Сотталғандар сынға түсті

0
424

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Түркістан облысының Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен облыстық ҚАЖ департаментіне қарасты ИЧ-167/9 қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде экстремистік және террористік іс-әрекеттері үшін сотталып, жаза мерзімін өтеуші ведомствоаралық есепке алынған тұлғалар мен діндар контингентті радикалсыздандыру бойынша «Тәуелсіздік тұғыры» тақырыбында 2 күндік іс-шара өтті.

Байқаудың бірінші күні жаза мерзімін өтеушілер арасында командалық білім сайысы ұйымдастырылды. Білім бәйгесі 4 кезең бойынша жүзеге асырылды. Бірінші кезеңде 6 топқа бөлінген сотталғандар өздері және командалары туралы таныстыру айтты. Екінші кезеңде еліміздің тәуелсіздік жылдары ел есінде қалған айтулы оқиғаларға қатысты билет жүйесімен сұрақтарға жауаптар берді. Бұл кезеңде тәуелсіздікпен қатар ислам дінінің Қазақстанға келу тарихы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылуы, Түркістан қаласының өткені мен Қазақ хандығына қатысты сұрақтар билет мазмұнына енгізілді.

Ал үшінші кезеңде халқымыз үшін дәстүрлі ислам құқықтық мектебі Имам Ағзам Әбу ханифа мәзһабының тағылымына қатысты сұрақтар қамтылды. Сенімдік Имам Матуриди мәзһабына қатысты сұрақ-жауап жүйесімен өткізілген ІV кезеңмен байқау қорытындыланды.

Білім байқауына Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің «Рухани жаңғыру және тәрбие бөлімінің» басшысы, тарих ғ.к. Қайрат Анарбаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Самат Сапарханұлы, Мирас университетінің оқытушысы, тарих ғ.к. Жамбыл Жауылбаев сынды білікті сарапшылар қазылық етті.

Қазылар алқасының шешімімен үздік деп танылған «Ақниет» тобы  І орынды иеленіп, алпыс мың теңгелік сертификатқа ие болды.

2-ші орын «Ханафи» тобына бұйырып, елу мың теңгелік сертификат алды. 3-ші орынға «Береке» тобы лайықты деп танылып, отыз мың теңгелік қаржылай сертификатқа ие болды. Бұл қаржылай ұтыстар сотталғандардың жеке есеп шоттарына аударылатын болады. Онымен қоса барлық қатысушыларға кәдесыйлар үлестірілді.

Байқаудың екінші күні жазасын өтеушілер арасында шағын футболдан жарыс ұйымдастырылды. Оған 36 жазасын өтеуші азамат қатысты.

Футбол жарысында  топ жарған «Нұр» тобы І орынды иеленіп, елу мың теңгелік сертификатқа ие болды. ІІ орын «Бірлік» тобына бұйырып, қырық мың теңгелік сертификат алды. Ал ІІІ орынға «Береке» тобы лайықты деп танылып, отыз мың теңгелік сертификат иемденді.

Қызықты әрі тартысты өткен 2 күндік байқауға қатысқан сотталғандар осы іс-шараны ұйымдастырып, демеушілік жасаған облыстық Дін істері басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығына алғыстарын білдірді.