Атырауда діни ағым өкілінен тапанша мен тыйым салынған кітаптар тәркіленді

0
370

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда деструктивті діни ағым өкілінен тапанша, тыйым салынған кітаптар тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Облыстық полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде діни ағым өкілін ұстаған. «Теріс ағым жетегіндегі 29 жастағы жігіттің тұрғылықты мекен-жайы тексеру жүргізілді. Оның мекен-жайына тінту жүргізу кезінде 9 мм «МР-79» калибрлі травматикалық тапанша мен 14 дана патрон, Қазақстан Республикасының аумағында таратуға тиым салынған мағлұматтары бар 5 дана флеш-карта мен 17 дана діни кітап тәркіленді», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір күдікті ретінде ұсталған деструктивті діни ағым өкілі ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды. Атырау қалалық полиция басқармасының №2 полиция бөлімімен күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.