Әбу Ханифа һижри жыл санауы бойынша 80 жылы (милади 699 жылы) Куфа қаласында Омеядтар (Әмәуи) халифасы Абдул Мәлік ибн Маруанның халифалық тұсында дүниеге келген. Ата-бабасы Кабулдан қоныс аударған. Өмірінің елу екі жылын Әмауилер кезеңінде, ал қалған он сегіз жылын Аббасидтер кезеңінде өткізді.

Әбу Ханифаның әкесінің аты – Сәбит, атасының есімі – Зәута. Әбу Ханифаның ұлтын араб, набатей, түркі, т.б. дегендер кездескенімен, Әбу Захра оның дәулетті парсы әулетінен шықты деген көзқарасты көпшілік ғалымдар қолдайтынын айтады. Атасы Зәута Вавилонда туылған. Бір риуаят бойынша, арабтар ол жерлерді қол астына алғанда атасы тұтқынға түсіп, Тайм ұрпағынан Сағләбәның немесе Бәкірдің ұрпағы Уәйлдің құлы болып, кейіннен азат етілген десе, екінші бір риуаятта оның ата-бабаларының ешқашан құл болмағандығы айтылған.

Имам Әбу Ханифа мәуәли ғалымдары санатынан. Осы мәуәли ұғымына келсек, ол араб тіліндегі сөздікте «Қорғаушы, көмекші, ие, дос, азат етуші қожайын, азат етілген құл» деген мағыналарды береді. Ал термин ретінде ол – өз еркімен Исламды қабылдаған ұлты араб емес мұсылмандарға берілген атау. Ал олар екі топқа бөлінеді. Алғашқысы соғыста тұтқынға түсіп құл болған, кейін иесі азат еткен мәуәлиул-итақа, екіншісі – жаулап алынған елдердің арасында тұтқынға түскенімен құл болмаған, араб тайпаларының біреуімен келісіп, қоғамда беделін сақтау үшін күшті рулармен келісімге келіп, паналаған араб емес мұсылмандар. Оларды «Мәуәлиул-Ислам, мәуәлиул-муалат, мәуәлиул-ахд» деп атаған. Сондықтан, Әбу Ханифаның немересінің ант іше отырып, аталарының құл болмағандығын айтқанын ескерсек, Әбу Ханифаның әкесінің осы екінші топ мәулиден шыққанын айтуға негіз бар секілді. Әбу Ханифаның арғы атасы Мәрзубан (Мах) дәулетті кісі болған. Өйткені, мәрзубан – парсы тілінен аударғанда бай деген мағынаны білдіретін лақаб ат, әрі Пәхләуйлар мен Сасанидтер кезеңінде мәрзубан деген атақ аймақ басшыларына берілген атау.

Қалай дегенде де, атасының тұтқындалып, құл болуы ұзаққа созылмаған. Мұсылмандықты қабылдап, азаттығын алғаннан кейін аз уақыттың ішінде бұрынғы дәулеті мен беделіне қол жеткізген. Бұны атасы Зәутаның Куфада төртінші халифа хазірет Алимен (р.а.) жолығып, Наурыз мейрамында оған мухаллаба (тәтті) сыйлағанынан байқаймыз. Өйткені, ол кездері халифаға тек байлар ғана мухаллаба сыйлай алатын еді.

Осы жиында хазірет Али (р.а.) Зәутаның қасындағы баласы Сәбитке ізгі ұрпақ нәсіп болуын тілеп, «Аллаһ тағала балаңызға және оның болашақ ұрпақтарына мол береке берсін!» деп дұға қылған. Имам Ағзамның немересі Исмаил ибн Хаммад «Біз осы дұғаның қабыл болғанына сенеміз», – дейді. Шын мәнінде, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ұрпағын жалғастырған ілім дариясы хазірет Алидің дұғасы орындалып, барша мұсылман үмбетіне ізгі іс қалдырған Әбу Ханифа дүниеге келді. Бәлкім, Әбу Ханифаның Пайғамбар ұрпақтарына деген терең сүйіспеншілігінің астарында да осы дұға жатқан болар, кім білсін. 

