Бас мүфти: Дәстүрлі Ислам мектебін қайта қалыптастыру бағытында жұмыс істеу керек

0
315

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өңірлердегі бас имамдармен арнайы кездесу өткізді. Басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік органдар басшыларымен өткізген кеңесінде айтылған тапсырмалар талқыланды. ҚМДБ Төрағасы бас имамдармен бірге дәстүрлі Ислам дінін дәріптеу мақсатындағы ҚМДБ жұмыстарын пысықтады. «Кеше Президент еліміздің дамуын айқындайтын жиында дін мәселесін көтеріп: «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет. Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Шын мәнінде, бұл – өте маңызды мәселе. Оны бетімен жіберсек, ұлттық салт-санамыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Әкімдерге құзырлы органдармен бірлесіп, дін саласындағы жұмысты жандандыруды тапсырамын», – деді. Бұл – Мемлекет басшысының бізге жүктеген тапсырмасы. Сондықтан жергілікті әкімдіктермен бірігіп, ұлттық салт-сананы жаңғырту, дәстүрлі Ислам мектебін қайта қалыптастыру бағытында жұмыс істеуіміз керек», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы. Бас мүфти өз сөзінде бүгінде түрлі жат ағымдардың ата-баба жолына тосқауыл жасауға әрекет етіп жатқанын айта келіп, дәстүрлі Исламды дәріптеуге арналған іс-шараларды ұлғайтуды, мешіттерде бабалар ұстанған дәстүрлі дінді көбірек дәріптеуді тапсырды. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мақсатта «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп», «Дін мен дәстүр» (ІІІ томы) кітаптарын жарыққа шығару және Ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы ҚМДБ рөлі жобасын қолға алуды және ҚМДБ-ның 2023-2027 жылдарға арналған даму стратегиялық бағдарламасын дайындауды мүфтият қызметкерлеріне жүктеді. Сондай ақ облыстарда жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып халыққа пайдалы танымдық іс-шараларды ыждағатты атқарады атап өтті.