Ақпарат аурудан бетер болып тұр

0
1284

Әлемде коронавирус індеті жайлы естімеген адам жоқ. Әлеуметтік желі қолданушылары мен медиа жаңа науқастар жайлы ақпарат пен вирусқа қатысты деректерді жарыса таратып жатыр. Әлем елдері мен денсаулық сақтау ұйымдары індеттен сақтанудың жолдарымен қатар, қоғамды сабырға шақырып, жалған ақпаратқа сенбеуді қайталап ескертуге мәжбүр. Ақпарат дерттен тез тарап, жан-жағын жалмап барады.
Әлем жаңа вирус жайлы тың хабарды қорқынышпен кү­тіп отырғанда, назарымыздан қайсысы тыс қалып жатыр деген ой келеді. Әлеуметтік желіде індет жұқтырғандар көбейді де­ген ақпараттан бөлек, олар кім­дер, жағдайлары қалай, емдік шаралары қандай, жазылғандар неге көпшілікке шықпайды деген сұрақтарды көзің шалады. Дұрыс сауал екен деген бірінші ойдан кейін, мынандай жағдайда науқас пен дәрігердің әлеуметтік желіге кіріп, хал сұрасып отыратын уақыты қайда деген заңды жауап пайда болады. Бұл жағдайда бір нәрсенің анық-қанығын білгісі келген адамға, ең алдымен, ресми статистика көмекке келмек. Ал ресми дерекке сүйенбей көлгірсіп отырғандарға не дерсің? Әсіресе әлеуметтік желіде мыңдаған ауди­то­рияны телміртіп күттіріп отыр­ған белсенді қолданушылар бар.

Статистика не дейді?

Қазір интернетте не көп, коро­­навирустың әлемдегі аху­алын көрсететін онлайн кар­талар мен интерактивті де­реккөздер көп. Осындайда оқыр­ман қайсысына сенерін біл­мей, дал болатыны анық. Ал біз, ең алдымен, Дүние­жүзілік ден­саулық сақтау ұйымының статис­тикасына қарау­ды дұрыс деп есеп­тедік. ДДҰ – Біріккен Ұлттар Ұйымының ғаламдық денсаулық сақтау саласын бақылайтын ең ірі органы. Дегенмен, бұл картада көрсетілген мәлімет ескі се­кілді. Мәселен, елімізде 33 нау­қастың бары белгілі болғанда, ДДҰ Қазақстанда 6 жағдай тір­келгенін көрсетіп тұрды. Осы­лайша ұйым ұсынатын ақпарат кеш жаңартылатынына көзіміз жетті. Келесі бір Johns Hopkins University (JHU) ұсынған ақпарат соңғы жаңалықтарға жақын болды. Сонымен негізге осы статис­ти­калық мәліметтерді алдық. Оған сенсек, әлемде 182 413 адам індет жұқтырған екен. Ал өлім саны – 7154. Барлық ұйымдар ұсынған мәліметтерде БАҚ наза­рынан тыс қалып жүрген ма­ңызды үшінші баған бар. Ол – дерттен айыққандар туралы мәлімет. Оған сенсек, әлемде 79 433 адам індеттен жазылған. Бұл дегеніміз, осы күнге дейін вирус жұқтырғандардың 40 пайыздан астамы құлан таза айығып, үйлеріне қайтқан. Вирус­тың ошағы болған Қытайдың Хубэй провинциясындағы жағ­дай­ға қарап вирусты жеңуге үміт пайда болғандай. Науқастар саны ең көп ел әлі де Қытай болып тұр. Десе де елдегі барлық 81 053 науқастың 68 777-сі жазыл­ған екен. Ал көз жұмғандар саны – 3230. Вирус жаппай жа­йылған елдердің бірі Қытай ста­тистикасының мыса­­лында жазылғандар жайлы ақпа­рат­тың қаншалықты маңызды еке­нін көргендейміз.

Осыдан бірнеше апта бұрын Қытайдан бөлек індет нысанына іліккен елдердің қатарында Оңтүстік Корея мен Иран да болғаны есімізде. Оңтүстік Корея осымен 3 күн қатарынан жаңа ауырған науқастар саны аз болып тұрғанын мәлімдеді. Статистика 8320 азаматтың 75-сі көз жұмса, 1137 науқас жазылғанын айтады. Ал Иранға келсек, барлығы 14 991 жағдай тіркелген, оның 5 мыңға жуығы сауығып кеткен, қаза болғандар саны 853 екен. Бұл елдердің тәжірибесі індеттен жазылғандардың қатары аз емес екенін көрсетеді.

