Барлық құқықтар қорғалған.

0
695

16 қазанда Жаңаөзен қаласында Әмин Тұяқов атындағы стадионда дәстүрлі садақ атудан әртүрлі жас санатында алғаш рет I Республикалық чемпионат өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Айта кетейік, мұндай чемпионат елде алғаш рет өткізіліп отыр. Дәстүрлі садақ ату сайысына еліміздің әр өңірінен 200-ден астам садақшы қатысты. Чемпионатқа Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының басшысы Исламбек Салжанов, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. – Маңғыстау ежелден салт-дәстүрді берік ұстанған, сыр мен ғажайыптарға толы киелі өлке саналады. Соның бір дәлелі – тәуелсіз елде алғаш рет ұйымдастырылып отырған «Ұлы дала жорығы» марафонының жеңімпаздарының ерлігі. Мемлекет басшысының еліміздің әрбір азаматы рухани, білімді, бәсекеге қабілетті болуы керек деген тапсырмасы аясында спорт кешендері салынып, жөндеуді қажет ететіндері күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Әсіресе, соңғы жылдары ұлттық спорт түрлеріне ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын ерекше атап өткім келеді. Бұл үрдіс одан әрі жалғасады. Ата-бабадан қалған қаруды спорттық мақсатта пайдаланып, осы спорт түрімен айналысқандарыңыз үшін сіздерге алғыс айтамын. Барлық қатысушыларға сәттілік пен жеңіс жолында табандылық тілеймін, – деді аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев. Облыста дәстүрлі садақ ату спортымен 400-ге жуық спортшы айналысады. Оның ішінде 10-15 спортшы – республикалық және халықаралық жарыстарда облыс намысын лайықты қорғап жүргендер.

Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Қазақстанда алғаш рет дәстүрлі садақ атудан республикалық чемпионат өтті | Қазақстандағы Ислам