Кеңшілік ТЫШХАНҰЛЫ: «Діни сенім жолайырығында тұрмыз»

0
3190

Durbi.kz. «Өзге дінге, ағымға, көзқарастарға өткен, дінсіздікке салынған азаматтармен қатар өмір сүру мәдениетіне үйренуіміз керек. ЛГБТ ұйымдарының өкілдері бар, дінсізі бар, тәңіршілі бар, дәстүрлі емесі, дәстүрлісі бар, бәрімен бірге өмір сүретін боламыз» дейді бүгінгі діни ахуалды саралаған дінтанушы Кеңшілік Тышханұлы.

Дінтанушы сондай-ақ Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына және оның жанындағы ғұламалар кеңесіне ұсыныс жасап отыр. «Мұсылманшылық сенімге жатпайтын ұстанымда болған адамдардың бұл дүниедегі және өлгеннен кейінгі діни рәсімдерін атқарудан бас тартқан дұрыс. Бұл кемсітушілік емес, олардың дүниетанымына деген құрмет. Атеистер өз беттерінше, тәңіршілдер өз беттерінше, өзге дінге өтіп кеткендер өз беттерінше рәсімдерін атқарып, өздерінің  зиратына жерленсін. Өз тілдерінде дұғаларын оқысын» дейді белгілі дінтанушы.

Кеңшілік ТЫШХАНҰЛЫ,
дінтанушы, философия
ғылымының кандидаты

Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,
Оны бөліп дұшпандық қару жасар.
(Шәкәрім Құдайбердіұлы)

Діни сенім жолайырығында тұрмыз

Қазақ деген – мұсылман. Бұл біраз ғасырлар бойы біздің санамызға сіңген қағида. Расында қазақ тарихында дін үшін соғыстар болған. Бірақ дінге бөлініп соғысу болмаған. Мұны тарихшылар да жоққа шығармайды. Себебі, жоңғарлармен болған қақтығыстардың біразы Буддизмді қабылдамау себепті болғандығы белгілі. Кейінгі патшалық Ресеймен де көп кикілжіңдер дін тұрғысынан болды. Екатерина патшайымның шоқындыру саясатына да қазақ табандылықпен қарсы тұрды. Ойлаған жоспарлары жүзеге аспаған соң указной молдаларды әзірлеп, сол арқылы шоқындырмақ болды. Онда да қазақтар балаларын мектепке беруден бас тартып, шоқындыруға бар болмысымен қарсы тұрды. Сондықтан да Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Енді қазақты басқа дінге өткіземін деу құр әурешілік» деп жазған еді. Бұл біздің ұлт ретінде біртұтас діни сенімді қабылдағандығымызды көрсетсе керек.

751 жылы Атлақ шайқасынан бастау алып,түркілер арасында таныла бастаған мұсылманшылық Қарахандықтар дәуірінде мемлекеттік дін мәртебесіне дейін көтеріліп, Алтын Орда, Қазақ хандығы, Алаш Орда, Түркістан мемлекеттерінің негізгі сенімдік ұстыны ретінде орныққан болатын. Бұл ең кемінде 12 ғасырдан астам уақытты қамтитындығын назарға алсақ, тамырының қаншалықты тереңге тартқандығын аңғару қиын емес. Сол себептен де қазақ даласынан шыққан ойшылдар мен даналардың барлығының шығармашылығы ислам дінімен қатысты болды. Жекелеген жағдайларда халық арасында байырғы нанымдар мен сенімдер қабаттаса қолданылғанымен, оның өзінде мұсылманшылық талаптарға бейімделіп, жалпылама мұсылманшылыққа деген құрмет әлсіреген жоқ. Қылышынан қан тамған қызыл империяның тұсында да қазақ жасырын түрде болса да баласын сүндетке отырғызып, өлгенін арулап көміп, баласына азан шақырып ат қойып,  жасырып Аллаға мінәжат етіп келді.

Тәуелсіздік таңы атқан шақта еркіндік берілген салалардың бірі діни сенім болды. Жалпы халық діннен барынша ажырап қалғанымен, дін адамдарына деген сенім мен құрмет азаймаған еді. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде Әлхам білгені молда болып, хат танығаны ұстаз болып діни рәсімдер атқарылды. Біртіндеп қазақ даласында дін қайта жандана бастады. Мұсылман елдерімен байланыстар нығайып, барыс-келіс көбейіп, біраз жыл дін саласына шексіз еркіндік берілді. Елде діни білімді азаматтар қалыптасып, дербес діни басқарма құрылып, мешіттер жаппай ашыла бастады.

