Қайрат ЖОЛДЫБАЙ: Салафизм ұлттық құндылығымызға шабуыл жасады

0
724

Дін туралы айта бастағанда еріксіз қоғамға соға­мыз. Қоғам жайлы сөз бастасақ, дінді айналып өте алмай­мыз. Бұл дін мен адамзаттың әудем заманнан тұтасып кеткенін аңғартады. Бүгінгі қоғамдағы қор­да­ланған мәселелерде де діннің өз үлесі бар сияқтанып тұрады. Дінтанушы-имаммен құрған сұхбатымызда осы мәселелер айтылды. Кеңінен тарқатылмаса да, біршама сөз болды. Біз де кейіпкеріміздің көкейіндегі буырқанған ойларды сыртқа шығаруға тырыстық.

– Қайрат аға, Ұлттық кеңеске мүшесіз. Сізді ол кеңеске кім ша­қыр­ды?

– Руханият, дін саласында өзекті мәселелерді көтеріп жүр­­­гендіктен, маған да таңдау түс­кен екен. Ақордадан тікелей қо­ңырау түсті. «Егер қоғамда бо­лып жатқан жағдайларды, түйт­кілдерді президенттің өзіне жеткізуге мүмкіндік туатын бол­са, келісемін» деп келісімімді бер­дім. Расымен, солай. Өйткені біз­де басқа нұсқа жоқ. Өз басым ре­волюцияны қолдамаймын. Оның арты ертеңгі күні хаосқа, анар­хияға айналып кетеді. Демек, ұсыныстарымызды бейбіт түрде айту арқылы, өз талабымызды айқын жеткізу арқылы ғана қиыс кетіп бара жатқан жағдайларды реттей алмақпыз. Алғашқы оты­рыс қорытындысы бойынша түйт­­кілдер тарқатылды деп айту қиын. Десе де, билік тарапынан жа­сал­ған оң қадамдар байқалады. Енді тек табанды түрде талап етуіміз керек.

– Ол қандай ұсыныстар? Нақ­ты­лап, тарқата айтып берсеңіз. Facebook-тегі парақшаңызда мық­ты мемлекеттің тірегі «идеоло­гия», «демократия», «демография» деп­сіз. Осы ойыңызды ашып түсін­ді­ре кетсеңіз.

– Ортақ бір идеология болмай, тілдің мәселесі шешілмей, кез келген мемлекеттің алға басуы қиын. Тарихымызды біліп, дәс­түр-салтымызды сары май­дай сақтап, дамыта білу керек. Елі­міздегі өзге ұлттарды да «қаза­ғым», «Қазақстаным» деп тұра­тын­дай жағдайға жеткізуіміз ке­рек. Ол үлкен жұмыс. Мәселен, Түркияда өзге ұлттар көп тұрады. Бірақ бәрі өздерін «түрікпіз» деп айтады. Бұл ауқымды идео­ло­гиялық жұмыстың жемі­сі. Қа­зір бізде идеология жоқ. Өйт­ке­ні қазақ тілінде сөйлеуден ар­ланатын, қажетсіз санайтын адам­дар көп. Әке-шешесі, жеті ата­сы қазақ бола тұра, неге қа­зақ­тықтан қашады? Мұның себебі – 30 жылда нақты бір идея­ның болмағандығында. Екіншісі – демократия. Бұл – әділ сайлау. Бұл – тәуелсіз сот жүйесі. Бұл – сөз бостандығы. Осы фак­тор­лар аяғынан нық тұрса, қо­­ғам­дағы кесірлі әрекеттер өз-өз­­дерінен жоғалады. Қазір біз­де сотқа деген, келешекке деген сенім болмағандықтан қан­шама мықты адамдарымыз шетел­ге көшіп жатыр. Бұл – өте қа­уіп­­ті тен­денция. Үшіншісі – демо­гра­фия. Осынау байтақ жерді қорғап қалу үшін қазақ санының өскені қажет. Экономикамыз өссін десек, ішкі нарықты күшейтуіміз керек. Ал ол тек демография ар­қы­лы болады. Қазір халық саны­ның өсуі аса мүшкіл жағ­дайда. 1991 жылдан бері Қазақстан халқы 12 пайызға ғана көбейген. 12 пайызды 30 жылға шағып жі­бер­сек, мүлде өспеген болып шы­ғамыз. Ал осы жылдар ішін­де Өзбекстан халқы – 59, тә­жік­стандықтар – 68, Қырғыз Рес­пуб­ликасы азаматтары – 43, әзір­байжандықтар 37 пайызға өс­кен. Олардың экономикасы біз­ден асып тұр ма? Жоқ. Демек, себеп – ұлттық құндылықтардың сақталуында. Біз бұл жағынан ақсап тұрмыз. Шынын айту ке­рек. Біз қазақылыққа ескінің қал­­дығы деп қараймыз. Отбасы құн­­дылығын сақтап отырған жоқ­­пыз. Жылына үйленген жа­с­тардың 40 пайызға жуығы ажы­расып кетеді екен. Ста­тис­тикаға сүйенсек, соң­ғы 10 жыл­да 1 миллионнан ас­там адам ажы­рас­қан. Мысалы, 2018 жылы 137 мың неке тіркелсе, соның 54 мыңы ажырасып кеткен. Бұл – ресми түрде заңды жолмен ажы­рас­қандары. Ал әлі ырду-дыр­ду болып, шаңырақтары шай­қалып жатқандар қаншама? Бұл деген – бала туып, халық са­нын арттыруға тиіс әйелдеріміз жалғыз жүр деген сөз. Бір бала тапса тапты, таппаса ол да жоқ. Бұл – катастрофа. Суи­цидтен әлемде озып тұрмыз. Жол апа­тынан жыл сайын екі жа­рым мыңға жуық адам қаза та­бады екен. Құдды соғыс бо­лып жатқандай. Сондықтан де­мо­­графия дәл қазір назар ау­да­ру­­ды, нақты істерді қолға алу­ды талап етіп тұр. Ұлттық ке­ңесте де­мо­гра­фия мәселесін, оны ше­шу­дің жол­дарын ұсынып көре­мін.

