ШЫМКЕНТТЕ «БАЛАЛАРДЫҢ ИГІЛІГІ ҮШІН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

0
637

Бүгін Әл-Фараби алаңында ұйымдастырылған республикалық акция аясында шымкенттіктер халықаралық балаларды қорғау күнін атап өтті. Салтанатты жиынға Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, қалалық мәслихат хатшысы Б.Нарымбетов және зиялы қауым өкілдері қатысты. Мерекелік шара аясында түрлі бағытта іс-шаралар ұйымдастырылды. Әуелі, «Бақытты балалық шақ» тақырыбы аясында 500-ге жуық мектеп оқушысы Әл-Фараби алаңындағы аллеяда асфальтке сурет салды. Ал, қолөнермен айналысатын оқушылар «Балалар өнері» атты көрмеге гобелен, былғары, ағаштан жасалған жұмыстар мен мольберттегі суреттерін топтастырды. Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов балалардың шығармашылығымен танысып, республикалық, халықаралық байқаулар, пікірсайыс пен пәндік олимпиада жеңімпаздарымен тілдесті. Сондай-ақ, «Барлығы балалар үшін» тақырыбында бала дағдысын, шығармашылығын дамытуға бағытталған әдістемелік көрме ұйымдастырылып, онда ментальді-арифметика бұрышы, «Зияткер ұрпақ-бизнескидс» балалар академиясы мен «Монтессори» мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту бағдарламасы негізінде атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. — Шымкенттік балғындарды, бүлдіршіндерді бүгінгі ерекше мереке, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. Биыл Шымкентте осы мақсатта 84 тармақтан тұратын арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, балалардың денсаулығын жақсарту, оларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 42,9 млрд. теңге қаржы қаралды. 2021-2025 жылдар аралығында Шымкентте 101 мектеп салу жоспарланып, бүгінде 50 пайызға жуығы пайдалануға берілді. Биылдан бастап бастауыш сыныпта оқитын барлық оқушы бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтылып, 56 мыңнан астам аз қамтылған отбасы балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен мектеп формасына қаржы бөлінді. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда жан басына қаржыландыру жүйесі енгізіліп, олар тегін үйірмелер мен спорттық секцияларға қатысып жүр. 2021-2022 оқу жылында қаламыздың 500-ден астам оқушысы республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі сайыстарда топ жарды. Бұл біз үшін мақтаныш. Бұл – ең алдымен шымкенттік ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегінің жемісі. Сондай-ақ, оқушылардың дамылсыз білім алып, оқып-үйренуге жұмсаған алтын уақытының қайтарымы деп білемін, — деді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы. Жиын барысында халықаралық, республикалық пән олимпиадасының және өнер байқауларының жеңімпаздары марапатталып, оларға жазғы сауықтыру лагерьлеріне 10 күндік жолдама берілді. Салтанатты шара концертке ұласып, балабақша бүлдіршіндері мен мектеп оқушылары өнерлерін паш етті. Концертті ҚР еңбек сіңірген қайраткері Майра Мұхамедқызы бастаған қалалық опера және балет театрының солистері қорытындылады.