Терроризм бабымен сотталғандар Абай өлеңдерін жатқа айтты

0
462

Қызылорда облысының Қылмыстық атқару жүйесіне қарасты ЗК-169/1 мекемесінде Абай өлеңдерін жатқа айтқан сотталғандар «Балқаймақ» дүкенінің өнімдеріне ие болды. Бұл өнімдерді алуға Қорқыт университетінің PR-менеджері Талғат Меңдібайұлы сеп болып, облыстық жастар ресурстық орталығының директорының орынбасары Тілес Оспанұлы демеушілік жасады. Абай Құнанбайұлының туған күніне орай темір торға қамалғандар арасында кемеңгердің еңбектерін дәріптеуге арналған байқау жарыс түрінде өткізілді. Іс-шараға ұлы ақынның өмірбаяны мен шығармаларын жатқа білетін экстремизм және терроризм баптары бойынша сотталған азамаматтар қатысты. Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде байқауға қатысушылар ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Бұл кезеңде сотталғандар ақынның табиғат лирикалары мен өнер-ғылымға арнаған шығармаларын нақышына келтіріп орындады. Екінші кезеңде Абайдың қара сөздерін оқып,мән- мағынасын ашып, ойшыл ғұламаның сөздерінен ғибратты ой түйіндеді. Ал үшінші бөлім шарты бойынша дана тұлғаның дара өмір жолы мен шығармашылығы бойынша дайындалған сұрақтарға жауап берді. – Бұл іс-шараның мақсаты – сотталғандарды ұлы ойшылдың шығармашылығымен және өмірбаянымен таныстыру. Абай туралы қарапайым түсінік беріп қана қоймай, оны ата-бабалар мұрасы ретінде тануға, құрметтеуге, түсінуге үйрету. Абай өлеңдері еңбекке, ғылым, өнер үйренуге, адамгершілікке тәрбиелейді. Сол себепті оның шығармалары мен қара сөздерін сотталғандардың жатқа айтуы олардың түзелуіне үлкен септігін тигізетіні анық, – дейді мекеме бастығының тәрбие жөніндегі орынбасар, әділет майоры Қайрат Олжабаев. Жарыс нәтижиесінде Абайдың өмірбаяны мен қара сөздерін жатқа айтып, қойылған сұрақтарға толық жауап берген Н. есімді сотталған 1-орынды иеленді. Талғат Меңдібай бұл жазасын өтеушіге «Адамзаттың алтын тәжі» атты Мұхамед пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірбаяны жайлы кітапты сыйға берді.

Ал екінші, үшінші орын алған сотталғандарға таза табиғи заттардан жасалған «Балқаймақ» дүкен өнімдері таратылды. Өлмейтұғын артына сөз қалдырған ойшыл, ақын, ағартушы, қазақтың қайталанбас дара тұлғасы Абай Құнанбайұлының даналығы, жаза басып, жаңылған жандарды түзу жолға салуға игі әсері болғаны анық. Өйткені сотталғандар өткізілген іс-шарадан жақсы әсермен қайтты.  – Бүгінгі жарыс маған ұнады. Ғұлама Абайдың қара сөздерінің мәні зор екен. Бұл жерде бос уақыт көп. Енді алдағы уақытта Абай қара сөздерін алдырып оқимын, – деді 8 жылға бас бостандығынан айырылған 22 жастағы азамат.