Өз күнәларың үшін кешірім сұра!

0
463

Мен, Байгобенов Есенгали Серикович 1991 жылы Түрікменстан Республикасындағы қазақтар қоныстанған «Мары» облысынлағы көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Үйде он ағайындымыз, мен тоғызыншысымын. Балалық шағым сол жақта өтті. Мектепті тәмәмдаған соң, ата-жұртымыз Қазақстанға Ақтау қаласына 2009 жылы қоныс аудардық.

Атамекенге келген соң, әртүрлі салада 3-4 жыл жұмыс атқардым. Сосын, 2012 жылы әскер қатарына шақырылып, Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышымды өтедім. Қазақстанға келіп, әскери салада еліме адал қызмет атқару бала күнгі арманым еді. Сол арманымды жүзеге асыру мақсатымен главный развед управлениеге (ГРУ) жұмысқа кіру үшін, құжаттарымды жинап, бүкіл емтихандардан өттім. Жұмысқа орналасуға (бұйрық) шыққанын күтіп жүргенімде, өмірімде бір үлкен жағдай орын алды. Менің достарым, ағайын-туыстарымның арасында (лохотрон, INBET) бүкіл ақшаларын ұтылып, отбасыларынан айырылып, әйел, бала-шағаларымен ажырасып жатқанын көрдім. Осы жағдайларға ызаланып, құмар ойынханаларын жабу үшін ашу үстінде қасыма достарымды ертіп алып, сол жерлерді тонауға кірістім. Содан кейін, ҚР ҚК-нің 192-бабы, 4-бөлігімен, яғни қарақшылық бабымен кінәлі деп танылып, 12 жыл мерзімге бас бостандығымнан айырылдым.

Ақтау қаласындағы ГМ 172/6 түзеу мекемесіне келдім. Сол мекемеге келгеннен кейін, істеген күнәларыма, қателіктерім үшін, ата-анамның үмітін ақтай алмағаныма қатты өкіндім. Барлығыда қызуқанды жастықпен ашудың жетегінде 12 жылға темірторға қамалғаныма күйіндім. Алладан кешірім сұрап, 2020 жылы намаз оқып бастадым. Сол уақыттарда ислам дінін жамылған әртүрлі ағымдағы адасқан қандас қазақ бауырларымды көрдім. Бір-бірімен әрдайым құлшылыққа, намазға, дінге келгенде сөз тартысып, бірін-бірі тыңдамай, айқай-шу көп болатын еді.

Алла тағала Құранда: «Расында, иман келтіргендер бір-біріне бауыр» ,-деген жоқ па?! Ендеше, неге олар бір-біріне көркем мінезбен, мейірімділікпен, бауырмалдықпен қарамайды. Біздің асыл дініміз – ислам тек қанаАллаға ғана құлшылық қылу, ата-ананы, үлкендерді құрметтеу, туыстық қарым-қатынасты жақсы ұстану, бір-бірімізге кешіріммен, мейіріммен қарауға негізделген ең ұлы таза дін емес пе?!

Осы алауыздықтың барлығы діни ақпаратты, білімді интернет желілерінен іздеудің нәтижесінде жат ағымның жетегіне түсіп, ақыры соңында түрмеге түскен қазақ бауырларымыздың қателіктерінен болып жатқан нәрселер.

Ешқайсысының асып-тасып тұрған білімдері де жоқ. Бес-алты хадис, Құраннан үш-төрт аят жаттап алып, ол хадиспен аяттардың мағынасына, тәпсір-шархтарына үңіліп, мән берместен бір-бірімен сөз таластырып, адамдардың арасына іріткі салу, рия үшін ғана намаз оқитындарды да көрдім. Қазақтың ұлы ақыны Абай атамыздың мына сөзі орынды:

Адам бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боларсың, десең тағы.
Сенімен мен тең бе?,- деп мақтанасың,
Білімсіздік сол баяғы, деген.

Менің мұсылман бауырларыма айтарым: Білімсіздіктің кесірі түбі осындай адасушылыққа, ата-анадан, бауырдан, отбасынан айырылып, түбінде түрмеге отырумен аяқталады. Сол үшін дін саласындағы білім беріп жүрген ұстаздардан, имамдардан білім алуымыз керек. Сонда ғана біз тура жолда боламыз. Имам Бұхари айтқан: «Білім – сөздермен амалдардан бұрын тұрады» деген.

2021 жылы Ақтау қаласындағы ГМ 172/6 түзеу мекемесінің жабылуына байланысты, қазіргі таңда мен Түркістан облысы Төлеби ауданында орналасқан №55 мекемеде жазамды өтеудемін. Мекеме басшылығы мен имам-теологтарға ризашылығымды білдіргім келеді. Әр ай сайын мекемедегі намаз оқитын сотталғандардың басын қосып, олармен сұхбат, тәрбие жұмыстарын жиі-жиі жүргізеді. Дін істері басқармасының қызметкерлерімен имам-теологтармен бірлесіп көптеген іс-шаралар өткізді. Намаз оқитын сотталғандар көкейінде жүрген көптеген сұрақтарына жауап тауып, тура жолға түсулеріне себепші болып жүр. Тәуелсіз қазақстанымыздың тыныштығы үшін, көркейуіне, адамдарға тура жолды нұсқап жүрген осындай қызметіне шын берілген, адал азаматтарымыз көп болса екен деймін.

Темірторда отырғаныма биыл 6 жыл уақыт болыпты. Істеген күнәларымды, қателіктерімді түсіну үшін осы алты жыл уақыт маған жеткілікті болды. Аяулы анашымды көрмегеніме де осыншама уақыт өтті. «Ата-ананың разылығы – Алланың разылығы» деген. Қазіргі таңда менің басты мақсатым: үйіме тезірек оралып, зейнеткер анамның жағдайын жасап, немере сүйгізіп, еліме қызмет жасағым келеді.

Әр қазақ менің жалғызым демекші қоғамда болып жатқан жағдайларды, діни сауатсыздықпен адасушылықтың құрбан болған бауырларымызды өз көзіммен түрмеде көрген соң. Өз ойымды қағазға түсіруді жөн болар жеп шештім.

Менің жазған осы мақаламды оқыған әрбір мұсылман бауырларымызбен қаракөз қарындастарымыз дұрыс шешім шығарса менің қоғамға қосқан бір үлесім, пайдам осы болар. Осы жазған мақалам «Өз күнәларың үшін кешірім сұра» деп қою себебім. Ұлы Алладан басқа ешбір тәңір жоқ және өз күнәларың үшін кешірім сұра» (Мухаммед 19).

Алла Құранда бізге «Ей ақыл иелері… дейді, Адамзаттың басқалардан жан-жануарлардан, өзге де мақұлықтардан айырмашылығымыз біздің сана-сезімімізде, қадір-қасиетімізде. Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.с) сара жолымен жүрсек біздің тыныштығымызды, бірлігімізді ешкім де бұза алмайды.