Терроризм туралы жалған ақпарат таратқан оқушының ата-анасына айыппұл салынуы мүмкін

0
534

Алматы облысында терроризм актісі туралы жалған хабарлама берген жасөспірім ұсталды. 30 қарашада Талғар аудандық Полиция басқармасының кезекші бөліміне колледждердің бірінде терроризм актісі болатыны жайында ақпарат келіп түскен, деп  Zakon.kz  сілтеме жасап  «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты жазады. Оқиға орнына саперлер, кинологтар және басқа да мамандар шақырылып, ғимарат түгел тексерілген. Ақпарат расталмады. Бұл құқық бұзушылық Талғар ауданы полиция басқармасында ҚР ҚК 273-бабы «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама» бойынша тіркелді. Жедел-іздестіру жұмыстары барысында полиция қызметкерлері Алматы облысы бойынша ҰҚКД-мен бірлесіп күдіктінің жеке басын анықтады. Қазіргі уақытта тергеушілер кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдері мен психологтардың қатысуымен барлық қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл (бүгінде 14,5 млн теңге) не сол мөлшерде түзеу жұмыстары түріндегі жаза, сонымен бірге бес жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айыру көзделген.