Айта кететін жайт, атасы құл болсын, болмасын, Әбу Ханифаның өзі азат әкеден азат болып туылған. Атасының құл болып-болмауы оның білім денгейіне, абырой мен сый-құрметіне, тақуалығына көлеңкесін түсіре алмайды. Ол адамзат алдындағы мәртебе абыройға дәулеті немесе араб болмағанынан емес, қайта болмысындағы парасаттылық, тақуалық және ақылдылығының арқасында қол жеткізген.

Жалпы, Ислам қағидасы бойынша арабтың араб еместен ешқандай да артықшылығы жоқ. Аллаһ тағала Құран кәрімінде «Аллаһтың құзырында ең ардақтыларың тақуа болғандарың» деуде. Аллаһ елшісі (с.а.с): «Барлығың Адам атадан тарадыңдар, ал Адам ата топырақтан жаралды, араб пен басқа ұлттардың арасында ешқандай айырмашылық жоқ, айырмашылық тек тақуалықта ғана» деп, бұл ұстанымды шегелеп тұрып белгілеп кеткен. Сахабалардың арасында да әуелі құл болып, азат етілгеннен кейін тарихта аттары қалған сахабалар жетерлік. Пайғамбарымыз (с.а.с) Салман әл-Фарисиді әһлі бәйттен санап: «Салман бізден, әһлі бәйттен» деген. Туысы болмаған Биләл Хабашиді туысқаным десе, бір атадан тараған, қандас туысқаны Әбу Жәһилді туысым деп санамаған. Әуелі өзіне құл болып келген Зәйд ибн Хәрисаға Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) азаттық беріп қана қоймай, тіпті, өз баласындай көріп «Ұлым» деп кеткен-ді. Оның баласы Усаманы Әбу Бәкір, Омар (р.а.) сынды алағашқы саптағы сахабалардың өзіне қолбасшы етіп қойғаны тарихтан мәлім. 

Шын аты: Көпшілік ғалымдар Әбу Ханифаның шын аты ән-Нұғман ибн Сәбит ибн Зәута екендігін айтқан. Нұғман деген негізгі атының да өзіндік мағынасы бар. Ол «Тәнге қуат беретін қан немесе жан» деген мағынаға келеді. Нұғман деп аталуының себебі, кейінгі кезеңде оның фиқһ ілімінің алып ұстазы атанып, сіңірген еңбегіне байланысты адам бойында тіршіліктің негізі саналған денедегі қан секілді қызмет етуінде жатса керек. Сонымен қатар, Нұғман сөзін «Ниғмадан» туындаған десек, онда «Аллаһ тағаланың құлдарына жасаған нығметі» дегенді білдіреді. Шын мәнінде, оның мұсылман әлеміне сіңірген еңбектері мен қалдырған мол мұрасынан атына заты сай болғанын көреміз.

Лақаб аты: Араб елінде лақап атпен атау құрмет-сыйды білдіреді. Алып имамның кең танымал лақабы – Әбу Ханифа. Әбу Ханифа сөзінің негізі «Ханиф» сөзінің муәннәс (женский род) формасынан тарайтын араб әдеби тілінде «Тақуа құл» деген мағынаға саятын «Ханифадан» келеді. Ал Ирак диалектісінде «Ханифа» деп жазу құралын атаған. Яғни, Имам Ағзам үнемі қаламды беліне тағып алып жүргендіктен солай аталып кеткен деген де көзқарастар бар. Сонымен қатар, Ханифа атты қызы болғандықтан осы лақаппен аталған деген пікірлер кездескенімен, оны ғұламалар құптамаған. Өйткені, оның Хаммадтан басқа ұл немесе қыз баласының болғаны жайлы нақты мәлімет жоқ.

Басқа да риуаяттарға зер салсақ, ғалымдардың айтуынша, «Әбу» сөзінің аудармасы «Әке» мағынасымен қатар, «Иесі, өкілі, басшысы, жетекшісі», ал ханифа сөзі «Хақ, тура жол» дегенді де білдіреді. Олай болса, Әбу Ханифа деген сөздің мағынасы «Хақ жолдың бастаушысы, тура жолдың жетекшісі» дегенге саяды. Демек, Әбу Ханифа халыққа дұрыстығы әрі туралығымен танылғандықтан, қалың жұртшылық Имамға «Хақ дін, тура жолдың басшысы» деп лақап тағып құрметтеген. Осы айтылған анықтамалардың барлығы Имам Ағзам Әбу Ханифаға лайық десек, артық айтқандық емес. Оның өмірімен тереңірек танысқанда бұған көз жеткіземіз.