– Қалай ажырасудың алдын алуға болады?

– Ең әуелі жастардың пә­тер алуына оңтайлы жағ­дай жа­­сауы­мыз керек. Жұмыссыз­дықты жоюы­мыз қажет. Сосын жас­тар­ға отбасы құндылықтарын үй­ре­туіміз керек. Біздің мектеп­тер­де көптеген керекті-керексіз пәндер оқытылады. Мәселен, фи­лософия, геометрия, физи­ка, тарих сияқты пәндер біраз баланың келешегінде айтар­лық­тай рөл ойнамауы мүмкін. Көбі оны мектепті бітіре салып, ұмытып қалады. Ал бірақ әр адам үйленеді, отбасын құрады. Неге біз адам өмірде міндетті түр­де ұшырасатын жағдайға орай білім, тәрбие бермейміз? Біздің жас­тар отбасы айналасындағы пси­хологиялық кедергілерге да­йын ба? Өмірінде ешқашан келін, жар, ана болып көрмеген қызды, әке, күйеу болып көрмеген ұлды өмірлеріндегі күрделі өз­ге­ріске ешбір дайындықсыз ите­ре са­ла­мыз. Сосын ол бала, әл­бет­те қателікке ұрынады. Бұл де­­ге­ніңіз мүлде көлік айдауды білмейтін адамға қымбат автомо­биль бере сал­ғанмен бірдей дүние. Сон­дық­тан 10-сыныптан бастап отбасы болуға дайындық сабақтарын өткі­зуі­міз қажет.

– Бізде адамдар әлі де болса әл­сіз секілді көрінеді. Тез иілгіш, тез сенгіш, тез бейімделгіш сияқ­ты.

– Ақпараттық сауаттылықтың төмендігі осыған ұрындырады. Қазір осы мәселені Швейцария ресми түрде қолға алды. Олар бұл үшін мектепке арнайы пән де енгізген. Бізге де осыны қолға алу керек. Әдетте дүкеннен зат алсақ, оның шығарылған уақытына, жарам­дылық мерзіміне, өнімді шы­­ғарушының маркасына қа­раймыз ғой. Сол сияқты әр­түр­лі мессенджерден келген ақпа­рат­тар­ды мұқият зерттеу керек. Ол қайдан келді, оны қандай адам жариялады, ол адам сенімді ме? Ол адамның бұрын жариялап жүр­гені нендей материалдар? Адам кез келген ақпаратты дәл осылай сүзгіден өткізсе, онда кім көрінгеннің ізінен ере бермейді.

– Өзіңіз әр кезеңдерде бі­ре­се сопылық, біресе сала­фит ағы­мы­ның өкілдерімен күрес­кен­дей бол­ды­ңыз. Бұл екі ағымның Қа­зақ­стан өміріндегі қазіргі жай-күйі қалай?

