Республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі, Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының бас имамы Юнус Қадырқұлұлы арнайы сапармен Атырау өңірінде болды.

Алдымен ұстаз Юнус Қадырқұлұлы орталық «Иманғали» мешітінің жамағатымен кездесті. Кездесу аясында Алланың нығметі, туыс-туған мен мұсылман арасындағы бауырмашылдық тақырыптарында насихат айтты.

«Бауырмашылдық – Алла Тағаланың адам баласына берген   ұлы нығметі  иманнан кейінгі қасиетті ұғым. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Кезінде бір-біріңе бітпес дұшпан едіңдер, ал бүгін, Алла тағала жүректеріңді жарастырды. Сөйтіп Оның баға жетпес нығметінің арқасында бір-біріңе бауыр болдыңдар» дейді. Алаш арысы Әлихан Бөкейхан бір сөзінде:  «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады» деген. Сондықтан, қоғам алдындағы міндетіміз – ізгілікті насихат ету. Бойымызға жақсылық қасиеттерді көбірек дарытсақ, несібеміз де мол болады» деп атап өтті ұстаз Юнус Қадырқұлұлы.

Сондай-ақ РАНТ мүшесі «Иманғали» орталық мешіті жанындағы медиа орталықта сұхбат берді. Сұхбат барысында ұстаз қоғамды аздыруға бағытталған әрекеттер, нәпсімен күрес, адам болмысының жаратылысы туралы тақырыптарға тоқталып өтті.

Бұдан кейін Юнус Қадырқұлұлы Мақат ауданына барды. Аудандық орталық мешітте жамағатпен кездескен ұстаз құптан намазының алдында уағыз-насихат жүргізді. «Аллаға деген махаббат және Алла разылығы үшін адамзатты жақсы көру» тақырыбында насихат айтқан ұстаз жамағат тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Ал Жылыой ауданына жұмыс сапары барысында РАНТ мүшесі жергілікті имамдарға дәріс оқыды. «Алла жолында еңбек етудің сауабы» тақырыбында дәріс оқыған Юнус Қадырқұлұлы имам болудың аса жауапты қызмет екенін атап өтті.

«ХXI ғасырдың имамына тек Құран мен сүннет, фиқһ пен ақиданы білу аздық етеді. Тек мешітте уағыз айтып, намазда имамдық етумен шектелмей, қоғамдық мәселелерге де белсене қатысу  – заман талабы. Өмір сүріп жатқан заманымыз өзгерістер мен қауіп-қатерге толы. Өз ортасына лайықты имам да діни мәселелерден басқа тарихтан (Қазақстан тарихы, әлемдік тарих), географиядан т.б. ғылымдардан сондай-ақ, қоғамда болып жатқан оқиғалардан хабардар болуы керек. Ақпараттық технологиялар шарықтап тұрған ғаламтор әлемі де өте өзекті. Себебі, көпшілік әсіресе жастар ақпаратты көп жағдайда итнернеттен алады. Жат ағымдардың өз идеологияларын насихаттауда аса белсенділік танытып отырған бұл платформаны игеру имамның басты міндеттерінің біріне айналуы тиіс-ақ.

Ғаламтор жамағаты жат ағымның жетегінде кетпес үшін заманауи имам кибер әлемдегі насихатына білек түріп кіріскені жөн. Бұған қоса дін қызметкері «Алланың алдына қуатты мұсылман әлсіз мұсылманға қарағанда ұнамдырақ. Және бұл екеуінде де жақсылық бар» деген Алла Елшісінің (с.ғ.с) хадисіне амал етіп,  бір уақытын спортқа бөлгені де дұрыс» деп атап өтті ұстаз Юнус Қадырқұлұлы.

Сонымен қатар ұстаз жылыойлық жамағатпен кездесіп, «Пайғамбар өмірбаяны» тақырыбында рухани уағыз-насихат айтты.

От haqjoly.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *