Ақтауда Республика күніне арналған жарыс өтті

0
257

Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің ұйымдастыруымен Республика күніне орай жамағат арасында дәстүрлі садақ ату турнирі өтті.

Жасөспірім қыздар мен ұлдар, ересек ерлер мен әйелдер және кәсіби садақшылар қатысқан сайыс барысында қатысушыларға садақ жебесін 10,15,18 және 30 метр қашықтықтан нысанаға дәлдеп тигізу талабы қойылды. Тартысты өткен жарысқа мерген жамағат өкілдері зор ықыласпен қатысып, бар шеберліктерін танытты. 

Жамағат арасында садақ атудан сайыс Ақтау мешітінің ұйымдастыруымен алғаш рет өткізіліп отыр. Жасөспірімдер мен ересектер жарысқа қуана-қуана қатысты деуге болады. Садақ ату- спорттың дәлдік пен мергендікті, сондай-ақ, үлкен дайындықты талап ететін ерекше түрі. Алдағы уақытта бұдан да жоғары дәрежеде, кең ауқымда турнир өткізуді жоспарлап отырмын,-дейді Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің наиб имамы Нұржігіт Абиев.

Мергендік жарысына қатысушылардың бірі – Хайди Нұржанқызы. 24 жастағы ару садақ атуды әкесінен үйренген екен. Психолог қыз алдағы уақытта спорттың бұл түрін дамытуға күш салып, қабілетімді шыңдаймын деп отыр.

Сонымен, сайыстың қорытындысы шығып, жеңімпаздар Ақтау қалалық Бекет ата мешіті атынан марапаттар иеленді. 7-15 жас аралығындағы ұлдар арасындағы жарыста Ибрахим Құрманғазыұлы 1 орын алса, 2 орынды Нұр Дастан иеленді, ал, 3 орынды Қанат Берекет алды. 

Әйел-қыздар арасындағы сайыста 1 орынға Салехех Пирамун, 2 орынға Қаракөз Қилыбаева, ал, 3 орынға Рима Атабаева лайық деп танылды. Ересек ер адамдар арасында өткен тартысты сайыста Ерболат Акимов 1 орынды жеңіп алса, 2 орынды Жұмабек Жаулыбаев, 3 орынды Нұрболат Елубай алды.  Ал, ересектер арасындағы 40 метрден садақ ату сайысына тәжірибелі садақшылар қатысып, 1 орынды Олжас Кемалов, 2 орын Жанәділ Қарабалин, 3 орынды Бауыржан Жұмағамбетов алды. 7-15 жас аралығындағы қыз балалар санатында 1 орынға Адия Ахметжан, 2 орынға Асылтас Бекболат, 3 орынға Марал ШүкірАлла лайық деп танылды. Мергендер жарысы мемлекетіміздің мәртебелі мерекесі – Республика күніне арналып, жеңімпаздарға фикһ ғибадаты мен асыл Пайғамбарымыздың өмірбаяны туралы ғажап кітаптар сыйлыққа берілді.