«Қазақ ұлты діни сенімдік тұрғыдан жіктелуге бет бұрды»

Алайда исламдық бағыт пен таным біртұтас болған жоқ. Исламның түрлі бағыттары мен жамағаттарына бөліну біздің елде де көрініс таба бастады. Тіпті соңғы кездердегі діннің атынан жасалып жатқан лаңкестіктер бас көрсете бастаған соң заңдық тұрғыдан реттеу басталды. 2011 жылғы 11 қарашада «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заң» қабылданды. Дегенмен, Қазақстан Республикасының ата заңында жазылғандай елімізде: «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктің жағдайына, жынысына, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез-келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді, ешқандай  кемсітуге болмайды» (15-бап, 1-тармақ). Әрі «Әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге құқылы» (19- бап, 1-тармақ) деген құқықтық нормалар шеңберінде мемлекет діни сенім бостандығына мүмкіндік берді. Бұл- демократиялық елдің ерекшелігі, адамдардың сенім еркіндігі. Бірақ, бұл халықтың сенімдік бөлінуі қажеттігін көрсетпейді. Сонда да мүдделі топтардың жұмысының нәтижесінде түрлі көзқарастар таралды.

Қазіргі қазақ қоғамы сенімдік тұрғыдан өзгеру үстінде. Әртүрлі діни ұйымдардың белсенді әрекеті, радикалды топтардың келеңсіз бейнесі, халықтың дін сауаттылығының төмендігі, әлемдегі өркениеттік қақтығыстар саясаты, жаһандық терроризм мәселелері және әртүрлі ішкі-сыртқы топтардың жоспарлары мен зайырлы мемлекеттік ұстанымдар (дін мен мемлекеттің бөлек болуы) себепті қазақ ұлты діни тұрғыдан, сенімдік тұрғыдан жіктелуге бет бұрды. Жалпы, діни әралуандық бір жағынан мемлекеттің құндылығы, әрі артықшылығы сияқты көрсетілгенімен әлемдік тәжірибеде және тарихта жақсы нәтижелер тудыра бермейді. Соңғы он жылдықтардағы Таяу Шығыстағы қақтығыстар мен қантөгістердің астарына үңілсек, халықтың сенімдік ерекшеліктерінің арасына от салудың жүзеге асып жатқанын аңғаруға болады. Сондықтан да мемлекетті құрушы ұлттың діни, сенімдік тұтастығының маңызы зор.

«Осы себептен бүгінге дейін қазақ деген сөзді мұсылманшылық сенімімен қатар қолдануды жөн көретінмін»

Бұған қарсы кейбір діндарлардың ұстанымдарымен келіспеушілікке түскен кездерім де болды. Рас, әрбір діннің ішкі қағидалары мен талаптары бар. Дінді ұстанған адам сол қағидаларды орындауы заңдылық. Дегенмен, бұл ұлтты бөлшектеуге бастамашы болмауы тиіс деп санайтын едім. Абайдың өлеңдеріндегі «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным» деп келетін шумақтар сол замандағы мұсылманшылық ұстанымнан алыс бақсылық, шамандық ғұрыптағы адамның моласын қырық қадам алысқа қойғандығы ойландыратын еді. Бірақ сол бақсылықтың өзі мұсылманшылыққа дұшпандық көзқараста болған жоқ. Тіпті кейбір діни элементтерді синкреттеп қолданатын, бұл үрдіс әлі де кездеседі.

Түркілердің ішінде мұсылманшылықтан алыстаған кейбір жұрттар (мажарлар, алтайлар т.б.) түркілігінен де ажыраған деген тұжырымды ұстаздарымыз айтып жүретін. Демек, біздің түркілігіміз, қазақтығымыз мұсылманшылық мәйегінде жатыр, ағартушыларымыз бен даналарымыз, әулие-ишандарымыз түгел мұсылманшылықтан нәр алған, біздің рухани тамырымызға мұсылманшылық сіңгені соншалықты оны мойындамай, сабақтастыққа да, тарихқа да қадам баса алмаймыз деп ойлайтынмын.