– Сопылық біз үшін жат нәр­се емес. Ал салафилік ағым біз­дің тарихи, ұлттық құнды­лық­тары­мызға тіке шабуыл жасады. Абайды адасты, Шәкәрімді ша­тасты деді. Ясауиді біреу ши­ға деп жазғырды, енді бірі Бұхара­дан келген еврейдің бүлігі деп айыптады. Оны қоя бергенде әдеп-ғұрып, салт-дәстүрімізді ман­сұқтады. Мұны естіген ұлт­қа жаны ашитын азаматтар ашын­ды: сонда біз қаншама ға­сыр бойы қалай ұлт болып ұйыс­тық, осыншама жерді қалай бір­­лікпен қорғап қалдық деп. Бұ­­ған діни тұрғыдан жауап бере­йін десе, білімі жетпейді. Сол кезде сопылық жалауын кө­тер­­ген адамдар пайда болды. Олар Ясауиді, Шәкәрімді алға салды. Сол кезде адамдар «е, осы бағыт дұрыс екен» деп соған ұрын­ды. Ар жағында не жат­қа­­нына терең бойлаған жоқ. Олар шынымен сопылық ілі­мін дамытушылар ма, олар шы­ны­мен рухани кемелденген адам­дар ма, бұл сұраққа жауап іздеп жатпады. Оларды мен әлі де қазақтың мықты адамдары деп есептеймін. Бірақ діни бі­лімдері таяз болғандықтан, кү­мән­ді сопы­лықты дәріптеген адам­дар қата­рына қосылып кетті. Олар­дан қазаққа анау айтқандай зиян келген жоқ. Ал уахабилердің жайы белгілі. Олардың қат­ты кеткені және ортаға бейім­дел­ген­дері бар. Біразы таяқ жеген, біра­зы мемлекеттік тендерлерге қаты­сып жүрген шығар, дегенмен түп­кі ақидалары сол қалпында тұр. Алайда сыртқы бейнесімен қо­ғамға сіңген түр танытып, біз өзгер­дік деген кейіпте жүр. Тіпті, өз­гердік деп те емес, бұрыннан сондай адам сияқтанады. «Біз кеше шатасып едік» деген әңгіме де айтпайды. Олар сөйтіп жүріп қазақтың ішіне кіріп, сіңісіп, өзгеріп кетуі де мүмкін. Қалың ха­лық ішінде өздерін бөтен сезі­ніп, түпкі ойларын айта алмай қала­ды. Бұлар бейімделген сала­фи­лер. Ал радикалды топтар бұ­рын­ғыдай көп таралмаса да, бала-шағасына, ең жақын адамдарына әсер етіп жүре береді. Дегенмен қазір дұрыс саясат жүргізе алсақ, олар да келешекте сұмдық қауіп төндіреді деп айта алмаймын.

– Салафизмнің басты қателігі неде?

– Буквализмде. Яғни, діннің аргументтерін жан-жақты зерт­теп, тереңіне бойламай, тура мағы­­насында қабылдау. Мысалы, Пай­ғамбарымыздың (с.ғ.с) «бала­ғы қысқа адам тозақта» деген ха­дисі бар. Соны оқып алған жі­гіт­тер «мен тозақтық болғым кел­­мейді» деп балағын кесіп тас­тай­ды. Ал әлгі хадисті талдауға білімі жетпей тұр. Сондықтан оны тікелей қабылдай салады. Ол хадисті орындау үшін мына сұрақтарға жауап іздеу керек: Кімге айтылды? Қашан айтылды? Қандай жағдайда айтылды? Оның үкімі өзгерген бе, жоқ па? Діннің рухы­на сай ма? Мақсаты не? Бұл жайлы ғұламалар не дейді? Егер осы сауалдарға жауап іздемей, хадисте жазылғанды қабылдай салсаңыз – онда сіз буквализмге ұрынған салафилік жолға қарай кеттіңіз деген сөз.

– Құран мен дінді мешіттің ішіне қамап тастадық. Кешегі мед­ре­селерді Гарвард пен Окс­форд­қа ай­налдыра алмадық дейсіз. Бұған не кедергі болды?

– Бұл қазақтардың ғана емес, бүкіл мұсылман үмметінің проб­ле­масы. Алланың разылығын тек мешіттен іздеу дұрыс емес. Құл­шылықты намаз, оразамен шек­теуге болмайды. Мәселен, қа­зір мешіт көп ашылады. Бұл дұрыс. Бірақ еліне адал қызмет ететін бі­лім­ді жастарымызды дайын­дай­тын әлемдік деңгейдегі мектеп салып, жолға қою өте сауапты іс. Күрделі жұмыс. Біліммен, ғы­лыммен қаруланған мықты жас­тарды тәрбиелеп шығару – бәрі­міз үшін парыз. Бүгінгі жи­һад осы, шындап келгенде. Ал біз «жаңа жылды тойлау керек пе?» деген сынды ұсақ-түйектің айна­ласынан шыға алмай жүрміз.

– Рақмет әңгімеңізге!

Сұхбаттасқан Абай АЙМАҒАМБЕТ

Дереккөз: «Айқын» газеті