Шариғатта алдайтындардың үкімі қандай болады?

0
1539

Сұрақ: Шариғатта Таразыдан өлшегенде алдайтындардың үкімі   қандай болады?
Жауап: Саудада негізгі маңызды мәселенің бірі –  бұл өлшем мен таразы.

Алла тағала сауда–саттық мәселесі қаншалықты маңызды екенін Құран Кәрімде Шуайб  Пайғамбардың заманында өткен оқиға арқылы баяндайды. Шуайб (с.ғ.с.) пайғамбар Мадиан деп аталатын қауымға пайғамбар міндетімен жіберіледі. Медиан қауымының Алла тарапынан жойылуының себебінің бірі ретінде, олардың өлшем мен таразыны тура тартпаулары, арам жолдармен пайда табу және жер бетінде алауыздықтар жасауларынан үлкен апатқа душар болғаны көрсетіледі (Худ сүресі, 84-85 аят).   Осы оқиға    таразыдан адал болмай үнемі кем ететіндер үшін үлкен бір ғибрат.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) саудамен айналысатындарға «Сендерге бұрынғы қауымның жойылуына себеп болған екі нәрсе (өлшем мен таразы тарту) мойындарыныңызда қалып барады» — деп, өлшеу мен тарту  міндеттерін дұрыс қолдануды, өте мұқият болуды бұйырды (Тирмизи, Буиу’, 9).

Абдуллаһ ибн Аббастың (р.а.) жеткізгені бойынша бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мәдина қаласында жүргенінде, таразыдан кемітіп жатқандарды көріп, қатты қамығады.  Алла тағаладан «Өлшеу, тартуда кеміткендерге нендей өкініш! (1) Олар қашан өлшеп алса, толық өлшеп алады да; (2) Қашан олар, өлшеп немесе тартып беретін болса, кемітеді. (3) Олар қайта тірілетіндіктерін ойламай ма? (4)» (Мутaффифин, 83/1-4) – деген аяттар келген бастап, Мәдиналықтар өлшемдерін дұрыстай бастады. Хазіреті Пайғамбарымызда «Уа, Раббым! Бұлардың өлшем мен таразыларын  берекетті етте гөр!» деп дұға еттіп, олардың саудаларына қолдау көрсетті.

Расында Аллаға сенбеген, саудада адал болмай үнемі бүлік шығаратын қауымдар тура Мадиан халқы секілді тікелей апатқа ұшырап жойылмаса да, адалдықтан жұрдай болғандықтан өз іштерінен шіріп, күнен-күнге өз-өздерінен құри бастайды.

Әрбір мұсылман саудагері сауда мәселесіне ұқыптырақ болып, сауда жолында әрбір адымдарын сатқан сайын Алла Елшісінің (с.ғ.с.) «Бізді алдатқан бізден емес» деген сөзі ақылында ұстағаны абзал.

Балғабек Мырзаев

Ақпарат көзі:  https://kazislam.kz/