Қазіргі уақытта осы ойлардан біраз қорытынды шығара бастадым. Бар қазақ бір қазақ болғанымен, бар қазақ мұсылман емес. Тіпті енді болмайды да. Себебі, тәуелсіздікке дейінгі басымыздан кешкен бодандық кезең біздің тіліміз бен дінімізді ғана емес, санамызды да лайлап, күңгірттендірген. Ел болып ұйысып, жұрт болып жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару саяси үндеулер мен тарихи мақалаларда ғана қалмақ. Ал шындығында бұл қиын.

«Қазақтың баласы дәстүрлі емес діндердің қатарына кіріп, шоқынып кетті»

Ондаған мың қазақтың баласы дәстүрлі емес діндердің қатарына кіріп, шоқынып кетті, әлі де кіріп жатыр. Олардың өзге дінге кетуін әлеуметтік жағдаймен, діни сауатсыздықпен, саяси жоспармен (бөліп билеу), демократиялық әралуандықпен байланыстыратындар бар. Бірақ, бұның бір ғана себебі -сананың улануы, тамырынан алшақтау.

Ал мұсылманшылық ше?!

 Мұсылманшылыққа да бірыңғай болсақ, үміт етуге болар еді. Ол да елімізде сиырдың бүйрегіндей бөлініп барады. Радикалы, байсалдысы, дәстүрлісі, дәстүрлі емесі болып бөліну, алыстан жау іздемейтін дәрежеге жетіп қалды. Бір-бірін дінсіздікпен кінәлап, атасының асын арамға балап, шеттен сенім іздеген топтар елімізде біраз дүрбелең тудырып та үлгерді. Бұлардың ақыры не болмақ? Қазіргі сандары бірнеше онмыңдықты құрағанымен олардың үйлерінде жүздеген мың жақтас өсіп келе жатқаны ойландырмай қоймасы анық. Саны өссе, әлеуеті артса, қолына қару беріп, қалтасына қаражат толтырып айдап салса, өзімдікі демей ойран салуды жек көрмейтіндігін көріп қалдық. Әзірге ахуал бақылауда деп шүкіршілікке бой алдырып отырмыз. Бірақ түбі не болары белгісіз. Оларды дәстүрлі жолға бұру үшін қыруар бағдарламалар мен қаражаттар жұмсалып, мамандар жұмылдырылып жатқанымен, бір тырнақтарын ішіне бүгіп, оңтайлы уақытты күтіп отырғандығын кім жоққа шығара алады?

Түркілік, қазақылық ше? Соңғы кезде исламның ішіндегі алауыздық пен дүрдараздықты алға тартқан бағзы топтар мұсылманшылықты ұстанатындарды арабқұлдықпен кінәлап, «біздің дініміз тәңіршілдік, ата-балаларымыздың діні, нанымы осы» деп үлкен ұрандар көтеруде. Ауыр идеологиялық соққылар мен бодандықтан есеңгіреп шығып, етек-жеңін енді жинап келе жатқанымызда көптеген діни араздықтарды көрген кейбір азаматтар айтаққа үн қосып, мұсылманшылыққа қарсы ауыр сөздер айтып жатыр. Олар мұны ұлшылдықтың «терісін жамылып» жасап, діни танымы толықпаған жастарды қатарына тартуда. Демек, бұл бағытта да бір топ қалыптасып үлгерді деп айтуға болады. Белгілі бір қағидасы, жауапкершілігі жоқ мұндай ұстанымның кейбір адамдарға ұнауы бізді таң қалдырмайды.

Дінсіздік

Жоғарыдағылардың бәрін көріп, біліп жүрген кейбір азаматтар құлағын жауып, көзін жұмып, тұра қашудың жолын дінсіздіктен тауып жатқаны да жасырын емес. Дін десе ертегі санайтын, Құранды құндылық деп есептемейтін мұндай бұрынғы ишан, молдалардың ұрпақтары жалпы дін ұстанушылардың діни сенімдерін жоққа шығарып, тіпті жоққа шығарып қана қоймай, келекеге айналдырып жатқаны баршаға аян. Бұлар да өздеріне жалаң ғылымды жамылтақ қылып алған. Түптеп келгенде бұлардың барлығы құруға, нығайтуға емес құлатуға үлес қосып жатқандарын өздері де аңғармайды.

