірінен көпшілік жастар діни білім алуға шетелге кеткен. Шындығында, бастапқыда олар өздерінің өмірлік тәжірибесіздігі мен діни сауатсыздығынан жалған діннің құрбанына айналды. Содан кейін олар жалған сенімнің білімі мен өз қағидаларын меңгерген соң, өздері терроризммен экстремизмге үгіттеушілердің жетекшісіне айналды. Егерде бұл жастарымыз алғашқы діни білімін Қазақстанда алса, олар керағар бағыттағы діни ұйымдардың арбауына түспес еді.

Қазақстанда базалық жоғары білім алмаған азаматтарды шетелге шығармағаны дұрыс деп ойлаймыз. Шет елдердің діни оқу орындарында Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы және мемлекетаралық келісім негізінде болса магистратура және доктарантура оқығаны дұрыс.

​Білім алу – қанша уақыттар өтсе де, өзінің өзіктілігін еш заманда жоғалтқан емес. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бастап мемлекетіміздің дамуына негізделіп қойылған талаптардың бірі – көпқырлы, озық сала мамандары мен білікті кадрларды дайындау еді.

​Таяу Шығыс елдеріндегі жағдайды ескере отырып, шетелде діни білім алғысы келетін жастарға алдымен Қазақстанның мүмкіндіктерін пайдаланып, содан кейін шетелде білімін жалғастырғандары абзал. Мысалға, 1917 жылдарында қазақ ағартушылары – теолог Науан Хазіреті, ойшыл-философ Шәкәрім алғашқы діни білімдерін елімізде алып, кейінірек Бағдат қаласында толықтырған. Бұл жағдайда жастарымыздың теріс ағымдардың ықпалынан сақтау нәтижесі зор. Шетелде оқып келген теріс бағыттағы дін ұстанушылырдың қоғамға өз зияндарын тигізіп жатқан баршамызға белгілі. Дәстүрлі Ислам дініне, сондай-ақ, қоғамның ұлттық ауызбіршілігіне кері әсерін тигізіп, халқымыздың салт-санасына қараспай, қалың жұртшылық арасында бүлік туғызып жатқанына ел куә. Ұлттық құндылықтарды жоққа шығару да солардың ұстанымы. Бір елдің ұлттық құндылығын жоққа шығару – сол елді бағыт-бағдарынан адастырудың басты шарты. Жүсіп Баласағұн бабамыздың «Кімде-кім халқынан алмаса тәлім, Оны үйрете алмас ешбір мұғалім» деген ғажап сөзін ескерер болсақ, ата-бабалардың салт-дәстүріне «анау бидғат», «мынау ширк» деп қарсы тұру халқымыздың әдет-ғұрпымен қалыптасқан ұлттық тәрбиеден қол үздірудің бір тәсілі болып табылады. Бұл да бір орны толмас қасірет дер едік. Сәләфилік ағым өкілдері дінге жаңа бет бұрғандарға қазақ халқының әдет-ғұрпын мүмкіндігінше дінге кереғар етіп көрсету арқылы өз идеологияларын өткізеді. Сол арқылы өз жақтастарын көбейтеді. Нәтижесінде қазақты қазаққа қарсы қойып, елдің, ұлттың бүтіндігін бұзады. Біле білгенге, түсінгенге бұдан артық қасірет жоқ шығар деп пайымдаймыз.

А. Жолдасқызы,

ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі.