Табиғаттың тазалығы – тіршіліктің тынысы

0
2135

Көктем айлары – халықтың көшет отырғызатын, диқандардың егін егетін мезгілі. Ислам діні бойынша, бұл сауапты және игі істердің бірі және оған ерекше көңіл бөлінеді. Егін егу, диханшылық жасау – Адам атаның (Оған Алланың сәлемі болсын) сүннеті. Өткен пайғамбарлардың кез келгені күнкөріс үшін еңбекпен айналысқан.
Адам ата (Оған Алланың сәлемі болсын) бидай өсірген, диірменнен ұн жасап, нан пісірген пайғамбар. Адам атаның (Оған Алланың сәлемі болсын) өмірбаянында егіншілер үшін керемет үлгілер бар.
Абул Хасан Мауарди өзінің «Дүние және дін әдебі» кітабында: «Кәсіптің негізгі тірегі үш нәрсеге байланысты. Олар диханшылық, коммерциялық және өнеркәсіптік. Менің ойымша, егін шаруашылығы – бұл ең таза және пайдалы кәсіп», -деп түйіндепті. Дініміз ислам маңдай термен табыс табуды Алла жолындағы іске теңейді. «Бірде Пайғамбардың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) қасынан бір кісі өтеді.
Оның бойындағы еңбекқорлығын, жігерін байқаған сахабалары: «Уа, Алланың Елшісі! Мына адам Алланың жолында ма?» − деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Егер де ол жас балаларына нәпақа табу үшін жолға шықса, Алла  жолында. Егер жасы ұлғайған қарт ата-анасының қамы үшін шықса, Алла жолында. Егер өз басын (тіленшіліктен, кедейшіліктен) сақтау үшін шықса, ол — Алла жолында. Ал егер адамдарға мақтану үшін, рияшылдық мақсатында шықса, ол —  шайтанның жолында», − деп жауап береді»,-делінген.Ислам адамзатты алдымен Аллаға иман келтіруге, содан соң сол иманның аясында игілікті амал істеуге шақыратын дін.
Құран Кәрімнің көп аяттарында еңбек ету әрдайым иманмен бірге қосарланып келіп, екеуі бір-бірінен ажырамас ұғымдар екендігі баса айтылған. Еңбек етудің артықшылығы туралы ардақты Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) да көптеген хадистерінде айрықша атап өтілген.
Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уәсәлләм: «Кiмде-кiмнiң қолында бiр ағаштың көшетi (тал шыбығы) болса, қиямет қайым басталып кетса-дағы қолындағы көшеттi егуге үлгiретiн шама уақыт болса, соны дереу қондырып, отырғызып үлгерсiн»  – деп бұйырған (Бухари риуаяты). Әбу әд-Дәрдадан риуаят етілген хадисте, Пайғамбарымыздың көзін көрген Әбу әд-Дәрда (қартайған шағында) Дамаск қаласында жеміс талдың көшетін отырғызып жатса, оны бiр кiсi көрiп: «(Қартайып қалдыңыз ғой,) Мұны не үшін істеп жатсыз?», — деп сұрапты. Сонда оған Әбу әд-Дәрда: «Асықпа, сабыр ет! Бізден бұрын келгендер көшеттер отырғызды, біз оны пайдаландық, жемісін жедік.
Ендігі, егу, өсіру кезегі біздікі, оны келесі ұрпақ пайдаланады және жемісін жейді. Мен Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Қандайда бiр мұсылман ағаш отырғызса немесе егiн ексе, ол егiстiктен адамдар, жануарлар мен жәндіктер, құстар жесе, ол адам үшiн садақа болып есептеледi», -дегенiн естiгем», -деп жауап берді.