Демек, ендігі жерде қазақ халқы жалпылама алғанда мұсылманшылықты ту еткенімен әзірге жекелеген топтық деңгейлерде сенімдік тұрғыдан біртұтас емес. Не істеу керек? Елде біреулер ұсынып жүргендей бірыңғай діни идеология жүргізу керек пе? Жоқ. Бұған біздің заңдарымыз да, ел басындағы азаматтардың санасы да мүмкіндік бермейді. Оның үстіне енді бір жақтың сойылын соғу өзіңе дұшпан іздеуден басқа нәтижеге апармайды. Басқа ұлттар, конфессиялар бар, олардың артында да белді мемлекеттер тұр. Демек, өз жоғымызды өзіміз жоқтай алмаймыз. ҚМДБ-на барлық әлеуетті беріп, имамдарымыздың аузымен елді бір сенімге ұйыстыру керек пе? Бұл да оңай шаруа емес. Айлығы шайлығынан аспайтын, ауылдарда имамдықты күзетшілікпен, ұстаздықпен, тағы да басқа қызметпен қатар атқарып, күндерін әрең көріп жүрген адамға елдің басын қосатын пайым мен парасаттылықты қалай жүктейміз? Олардың мойнында құдайы тамақ, жаназа, өлім-жітім, мешіт шаруасы бар. Ұрпаққа бағыт беретін мектеп курстарын ұйымдастырсақ қалай? Бірақ бұған зайырлылық шаблоны мүмкіндік бермейді. Әрі дінтану және зайырлылық пәнінен сабақ беретін ұстаздарымыздың көбі дін саласын жақсы біле бермейді. Өзі диуана кімге пір болмақ?! Әйтеуір күнкөріс, сағат толтыру. Жастарды тәрбиелесек қалай? Жоғары оқу орындарында курс ашып, оқытсақ? Кім оқытады?! Қалай оқытады?! Нені оқытады?! Өзіміз оқытып, өзіміз ағымдарға бөліп жіберуіміз мүмкін ғой…

Енді не істейміз?

Ойланып көрсек, жалғыз жол бар екен. Қойды да, қозыны да өз тамағынан бауыздау керек! Өзге дінге, ағымға, көзқарастарға өткен, дінсіздікке салынған азаматтармен қатар өмір сүру мәдениетіне үйренуіміз керек. Өзіміз таңдана қарайтын демократиялық елдердегідей немкеттілік ұстанымға бой үйрету жағдайдан ең аз зиянмен құтылудың төте жолы. ЛГБТ ұйымдарының өкілдері бар, дінсізі бар, тәңіршілі бар, дәстүрлі емесі, дәстүрлісі бар, бәрімен бірге өмір сүретін боламыз. Бірақ, бұл жерде бір ғана мәселе бар. Олар өздерінің нанымдарына, ұстанымдарына сай мұсылманшылық ұстанымға қатынасын айқындап жатыр ғой. Мұсылмандар да оларға қатысты ұстанымдарын айқындауы керек. Яғни, қазірден бастап ҚМДБ басшылығы, басқарма жанындағы ғұламалар кеңесінің қарауымен мұсылманшылық сенімге жатпайтын ұстанымда болған адамдардың бұл дүниедегі және өлгеннен кейінгі діни рәсімдерін атқарудан бас тартқаны дұрыс. Бұл кемсітушілік емес, олардың дүниетанымына құрмет. Атеистер өз беттерінше, тәңіршілдер өз беттерінше, өзге дінге өтіп кеткендер өз беттерінше рәсімдерін атқарып, өздерінің  зиратына жерленсін. Өз тілдерінде дұғаларын оқысын. Менің ойымша, бұған зайырлы елдің заңдары да кедергі бола қоймайды. Олай болса, қазірден бастап ағым жетекшілерінің тізімдерін жасап, пәтуа шығарып қою керек. Қайтыс болған адамға мұсылманша рәсім атқарар алдыңда сұрастырып, егер мұсылманшылыққа қайшы ұстанымда болса жақындарына түсіндіріп, діни рәсімнен бас тарту қажет. Жаназа жұмаққа апармайды, бірақ мұсылманшылық ұстанымды білдіреді.

Ал дін саласын реттеуші мемлекеттік мекемелердің қызметі тек бақылау емес, осы бөлшектенудің жақын әрі ұзақ мерзімді салдарын зерделеп, тиісті шешімдерді қабылдап отыру болмақ. Болмаса, мемлекеттің дінге қатынасын преференциялық зайырлылық үлгісіне бейімдеп, болашақ нәсілдің діни тұтастығы мен бірегейлігіне қызмет ету жолдарын қарастыру абзал…

Ақпарат көзі: http://durbi.kz/2020/04/16/kenshilik-tyshhan-ly-dini-senim-zholaiyrygynda-turmyz/