Рауан Чингужанов: «Жиһад» – термин ретінде аса құрметті әрі қасиетті ұғым

0
589

«Жиһад» – термин ретінде аса құрметті әрі қасиетті ұғым. Соңғы бірнеше онжылдықта террористік ұйымдар бұл ұғымды «соғыс», «жарылыс» мағынасында қолданғандықтан халық арасында шынайы мағынасынан гөрі теріс мағынасы кең қолданыс тауып кетті.

«Жиһадист» сөзі соңғы уақытта ғана пайда болған атау. Бұған дейін экстремист, радикалист атаулары тек христиан немесе иудаизм секілді басқа дін өкілдерінің радикалдарына ғана қолданылып, мұсылмандарға «жиһадист» сөзі қолданылды.

«Жиһад» сөзін дұрыс түсіну үшін Құранға үңілу керек. Әрине, ИГИЛ секілді террористік ұйымдар да Құраннан дәлел келтіріп, өз істерін ақтауға тырысады. Құранда қандай мағынада қолданылғанына көз жеткізу арқылы ғана біз бұл ұғымның шынайы мәніне бойлаймыз.

Құранда соғыс мағынасын беретін аяттарда «харб», «қитәл» (соғыс) сөздері қолданылады, себебі «қитәл», «харб» сөздерінің шынайы мағынасы «соғысты» білдіреді. Ал «жиһад» сөзі Құранда тек үш жерде ғана «соғыс» мағынасында қолданылған. Яғни, Құрандағы «жиһад» сөзінің бәрі де соғысты меңземейді.

«Жиһад» сөзі араб тілінде жақсылық жолында күш жұмсау, шариғаттың талаптарына сай өмір сүру үшін нәпсінің теріс қалауларына қарсы тұру және әлеуметтік істерде мұқтаждарға жірдем ету, білім іздеуде табандылық танытып, адамзатқа пайдалы жетістіктерге қол жеткізуде қажыр-қайрат көрсету. Отанына төнген қатерді алдын алу үшін шабуыл жасағандарға тойтарыс беру де «жиһад» деп аталады. Бірақ ең қызығы бұл ұғымның негізгі мағынасы ұмытылып, «тойтарыс беру», «соғысу» мағынасы ғана қолданылып келеді. Олай болса неліктен қылышпен жүзеге асатын қақтығыстың негізгі баламасы ретінде «қитәл» сөзі қолданылмайды? Оған «жиһад» делініп жүр.

Негізгі себебінің бірі ол: жетімді жебеп, мұқтажға қол созу, білім жолында барын пида ету секілді шынайы жиһадты қызықтыратын аят, хадистердің көптігі және ұрпақ тәрбиелеу секілді жиһадқа берілетін сауап мөлшерінің қомақтылығы соғыс мағынасындағы жиһадқа да беріледі деп қызықтыру бабынан қолданылған.

Құрандағы соғыс мағынасындағы аяттарды тікелей түсінетін болсақ онда біз сондай соғыс жариялауымыз керек, барлығы мұсылман болады немесе өледі. Құрандағы аяттарды ең тура түсініп, амал еткен Пайғамбарымыздың өмірін мысалға алып қарайықшы. Кәпірлермен бір қалада өмір сүрді емес пе? Олармен келісімшарттар жасады емес пе? Қазіргі таңдағы радикал жастардың «Құрандағы аяттар кәпірлерді өлтіруге, қырып-жоюға шақырады» деген түсінігіне салып қарайтын болсақ, Пайғамбарымыз Алланың бұйрығын дұрыс түсінбеді немесе бұйрығына құлақ аспады деген қорытынды шығады. Негізі мүлдем олай емес. Тарихта бойы мұсылман әлемінде басқа дін өкілдері толық қауіпсіздікте, бейбіт өмір сүрді емес пе? Неліктен тарихтағы мыңдаған ғалымдар, басшылар бұл бұйрықты іске асырмады дегендей сұрақтың туындары анық.

Бір нәрсені есте ұстауымыз керек. Құран бір мезетте тұтас түскен кітап емес. Ол уақытқа, әртүрлі қоғамдық оқиғаларға байланысты 610-632 жылдар арасында бөлек-бөлек аят түрінде сатылап уахи етілді. Пайғамбарлықтың алғашқы кезі Меккелік кезеңдегі шарт-жағдайлар мен жергілікті мүшріктер мен мұсылмандардың әлеуметтік жағдайына байланысты 13 жыл бойы түсті. Ал хижреттен кейін Мәдиналық кезеңнің шарттары ескеріліп, ондағы оқиғаларға байланысты уахи етілген. Ал қазіргі таңда Құран бір мұсхаф болып жинақталғаннан кейін, оны әдеттегі кітап секілді тарихи оқиғаларға байланысты түскенін ескерместен оқитын болсақ үлкен қателікке ұрынамыз.

Құранда Яһудилерді лағынеттеген аят бар емес пе? Мұны қалай түсінуіміз керек?

Яһудилерге қатысты аяттарға назар салсаңыз Мекке мен Мадина кезеңдерін байқауға болады.

Мекке кезеңінде яһудилерге қатысты түскен аяттар Перғауын кезеңінде немесе Мұса алейһиссалам кезеңінде Мұсаның жақтастары мен иманға келген халықтың көрген зорлық-зомбылықтарын көрсетуде. Құран мына нәрсені айтқысы келіп тұр: Сіздер яғни, Мекке кезеңіндегі зорлық-зомбылық көріп жатқан мұсылмандар, сіздер жалғыз емессіздер. Сіздерден бұрын Яһудилер, Христиандар және өзгелер де осындай қиындықтар мен зұлымдықтарға тап болған.