Бұл хадистер көшет егу, диханшылық жасаудың маңыздылығын баяндайды. Ислам діні бойынша, диханшылық жасаудың пайдасы осы өмірлік қана емес, о дүниеде де пенденің пайдасына садақасы ретінде кері қайтады. Әрі диханшылық жасау, егін егу, жеміс көшетін, тал немесе гүл отырғызу, оны суғару, күтім жасау ғибадат-құлшылық. Мұсылманның аталмыш істерді атқарып сауапқа кенелуінің себебі, қоршаған ортаның жақсаруына үлес қосуына, адамзатты түрлі өнімдермен, жеміс жидектермен қамтамасыз етуіне, табиғатты аялауына, баптауына байланысты. Егінші тек өзін ойлап қана қоймай, ел жұрт игілігі үшін әрекет жасап, жақсылықты арттыруға көмектесті. Біздің ата дініміз ислам осындай құндылықтарға құрылған. Ислам тек мiнәжат етуден тұрмайды.
Ислам дiнi барша тiршiлiк иелерiне, яғни адамдарға, жан-жануарларға, тiптi өсiмдiктердiң өзiне рақымдылық танытуға, сүйiспеншiлiкпен мәмiле жасауға бұйырады.Қасиетті Құранда Адам баласы Алланың жер бетіндегі халифасы, деп ұлықталған. Бұл адамзат Алланың барша жаратқандарына мейiрiм-шапағатпен және сүйiспеншiлiкпен қарап, оларға қамқор болуға тиiс, дегенді білдіреді. Ендеше, табиғатты аялап, оны таза ұстау, жер бетін абаттандыру адамдық борыш. Дініміз мұсылманның діни міндеттерін бөліп қарастырып, Алла тағаланың алдындағы міндеттері сияқты, қоршаған орта табиғат алдындағы міндеттерді жүктейді.
Адам баласының Жаратқан Иесiмен байланысы неғұрлым жақсы болса, өзгелердiң, сондай-ақ, табиғатты құрметтеуге көбiрек талпыныс жасайды. Сондықтан Алланы бiлетiн адам ешқашан өзгелерге зұлымдық етпейдi, табиғатты бүлдiрудi, әрi оған кесiрiн тигiзудi мақсат тұтпайды.Ислам – қоршаған ортаны қорғайтын заң, қағидаларды бұдан 14 ғасыр бұрын баяндаған дiн. Ол заманда табиғатты қорғау мәселелерi түгiлi әлеуметтiк әрi экономикалық мәселелердiң өзi қарастырылмаған-тұғын.Аят, хадистерде қоршаған ортаны қорғау ғана емес, оны бүлдiрмей таза ұстауға мұсылмандар жұмылдырылған.«Пайғамбарымыз саллаллаһу алайхи уа саллам: «Иман жетпіс неше немесе алпыс неше бұтақтан тұрады. Олардың ең абзалы «Ләә Иләһә Иллаллаһ» — деу және ең кішісі, жолдағы қоқысты (кедергі беретін нәрсені) алып тастау. Ұят та, иманның бір бұтағы» — деді. Хадис шәріпте мұсылман адамның иманы — бұтағы көп ағашқа теңелген.
Бұл жәй теңеу емес. Ағаштың тамыры жерде, иманның тамыры жүректе. Жер сау болса, өнім жақсы. Жүрек сау болса, амал жақсы. Жолда жатқан қоқысты алып тастау мұсылман үшін иманын күшейту сияқты қадірлі амал. Бұл хадиске қажеттілік күнен күнге артып бара жатқандай. Себебі, тазалық сақталмай, көшелердің кез келген жеріне қолындағы қоқыстарын тастай салу, темекі қалдықтарын лақтыру, көрінген жерге түкіріп, қақырық тастап кету, талды сындыру, көгалдарды таптау, қондырылған гүлдерді аяқ асты ету секілді келеңсіз көрністер жоқ емес. Өкінішке орай, бұл мұсылманшылықты бiлмегеніміздің кесiрi, ата діннен қаншалықты қашықтығымыздың көрінісі. «Тазалық – иманның жартысы» деген хадис шәрiп әр мұсылманның иманын тарызылайтын өлшем. Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уәсәлләм адамдар жүретiн жолдың үстiне, тынығатын көлеңкелерде, әсiресе жемiстi ағаштардың түбiнде дәрет сындыруға болмайтындығы жөнiнде сахабаларға: «Екi түрлi қарғыс арқалаудан сақ болыңдар!» дегенде, олар: «Әй, Алланың елшiсi! Екi қарғысты арқалаушы дегенiңiз кiм?» – деп сұрайды. Ол:« Адамдар жүретiн жолға немесе тынығатын көлеңкеге дәрет сындырушы»,- дейді (Мүслим риуаяты).Демек, айналамыздағы қоршаған ортаны таза ұстау да – бiз мұсылмандарға түскен мiндет.
Табиғаттың тазалығы – тіршіліктің тынысы әрі иманымыздың көрінісі.

Бақтыбай Бейсенбаев, Шымкент қаласының бас имамы