Әбу Ханифаның толық аты ән-Нұғман ибн Сабит ибн Зәута. Зәутаның баласы Сәбит, Сәбиттің баласы Әбу Ханифа Ән-Нұғман. Ал Әбу Ханифаның баласы Хаммад, Хаммадтан екі ұл тарайды: Омар мен Исмайл. Шежіресін былайша қысқаша көрсете кетейік:

Атасы — Зәута (Нұғман), Әкесі — Сәбит, Өзі — Әбу Ханифа, Баласы — Хаммад, Немерелері — Омар және Исмайл.

Ғылыми танымының қалыптасуы

Әбу Ханифаның ғылыми танымының қалыптасуына туған жері Куфа өз әсерін тигізді. Куфа көне мәдениеттердің бесігі болумен қатар, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларының да көптеп қоныс аударып, сол сахабалардың ілім кәусарынан сусындаған табиғиндардың өмір сүріп, ілім шырағын шартарапқа таратқан айтулы өңір болатын.

Болашақ мұсылман үмбетінің шамшырағы Әбу Ханифа бала күнінен Құранды жаттап өсті. Құран ілімін атақты жеті қырағат ғалымы Имам Асымнан үйренеді. Құранға деген ыстық ықыласы сонша, рамазан айында Құранды 60 рет хатым еткендігі риуаят етілген. Жас кезінде саудамен айналыса жүріп, хадис және фиқһ ғалымдарынан сабақ алды. Араб тілі мен грамматикасын, әдебиетін меңгерді.

Әбу Ханифа ілім алумен қатар, ешкімге кіріптар болмау үшін әкеден қалған кәсібіне, яғни саудаға көбірек көңіл бөлемін деп, көбіне ілім алқаларына тұрақты қатыса алмайтын. Ғұламалардың біразы Әбу Ханифаның зеректігін, ақылдылығы мен ерекше алғырлығын байқап, мұндай зеректік, данышпандықтың сауда жолында ғана жұмсалуын обал санап, саудаға мән бергенінен гөрі ілімге бет бұрғанын қатты қалады. Солардың бірі әш-Шағби еді. Әбу Ханифа бұл жайында былай әңгімелейді:

«Бір күні әш-Шағбидің жанынан өтіп бара жатқан едім. Мені қасына шақырып алып:

– Қайда барып жүрсің? – деді.

– Базарға, – дедім.

– Оны сұрап тұрғаным жоқ, қай ұстаздан ілім үйреніп жүрсің?

– Ешқайсысының сабағына тұрақты барып жүрген жоқпын.

– Білім алуды және білімді кісілермен жолығуды ешуақытта тастама. Сен зерек, ақылды да, ерік-жігері мол жігітсің, – деді. Оның бұл сөзі маған айрықша әсер етті. Содан бастап көп уақытымды ілім алуға бөлдім. Аллаһ тағалаға мың да бір шүкір, Шағбидің ақылы менің ілімге терең бойлауыма себепкер болды», – дейді.

Осылайша, Әбу Ханифа ілімге біржолата ден қояды. Алайда, саудадан да қол үзбейді. Өмірінің соңына дейін өзінің сенімді серіктестері арқылы кәсібін жалғастыра берді. Ара-тұра досынан сауданың мән-жайын біліп, шариғатқа сай болуын қатаң қадағалайтын.

