“Алаштану” жобасы студенттерге жаңа серпін берді

0
343

Қасиетті Рамазанның берекелі кешінде “Нұр-Мүбарак” университетінде Алаш зиялыларын «тірілтіп», тарихты жаңғыртушы шығармашылық топпен кездесу өтті. Әрбір көрерменнің ұлттық рухын оятып, елге деген сүйіспеншілігін арттырған «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Міржақып. Оян, қазақ» фильмдері Нұр-Мүбарак студенттеріне бір ай бойы арнайы көрсетілген болатын. Сол фильмдерді жарыққа шығарған режиссер Мұрат Есжан, актер Бақыт Қажыбаев, продюсер Айсауле Әбділда және арнайы шақырылған алаштанушы жас ғалым Елдос Тоқтарбаймен жастар арнайы жүздесті. Университет проректоры, PhD доктор Қайрат Құрманбаев қазақ қоғамы үшін өлшеусіз еңбек еткен Алаш Орда қозғалысы мен тұлғалары жайлы айта келе, оларды әрбір қаракөз білуі тиіс деген мақсатта өткен Алаштану айлығы жайлы айтып өтті. Бұл жаңалық фильмдер авторларына ерекше әсер етіп, Нұр-Мүбарак университетінің тарихымызға, Алаш зиялыларына деген құрметіне ризалығын білдірді. Режиссер Мұрат Есжан: “Алаш қозғалысы, тұлғалары, олардың өмір жолы бізге өте маңызды. Себебі бұл қазақтың азаттыққа деген ерекше ұмтылысы, интелектуалды ұмтылысы. Олар бойындағы барлық потенциалын сарқа жұмсап, азаттық үшін күресіп қана қоймай, ұрпаққа өшпес үлгі қалдырды. Олардың қалпын бұзбай, шама келгенше насихаттау бізге міндет. Фильмдер шыққаннан кейін қоғамда жаңа құбылыс, талпыныс пайда болғаны, Алаш зиялыларының зияткерлігінің жалғасып жатқанын көрсетеді,-деп, фильм түсірудегі қиындықтары жайлы сөз етті. Себебі алаштықтар жайлы нақты арнайы зерттелген еңбектер жоқтың қасы. Сондықтан фильмдер  тарихи фактілерге сүйеніп, 80-нен аса дереккеөздер негізінде шындыққа құралған” деді. Студенттер келген қонақтардың әрбірінің сөзін ұйып тыңдап сауалдарын қойып жатты. Басты рөлдегі Бақыт Қажыбаев фильмге түсу үшін Гүлнәр Міржақыпқызының еңбектерін оқып, Міржақып атамызды «тірілту» үшін барын салғанын айтты. Ал алаштанушы Елдос Тоқтарбайға да жастардың сұрағы аз болмады: «Дін мен ұлт бір ғой, Алаш та ұлттың тарихы. Міржақыптар қазақ жері, мүддесі үшін ғана емес, тіліміз бен дініміз үшін күрескен тұлғалар. Алаш қозғалысын қай қырынан қарасақ та, жер, тіл, дін үшін өмірлерін қиған. Сондықтан болашақ дін саласының қызметкерлеріне Алаш тұлғаларын насихаттау, еңбектерін зерттеу өте маңызды дер едім,-деді. Ауызашарға жалғасқан ораза айындағы бұл жүздесу – тарих пен тағылымды ұштастырып, жастарға жаңа рух сыйлады.