100-ден астам педагог дінтанулық біліктілігін жетілдірді

0
358

Маңғыстау облысы Дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында а.ж. 28-29 сәуір күндері облыс бойынша орта мектептердің тәрбие жөніндегі орынбасарлары мен зайырлылық және дінтану пәндері мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курсы өтті.

«Қазақстандағы жас ұрпаққа діннің әсері: дінтану білімін жетілдіру жолдары мен шаралары» тақырыбындағы онлайн семинарды «Отпан» ақпараттық-түсіндіру және оңалту орталығы ұйымдастырып, оған жүзден астам педагог қатысты.

Семинарды Алматы қаласы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің докторлары және «Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл» орталығының директоры, республикалық-ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Тимур Нүсіпханұлы және «Отпан» орталығының басшысы Азамат Нұғманұлы жүргізді.

Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен облыстың бес ауданынан мұғалімдер қатысқан семинарда «діни конфликтінің себептері мен алдын-алу жолдары», «жастар арасында діни экстремизмге қарсы иммунитет қалыптастырудың жолдары», «дін және қоғам арақатынастары», «сәләфизм ағымының қалыптасуы және қоғамның тартқан зардаптары», «қазақ даласындағы ислам» және «дін және дәстүр» тақырыптарда дәріс оқылып, қазіргі қоғамдағы маңызды діни мәселелер көтерілді.

Семинар соңында ұстаздар тарапынан қойылған актуалды діни сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, жастарды тәрбиелеп отырған ұстаздар Маңғыстау облысы Дін істері басқармасына арнайы алғыстарын жеткізіп, семинардың жоғары деңгейде өткенін атап өтті.

Сонымен бірге алдағы уақытта осындай дінтану білімін жетілдіруге бағытталған семинарлар, іс-шаралар көптеп өтуін сұрады.