Вакцина салдыру – ең сенімді қорғаныс

0
834

Адамзаттың тарихына үңілер болсақ өмір сүру барысында қашанда өзіндік бір қиыншылықтарға толы болған. Солардың  бірі жұқпалы аурулар. Тарихтан бізге оба ауруы, Испан тұмауы, малярия, қара өлім, қара шешек т.с.с аурулар қаншама отбасының өмірін қиғанын бәріміз білеміз.Ауруды да  оның емін де  Алла беруші екендігіне барлық мұсылман баласы имам келтіреді. Емін Алланың өзі береді деп қол қусырып қарап отыру, аурудың емін іздемеу ол өзіне қол жұмсағанмен бірдей.

Медицина ғалымдары барлығы бір ауыздан жұқпалы аурулардан құтылудың немесе емі ретінде вакцина жасау екендігін мойындаған. Тарихтағы қаншама қатерлі аурулардан осы вакцина жасаудың есебінен ғана аман қалғаны ешкімге де жасырын емес.Қазіргі уақытта әлемді жаулаған Ковид-19 ауруы қаншама жанның өмірін қиып жатқанын өз көзімізбен көріп отырмыз. Соған қарамай вакцинаға сенісіздік танытып, оны жасатудан бас тартып, қарсы болып жүргендер де аз емес. Оған себеп те жоқ емес, әрине. Әлеуметтік желілерде әркім әртүрлі жалған мәліметтерді тарату арқылы қоғам арасында үрей ұялатып жатыр.Басқаны былай қойғанда шымкенттік дәрігер Айна Бакеева Ковид-19 ауруына қарсы вакцинацияның тиімділігін жоққа шығарып, ешкімді вакцинациялаудың қажеті жоқ деген үстірт те дәлелсіз пікірлер айтып жұртты дүрліктірді.

Шариғатта бір нәрсенің шын өтірігіне толық көзің жетпей ақпарат таратуға болмайды. Сондықтанда вакцинаға қатысты мәселелерді тек қана медицина қызметкерлеріне жүгіну керек. Өйткені Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде «Білмегендеріңді білім иелерінен сұраңдар деген. Сондай-ақ басқа бір аятында «Білетіндермен білмейтіндер тең бе?» деген. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі нақты дәлелдермен белсенді Айна Бакееваның негізсіз айтылған сөздерін нақты дәлелдермен жоққа шығарды. Министрдің айтуынша қазіргі уақытта Қазақстанда егу төрт препаратпен жүргізілуде: «Спутник-V»QazVacHayat-Vax (BBIBP-CorV) және CoronaVac. Бұл вакциналар клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулердің үш кезеңінен өтті. Бұл туралы есептер ашық түрде қол жетімді.

Қазақстанда қолданылатын КВИ қарсы вакциналардың барлығы бірдей қауіпсіз және КВИ ауыр жағдайларының алдын алуда өте тиімді екенін қазіргі нақты жағдайлар көрсетіп отыр.

Ковид 19 ауруына шалдыққан кезде немесе одан сақтанудың жолдарын біз әлеуметтік желілердегі блогерлер, саясаттанушылар немесе имамдардан сұрағанымыз дұрыс болмайды. Діни тұрғыдан вакцинаның құрамында арам нәрсенің бар жоғын ғана білу маңызды. Бұл орайда қазіргі вкциналарды алуға болатынын және қажет екендігі жайлы ҚМДБ-ның пәтуасы шықты. Соған қараамай арамызда вакцина салдырғанды шариғат тұрғысынан дұрыс емес деп уағыз таратып жүргендер де жоқ емес.

Ислам дінінде ең үлкен байлық денсаулық пен тыныштық екендігі жайлы көп айтылған. Жұқпалы аурулар жайлы Пайғамбарымыз (с.а.у) айтқан хадистері де жеткілікті. «Алапеске шалдыққан адамнан жыртқыш хайуаннан қашқандай қашыңдар (яғни қорғаныңдар). Алапес адам бір жерге баратын болса, сендер басқа жаққа кетіңдер. Алапеске шалдыққан науқасқа көп қарай бермеңдер. Олармен сөйлескен кезде де араларыңда бір немесе екі найза бойы қашықтықты ұстаңдар» – деген хадис шәріп арқылы ескерту жасайды. Бүгінгі күні медицина мамандары бұл қашықтықтың 70-80 сантиметрден кем болмауына кеңес береді. Басқа бір хадистердегі бұған қатысты сөздеріне назар аударалық: «Бір жерде оба ауруы шыққанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Егер бір жерде оба дерті шығып, сендер сол жерде болсаңдар, аурудан қашу үшін басқа жерге шықпаңдар», «Обадан қашқан адам соғыстан қашқан адамдай күнә жасаған саналады. Ал, сабыр етіп, оба шыққан жерден кетпей ажал тапқан адамға шәйіт сауабы жазылады» Пайғамбарымыз бұл хадисінде аурудан қорғану бойынша шектеулердің жай-жапсарын үйретеді. Осы нәрселерді біле -көре тұрып, өзіміздің өмірімізге қауіп төндіруімізге мүлде болмайды екен.

Алдағы уақыттарда бұрынғыдай тыныш замандарға қайту әрбіріміздің қолымызда. Өзіміз белсенділік танытып, ауруға   қарсы тұрмасақ Алла бізге көмекші болмайды. Өйткені Алла да әрекет еткен адамға, ұйымшыл қоғамға өз берекетін береді. Ковид 19 ауруының жалғыз емі вакцина болғаны үшін және өзіңізді және жақындарыңызды мына қатерлі індеттен қорғаудың ең тиімді әдісі болғаны үшін де баршаңызды вакцина салдыруға шақырамыз.

Айдос ОРАЛБАЕВ,
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
«оңалту жұмыстары және діни психологиялық қолдау» бөлімінің басшысы