Әбу Ханифаның ілімнің қай саласынан бастағаны жайлы түрлі риуаяттар бар. Солардың бірінде сол кездегі оқытылатын ілімдердің бәрін салыстырып барып, әуелі ақида (кәләм) ілімімен шұғылданып, ақырында фиқһ ілімі тура жолдан адастырмайды деп тоқтамға келгендігі айтылады. Имам Зәхәби бұл риуаяттардың дұрыстығына күмән келтіре отырып, сынға алған. Осы риуаяттарда әуелі Әбу Ханифа ақида ілімімен айналысқан делінеді. Зәхәби ол кездері әлі ақида ілімінің жүйелі түрде қалыптаспағандығын атап көрсетеді. Десе де, сол кездері төртінші халифа Али ибн Әбутәліп кезеңінде орын алған Жәмәл (656 ж.), Сыффин (657 ж.) және төреші тағайындау мәселесі кәләмдық мәселелердің тууына жол ашты. Осы оқиғалардан кейін «Үлкен күнә, амал-иман, тағдыр, Құранның махлуқ (жаратылған) болып-болмағындығы, Аллаһ тағаланың мүтәшәбих (антропоморфтық) сипаттары секілді кейбір тақырыптар қызу талқыланып, мұсылмандардың арасында қадария, жәбрия, мүржия, муғтазилә секілді топтар, сонымен қатар, әуелі саяси бағыт ұстанып, кейін сенімдерін діни негіздермен байланыстырған харижиттер мен шииттер шыққан еді.

Әбу Ханифаның әуелі кәләм ілімімен айналысқанын айтушылар оның «Әл-Фиқһул-әкбар» деген кітабына сүйенген. Шын мәнінде, ондағы тақырыптар кәләм ілімінде талқыланған мәселелерді қамтығанымен, оның кезеңінде жүйелі түрде қалыптасқан ақида ілімі бар еді деу қиын. Өйткені, ол кездері (хижра жыл санауы бойынша ІІІ ғасырға дейін) әрі Ислам ілімдері сала-салаға бөлініп, өз алдына дербес қалыптаса қоймаған еді. Имам Әбу Ханифаның өзі де кітаптарында термин ретінде кәләм ілімі жайлы сөз қозғамаған. Сөйтсе де, бертін келе ақида ілімінің негізгі мәселелері ретінде қабылданған әрі өзінің кітаптарында көтерген тақырыптарды «Дінде терең білім» ретінде қабылдап, кітабын «Фиқһ» деп атаған. Тіпті, оған «Фиқһтың абзалы» деген. Өз сөзімен айтқанда, «Фиқһтың абзалы – адамның Аллаһ тағалаға деген иманы, шариғат пен сүннеттерді, жаза түрлерін, үмбеттің бір ауыздан келісуі мен (ихтилаф) пікір айырмашылықтарын да білуі» деген.

Қалай дегенде де, ақида ол кезде әлі ғылыми жүйе ретінде қалыптаспаған еді. Десе де, Әбу Ханифаның ақида іліміне қаншалықты ықпал жасағанын Имам Шафиғи (қ. 204 һ.): «Халық тәпсірде Мұқатил ибн Сүлейменге (қ. 150 һ.), өлеңде Зубайр ибн Әбу Сулмаяға (ө.609 һ.), ал кәлам (ақида) саласында Әбу Ханифаға мұқтаж», – деп көрсеткен. Яғни, Әбу Ханифа қалыптасу жолындағы ақида ілімінің алғашқы өкілдерінен деуге болады.

Осы жерде тағы бір назар аудара кететін жайт, Әбу Ханифа фиқһ іліміне бет бұрғаннан кейін ақида (кәләм) мәселелерімен айналысуды доғарған, кәләммен айналысуға тыйым салған деген көзқарастар тарихи шындыққа аса сәйкес келе бермейтін секілді. Өйткені, кейбір зерттеушілердің айтуы бойынша, ақидаға қатысты пікірлерін қамтыған «әл-Уасия» атты еңбегі өмірінің соңғы жылдарында жазылған. Әбу Хафс Омар әз-Зәнәнжәри Әбу Ханифаның кәләм алқасының болғанын, харижиттер, шииттер, дәхрилер секілді ағымдармен пікірталастыруының фиқһқа бет бұрғаннан кейін де жалғасқандығын жеткізген. Ал Имам Ағзамның тыйым салған кәләм ілімі бастауын Құран мен сүннеттен алмайтын, ақиққатты емес, жалғанды қорғауды, өзінікін дәлелдеп, қарсыласының пікірлерін жоққа шығаруды мақсат еткен кәләм. Әйтпесе, жоғарыда келтіргендей, өзінің «Фиқһтың абзалы» деп атап, имансыздыққа қарсы Ислам ақиқаттарын дәлелдеу үшін қолданған кәләмға тыйым салмаған. Шағбимен болған оқиғадан соң оның түбегейлі ілімге бет бұрғанын көреміз. Ол 22 жасына дейін-ақ, сол кездегі мұсылман қоғамындағы жастар секілді ең қажетті ілімдерді оқып үйренген-ді. Әрі ұстазы Хаммадтың сабағына қатыса бастағаннан кейін кәләммен шұғылданбаған деу тарихи шындыққа жанаса қоймайды. Өйткені, ол өзінің ақида саласындағы еңбектері арқасында ақида ілімінің негізін қалап кеткен көрнекті ғалымдардың бірі.