Алайда Мадина кезеңінде мұсылмандар Бану Кайнуқа, Бану Қурайза секілді тайпалармен тығыз қарым-қатынаста еді. Әрі Пайғамбарымыз бұл тайпалармен келісім шарт жасасып, қол қойған болатын. Басқа қырынан қарағанда яһудилер саяси жағынан көптеген қателіктер жіберген. Мемлекетке қарсы шыққан т.б. Міне осы тұста Құран Мадинада түскен аяттарда яһудилердің Мұсаның (а.с.) Перғауынның зұлымдығынан құтылғаннан кейін оған көрсеткен қиындықтарын, бір бөлігінің иманнан қайтқандарын назарға ала отырып көрсетуде. Ал «Луғина алләзина кафару мин бани исраилә» аяты Мұсаға (а.с.) берген сөздерінде тұрмаған яһудилер жайында айтылған аят. Ал өзге аяттарда өзге мәселелер талқылануда. Сондықтан әрбір аятқа жеке тоқталу қажет.

Басқа аятта «мұсылмандарға ең жақын адамдар яхудилер мен христиандар» делінген. Сырттай қарағанда аяттар бір-біріне қарсы мағынада іспетті. Аяттың түсу себептерін, қай жерге түскенін, қандай оқиғаға байланысты болғанын негізге ала отырып талдамасаңыз аяттар бір-біріне қарама-қайшы болып көрінеді. Міне, осыдан аяттарды қате түсіну туындайды.

Бұл аяттар тек «мен христианмын» немесе «мен яхудимін» деген адамдарға түскен бе? Әлде сол кезеңдегі аяттың түсуіне себеп болған христиандар мен яхудилердің сипаттарына қатысты түскен аяттар ма деген сұрақ туындайды.

Егер иә, сол кезеңдегі аяттың түсуіне себеп болған христиандар мен яхудилердің сипаттарына қатысты түскен десеңіз, Құранның әмбебаптығын дұрыс түсінген боласыз.

Ал бұл аяттар тек «мен христианмын» немесе «мен яхудимін» деген адамдарға түскен десеңіз, тек сыртқы мағынаны негізге алатын «захири» боласыз, яғни мәтіншілдікке ұрынып, жер жүзіндегі барлық мүшріктермен соғысуға мәжбүр боласыз. Себебі Құранда «Фақтулу мушрикина хайсу уажадтумуһум» деген аят бар. Сондықтан «УСУЛ»-ді білу аса маңызды!

Арабшада «кімнің қолында» деген тіркес бар. Мәтіндер өздігінен түсінікті деп айту қиын. Мәтіндерді түсіндіріп сөйлетіп отырған адамдардың өзі. Қолымыздағы фиқһ кітаптарын түсіндіріп отырған адамдар, қолымыздағы Құранды түсіндіріп отырғандар адамдар. Құранды мәтін тұрғысынан түсіндіріп, сөйлетіп отырған да адам. Әлеуметтік желілерде, отанымыздағы бұл оқиғаға байланысты жауап ретінде айтылған тұстарды қарасаңыз онда қаншама аяттарды өз пайдаларына қарай түсіндіріп жорамалдауда. Ал бұлай жасаумен не Исламды түсінуге не оны практикада қолдануға келмейді.

Сөзіміздің басында айтқанымыздай құрандағы осы секілді сырт көзге көрінген қайшылықтар адамдардың арасында, келешекте келетін ұрпақтарымыз арасында Құранға деген күмәндарды тудырады. Бұл аяттар мұнда не үшін айтылған, «Құран Алланың сөзі емес» деген сынды күмәндар туындауы мүмкін. Бұл тұста адамдарды көп ойландыратын Құрандағы «олжа алу», «тұтқын ұстау», «күң, құл» мәселелеріне қатысты үкімдер. Бұлардың барлығы өз алдына бір тақырыпқа арқау болатын мәселелер. Бүгінде ДАЙШ бұл мәселелерді Құранға қарай отырып практикада қолдануда, ал бұл көз алдымызда қорқыныш тудыруда.

Бұл мәселе жоғарыда атап өткен «әр мәселені өз негіздеріне сүйеніп түсінбеу» мәселесінен туындап отыр. Бұл мәселелерге белгілі бір негіздерге методологияға негізделеп зерттейтін болсаңыз, мейлі, Құран аяттарының арасында болсын, мейлі, Пайғамбар хадистерінің арасында болсын, фиқһ және кәләм еңбектерінде де мұндай қайшылықтарға соқтықпайсыз. Не үшін олай жасай алмай жатырмыз?

Бұл біраз батылдылықты қажет ететін шаруа. Һижри 4-5 ғасырдан бері «ойлауда» тұралау бар. Ал ойлауда тұралау болуымен жаңа дүниелерді ашу да түсіндіру де мүмкін емес. Бұл мәтіндерді жаңаша түсіндірген адамдар да көптеген сындар астында қалып батылдықтарын жоғалтып алуда. Бірақ бұл істер міндетті түрде жасалуы қажет. Ал біз бұл істерді жасамайтын болсақ, тіпті бүгін жасамайтын болсақ, біз бұл істі жасауда көп кешіктік. Оны бүгін жасамайтын болсақ келешек ұрпақтарда ислам дінінің бұл істерде айтары қалмауы мүмкін. Әсіресе сіздің атап өткен тақырыптарыңызда.

Рауан Чингужанов, исламтанушы,

республикалық дін мәселелері жөніндегі АТТ мүшесі