Отандық діни оқу орындарында білім алудың маңыздылығы

0
5813

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері дін саласында үлкен өзгерістер болды. Соның айқын бір дәлелі – еліміздің түкпір-түкпірінен мешіттер мен медреселер, ислами оқу орындарының көптеп ашылуы. Соның нәтижесінде халықтың, соның ішінде жастардың діни білім алуына және білімдерін одан әрі шыңдауға үлкен мүмкіндіктер туды.

Діни білім – мемлекеттік оқу орындарындағы дін туралы білім немесе дін қызметкерлерін дайындауға бағытталған ілімді білдіреді және ол мемлекеттік білім беру жүйесінде бұрыннан келе жатқан маңызды фактор. Діни білім әлемнің көптеген өркениетті мемлекеттеріндегі оқу орындарында бұрыннан жүргізіліп келеді. Ал, дінтану – бұл діннің қоғамдық маңыздылығы бар феномен ретінде жалпы жүйелік білім беретін пән. Қазіргі жаһандану процесі кезінде әр мемлекет өзінің ұлттық құндылықтарын, ұлттық болмысын сақтап қалуға тырысады. Сол секілді біздің еліміздегі діни оқу орындары да байырдан қалыптасқан ұлттық құндылығымыз бен салт-дәстүрімізді толық қамтыған дәстүрлі Исламды насихаттауда.

Дінтанулық білім тарихы 1992 жылы алғаш рет Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Дін және еркін ойлау» мамандығының ашылуынан бастау алады. Қазір дінтану бакалаврларын еліміздегі Л.Н Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Дінтану кафедрасы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Философия ғылымдары және дінтану кафедрасы, Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Философия және мәдениет теориясы кафедрасы, «Нұр-Мүбарак» Мысыр ислам мәдениеті университетінің Дінтану кафедрасы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Дінтану және теология кафедрасы, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің дінтану факультеті даярлайды. Сондай-ақ, еліміздің әрбір өңірінде медреселер ашылып дін саласындағы білікті мамандарды даярлап, жемісті жұмыстарын жасауда.

Жалпы, діннің қоғамдағы рөлі артқан сайын, бүгінгі қоғамның сұранысын қанағаттандыра алатындай дін мамандары мен діни қызметшілерді даярлайтын орта және жоғары оқу орындарын құру мен қолдауға көңіл бөлінуде. Себебі, қазіргі уақытта бүкіл әлемде үлкен мәселе тудырып отырған кереғар діни ағымдарға, олардың идеологияларына тойтарыс беруде отандық діни оқу орындарының маңызы ерекше.

Қорыта келгенде, өзге де білім салалары секілді дінтанулық білім уақыт талабына сай бағыттылығы жөнінен бірізділендіріліп, мазмұны тұрғысынан байытылып отыруға тиіс.

Б.Жүнісов,
Шымкент қаласының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығының»
әлеуметтанушысы