Дегенмен, кейбір Еуропа елдерінде жағдайдың басқаша екенін көріп отырмыз. Мәсе­лен, қазір індет ушығып тұр­ған Италияда 27 980 науқас анық­талған. Ал сауыққандар мен көз жұмғандардың саны да қатар болып тұр (2158 – өлім саны, 2749 – жазылғандар). Испанияда да жағдай осыған ұқсас, 9942 науқастың 342-сі қаза болса, 530 адам дерттен айыққан. Бұдан шығарар қорытынды біреу бол­мақ. Індеттің таралуын басынан қатаң бақылауға алған елдерде жағдай жақсарса, вирусқа аса мән бермей, сақтану шараларын ескермеген қоғамда індет кеңінен жайылып жатыр. Медицинасы дамыған елдердің өзі дертті ауыздықтай алмай жатқанын дүйсенбі күні өткен брифингте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы да атап өтті.

Жоғарыдағы статистикалық мәліметті мысалға келтірудегі мақсатымыз біреу. Азамат­тары­мыз қауіптің маңыздылығын тү­сініп, жеке адамның жауап­кершілігіне көп нәрсе байланыс­ты екенін ұғынса дейміз. Мұны барлық әлем елдері мен сарапшылар, оған қоса отандық билік өкілдері мен дәрігерлер де айтып жатыр.

 Жалған ақпаратпен күрес

Соңғы күндері ақпарат кеңіс­тігінде коронавирусқа қатысты хабарлардың көптігі жасырын емес. Ал олардың қаншалықты шындыққа жанасатыны бөлек мәселе. Жалған ақпаратпен күрес Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының да басын қатырған мәселе болды. Нортумбрия уни­верситетінде денсаулық пен қауіп коммуникациясын зерт­теуші Сантош Виджайкумар адам­дардың қорқыныштан туған кейбір әрекеттері әлеуметтік же­ліде жиі талқыланғандықтан, өзгелерге қалыпты жағдай секілді қабылдануы мүмкін екенін ай­тады. Мәселен, шетелдегі дүкен сөрелерінің босап қалған суреттері мен тұтынушылардың дәретхана қағаздарын жаппай сатып алуы бүкіл әлемде жалғасып кеткенін айтады. Қазақстанда да індеттің алғашқы жағдайы тіркелген күндері базарлар мен супермаркеттерге ағылған адамдарды көрдік. Бұл керісінше, дерттің одан әрі таралу қаупін күшейтеді. Сол себепті де жалған ақпарат таратқан адамдар заң шеңберінде жазалануы мүмкін екені айтылды.

 Дәрігерлерге қолдау көрсетуде

Әлем елдері індетпен бет­пе-бет келген медицина қызметкер­леріне қолдау білдіріп жатыр. Мұ­ны әлеуметтік желідегі дә­рігер­лердің қайсарлығы мен ма­мандығына деген адалдығын үлгі еткен жазбалардан бай­қауға болады. Бірінші желі қол­данушылары Қытайдағы ме­ди­цина қызметкерлерінің дертпен күресіп шаршаған сурет­терімен бөлісе бастады. Соңғы тәуліктерде Қазақстанда да ақ желеңділердің еңбегін дәріптеп, қолдау көрсетуге шақырған үндеулер көбейді. Halyk bank пен BI Group секілді компания­­­лар көмекке қомақты қаржы бөлетіндерін мәлімдеп жатыр. Ал Испанияда енгізілген тәртіпке бағынып үйлерінде отырған тұрғындар бір сәтте балкондарына шығып, дәрігерлерге қошемет білдірді. Расымен, дертпен күресуде алдыңғы шепке шыққан дәрігерлер қолдауға әбден лайық.

 Дертті жеңген 100 жастағы қарт

Ал шолуымыздың соңында вируспен күресте жеңіске жеткен ең қарт кісінің оқиғасымен бөлісуді жөн көрдік. Қытайдың Xinhua агенттігі осыдан бір апта бұрын жүз жастағы егде кісі коронавирус­­тан құлан-таза айығып, емханадан үйіне қайт­қанын хабарлаған еді. 1920 жылы дүниеге келген ер адам ақпан айында ғана 100-ге толған. Ол ауруханаға 24 ақпан күні түсіп, 13 күн бойы ем алған. Нәтижесінде, індеттен толығымен жазылған. Осылайша ол сырқатты жеңген әлемдегі жасы ең үлкен науқас болып отыр. Дәрігерлер ауруханаға түскен кезде Альцгеймер, гипертония және жүрек дерттеріне байланысты оны емдеу оңай бол­мағанын айтқан. Десе де әскери дәрігерлер ұзақ кеңесіп, дәстүрлі қытай және заманауи медицинаны қатар қолданып, жеңіске жетіпті.

Жаһандық сипат алған дертпен күресте айналадағы барлық нәрсе қауіпті болып тұрады, тіпті ауа да. Қазір бастысы еліміздің әр тұрғыны өзінің ғана емес, басқаның да өміріне жауапты еке­нін түсініп, барлық шараларды бұлжытпай орындағаны маңызды.

Ақпарт көзі: https://egemen.kz/article/224621-aqparat-aurudan-beter-bolyp-tur