АЛИМЕНТ ТӨЛЕУ — МІНДЕТ

0
1284

Дана халқымызда «Үйлену оңай, үй болу қиын», — деп бекер айтпаған. Иә, үйлену қашанда оңай. Ал, үй болу ше? Шын мәнінде үй болу неге қиын? Бұл қоғам және дін алдындағы жауапкершілік. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда шаңырақ көтеруге бел буған жастардың көбіcі дерлік осы бір жауапкершілікке немқұрайлы қарап кеткендей сезіледі, соның салдарынан бүгінде шаңырақтың шайқалып, заңды некенің бұзылуы кең өріс алуда. Бұл алдымен имани һәм адамгершілік қасиеттердің толыққанды жетпеуінен деп түсінген жөн. 

Шаңырағы шайқалған отбасылардың балаларының тағдыры өте қиын болмақ. ҚР заңдары мен шариғат үкімдерінде баланың нәпақасы мен оның тәлім-тәрбиесі ата-ананың жауапкершілігінде қала береді.

Асыл дінімізде алимент төлеу еркек адамның міндеті болып табылады. Шариғат заңдарында еркек адам әйеліне талақ берген соң, ұлы немесе қызы 15 жасқа толғанға дейін оларды напақамен (қаржылай, киім-кешек, т.б.) қамтамасыз етіп отыруы уәжіб болып саналады.

Жалпы,  «нәпақаға» қандай материалдық мәселелер кіреді? Яғни, ер азаматқа отбасын асырауда қандай міндеттемелер жүктеледі? Міндетті нәпақаға – ас-су, киім-кешек және баспана кіреді.

— Ас-су, азық-түліктің мөлшері мен сапасы күйеуінің әл-ауқатына қарай белгіленеді.

—   Киім-кешек бір мезгіл киетін бастан-аяқ болуы керек. Ханафи мен шафиғи мазһабтарында жұбайына 6 айда, балаларына 4 айда бір жаңа киім алып беріледі делінген.

—  Үй-жайдың қандай болуы күйеуінің қаржылық жағдайына байланысты. Сонымен қатар үйді жиһазбен жабдықтап, күнделікті тұрмыс-тіршілікке қажетті заттармен қамтамасыз етуі тиіс.

Ислам діні отбасыға, бала құқығына өте қатты мән берген. Хидана (алимент) дегеніміз ажырасқаннан кейін де баланың жағдайын жасау, оған қамқор болу. Тек материалдық көмекпен шектелмей, тіпті керек болатын болса, рухани тәрбиесіне де жауапты болуға міндеттейді.

Жүктің бәрін, жауапкершіліктің бәрін ажырасқан әйеліне артып қою, мұсылман еркекке жат қылық. Діни тұрғыда да әке – өз балалары үшін ақыретте Алланың алдында есеп бермек. Сонда қазір алимент төлемей қашып жүрген әкелер бұл дүниеде заң алдында, ал ақыретте Алланың алдында жауапты болмақ. Әрбір ата-анаға балалары аманат болып саналады

Алиментке: баланың тамағы, киімі, оқуына керекті шығындар жатады. Тіпті егер әйелдің баласымен тұратын пәтері жоқ болса, пәтер жалдап, пәтердің ақысын да төлеуге міндетті.

Шариғат үкімі бойынша ел немесе қыз он бес жасқа толған кезде, оған кіммен бірге тұруға таңдау беріледі. Яғни әке немесе анасымен тұру құқы баланың еншісіне беріледі. Қаласа шешесінде қалады, қаласа әкесіне барады. Бұл пайғамбарымыздың хадисінде айтылады, Алла елшісі ажырасқан ер мен әйелдің арадағы ұлынан: Кіммен бірге тұрғың келеді?, — деп сұрайды. Бала: анаммен — деп жауап берген кезде, Алла елшісі баланы анасымен қалдырады.

Қазақстан республикасының неке және отбасы кодексінің 20 бабында ата-аналар кәмелетке толмаған балалар үшін алименттерді төлеу туралы келісім жасауға құқылы делінген. Ал кодестің 6-шы бабында балаға алимент ретінде тиісті сома, баланы асырауға, біліміне және тәрбиесіне шығындалады делінген.ҚР қылмыстық кодексінің139-бабында балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару. Ата-ананың кәмелетке толмаған балаларын, сол сияқты он сегiз жасқа толған еңбекке қабілетсіз балаларын күтіп-бағуға сот шешiмi бойынша қаражат төлеу жөніндегі міндеттерін үш айдан астам орындамауы не кәмелетке толған еңбекке қабілетті адамның өзінің еңбекке қабілетсіз ата-анасын күтіп-бағуға сот шешімі бойынша қаражат төлеуден үш айдан астам жалтаруы не еңбекке қабілетті адамның еңбекке қабілетсіз және материалдық көмекке мұқтаж жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға сот шешімі бойынша қаражат төлеуден алты айдан астам жалтаруы – алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады деп көрсетілген.

Құрметті бауырлар! Ер азамат ежелден отбасының асыраушысы һәм қамқоршысы болып есептеледі. Сондықтан балалардың қорғансыз әрі еңбекке жарамсыз екендіктерін борышкер әкелердің бір сәтте ойларынан шығармай, балаларын мүшкіл халде қалдырмауы керек.

Мұхамеджан Естеміров,
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы
Бас имам орынбасары, дінтанушы-магистр