Ол харижиттер мен қадарияларға қарсы әхлус-суннаның (сунниттік бағыттың) көзқарастарын қорғау мақсатымен жиырмадан көп мәрте Басраға барып, білімділігі мен білгірлігін дәлелдеген. Басра ол кезде әр түрлі ағымдардың қайнаған ордасы еді. Өмірінің алғашқы жылдарындағы секілді соңғы кезеңдерінде де қажет болған жағдайда ақида мәселелерін талқылаған. Әрине, оның фиқһпен терең айналысуы ақида мәселелерімен шұғылдануына кедергі жасаған емес. Ол кездегі ғалымдарға қарасақ, қазіргі кезеңдегідей тек бір мамандықты емес, түрлі мамандықтарды да қатар игергенін байқаймыз.

Ақида мәселелерімен айналысып, Исламның иман негіздерін қорғау мақсатында әр түрлі ағым өкілдермен пікірталасқа түскендігі оның пісіп-жетіліп, ғылыми танымының қалыптасуына ерекше ықпал жасады.

Жалпы, Әбу Ханифаның кезеңінде ғалымдар екі салада еңбек еткен еді. Біріншісі, тек Ислам фиқһымен шұғылданғандар. Бұлар басқа саладағы ілімдермен көп айналыспайтын, ары кеткенде қияс пен тахрижул ахадисті ғана оқитын. Ал екінші топтағы ғалымдар ақида мен кәләм саласын түбегейлі меңгеруге тырысатын.

Ол кездері осы фиқһ пен ақида саласын бірдей меңгерген ғалым жоқ еді. Ең алғаш осы екі саланы бірдей меңгеріп шыққан Әбу Ханифа болды. Жастайы-нан ілімге құштар, парасатты, әрі зеректігімен ерекшеленген ол осы екі салада да ең жоғарғы деңгейге жетті. Сонау ерте кезеңнің өзінде бір жағынан, ханафи фиқһының мектебін, ал екінші жағынан, әхлус-сунна уәл-жамағаттың ақида мектебінің де негізін қалап кетті. Ол фиқһ ғалымдары арасында жүйелі ойлау ұстанымдары мен әдіснамасын басшылыққа алып, сол әдістерді иман негіздері мен діни үкімдер шығаруда шебер қолданған ақида саласының алғашқы ғұлама-ғалымы. Міне, осы ерекшелігіне орай, Әбу Ханифа мен шәкірттерін рай мен қияс жақтастары деп атап кеткен. Әбу Ханифаның фиқһ пен ақида іліміндегі беделінің биік болғаны сол, сунниттердің тысындағы мұғтазилиттер мен мүржия секілді ағымдар оны өздерінің бағытынан етіп көрсетуге тырысқан.

Оның ғылыми танымының қалыптасуында тек қана білім алу жолы емес, сабақ беруінің де өзіндік рөлі болған. Өйткені, сабақтарын өзінің әр түрлі ғылым саласында білімдерін жетілдірген зерек шәкірттерімен пікірталас түрінде өткізгені мәлім. Ал оның сабақ беріп ілім үйренуі өмірінің соңына дейін жалғасқан.

Самат Уәлихан,

Ақпараттық түсіндіру жұмыстарын

ұйымдастыру және үйлестіру бөлімінің

 маманы

От haqjoly.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *