Хабаши жамағаты деген кімдер?

0
1963

Сұрақ: Хабаши жамағаты дегендер әһлу сунна болып есептеле ме?

Жауап: «Хабаши» жамағатын өткен ғасырдың 80-жылдары эфиопиялық діни уағызшы Мұхаммед Абдуллах әл-Харари құрды. Ол 1910 жылы Эфиопияның Харар қаласында дүниеге келді. Мұхаммед Абдуллах әл-Харари 1950 жылы Ливанға қоныс аударды. Ливандағы білім ордасында діни пәндерден дәрістер оқып жүріп 1983 жылы «Ислами қайырымдылық жобалар қауымдастығы» (джам’ийа әл-машари’ әл-хайрийа әл-исләмийа) атты діни ұйымның негізін қалады. Оның неохарижиттік (уахаббилік) қозғалыстарға қарсы көқарастары жұртшылықтың қызығушылығын тудырып, аз уақыттың ішінде жақтаушыларының саны күрт өсті. Мұхаммед Абдуллах әл-Хараридің уахабизм ілімін терістейтін және ислам дініне қатысты көптеген еңбектері бар. Олар:

«Шарху альфияти с-Суюти фи Мусталахи ль-хадис»;
«Касидатун фи ль-итикади такау фи Ситтина Байтан»;
«Ас-сирату ль-мустаким фи т-таухид»;
«Ад-далилу ль-кавим аля с-сирату ль-мустаким фи т-таухид»;
«Бугйати т-Талиб Лимарифати ль-ильми д-дини ль-ваджиб»;
«Ат-таккубу ль-хасис аля ман таана фима сахха мина ль-хадис».

Мұхаммед Абдуллах әл-Харари 2008 жылы қайтыс болған соң Хабаши жамағатына оның ізбасары Низар әл-Халяби жетекшілік жасады. Низар әл-Халябидің белсенділігінің нәтижесінде Хабаши жамағаты Ливан, Мысыр, Иордания, Сирия және т.б. араб елдеріне таралды. Тіпті, Еуропаның бірқатар елдері мен АҚШ-та да ерекше қарқын алды. Тіпті, Хабаши жамағаты посткеңестік елдерге тарап үлгерген. Мәселен, Қырым Автономиялық Республикасының муфтиі Ахмад Тамим осы Хабаш жамағатының өкілі болып саналады.

Хабаши жамағаты өздерін фиқһта – шафиғи, ақидада – әшғари, сопылық ілім бойынша рифайи мен қадари жолын ұстанатынын айтады. Бірақ, сенім мәселесінде Хабаши ұстанымдары әшғари ақидасымен үйлесе бермейді. Мысалы, хабашилер ибн Тәймия мен оның жолын ұстанушыларды кәпір деп, ал «Жамал» және «Сиффин» соғыстарында Айша (р.а) анамыз және өзге де сахабаларды әзіреті Әлиге (р.а) қарсы келгені үшін пасық болды деп кінә тағады.

Хабаши жамағаты салафилік және «Хизбут-тахрир» ұйымдарының ұстанымдарын қатты сынға алады. Олар салафилік бағыттағы ағымдармен қатар, «Ихуан Муслимин», «Жамағат уль-исламия», «Хизбут-тахрир» секілді ұйым мүшелеріне «тәкфир» («діннен шықты деп айыптау») үкімін жариялаған. Мұндай асқын көзқарасына қарап Хабаши жамағатының әшғари ақидасынан және рифайи мен қадари тариқаттарынан алшақ екенін байқауға болады.

Хабашилердің тәкфиршіл көзқарастарын Абдуллах әл-Хараридің «Ас-сырот әл-мустақим» кітабынан байқауға болады. Кітапта муташаббих (астарлы мағынадағы) Құранның аяттарын захири (сыртқы) мағынасымен аударып түсінушілерге қатысты тәкфир үкімі шығарылған. Мұндай қатқыл көзқарастар жамағат мүшелерінің радикалдануына әсер ететіні айқын.

Хабаши ұйымының идеологтары бүгінде Египет, Ливия, Ливан және Йемен секілді араб елдеріндегі жоғарғы діни оқу орындарында дәрістер өткізетіні белгілі. Осы тұста ескеретін жәйт, шетелде діни білім алушы жастарымыздың Хабаши идеяларынан барынша сақ болғаны жөн.

Мысырдың бұрынғы муфтиі Әли Жұма: «Хабаши ұйымының сыртқы және ішкі (жасырын) қырлары бар. Жұртқа белгілі қырын айтар болсақ, олар өздерін амалда шафиғи мәзхабын, ақидада әшғари мектебін ұстанатын секілді көрсетеді. Жұрт білмейтін көмескі қырын айтар болсақ, олар кейбір мұсылмандарды негізсіз пасық деп, тіпті кейбірін кәпірге шығарады. Осындай жосықсыз пікірлерімен олар мұсылман қауымының арасына жік салуда. Дін дұшпандарымен дүнияуи пайданы көздеп астыртын ымыраласқаны да бізге мәлім…» – деп Хабаши жамағатының бүлікшілер екенін ескертеді.

Хабаши өкілдерінің ибн Тәймиядан өзге Рамазан Бути секілді әһлу сунна ғұламаларын да кәпірге шығаруы, әлбетте, адасқандық. Жалпы, олардың дүниенің жаратылысына қатысты да теріс пікірлері бар. Сондай-ақ, Хабаши өкілдерінің көзқарасынша кедей мұсылманға лоторея ойынын ойнауға болады. Бай мұсылманға болмайды. Бүлік шықпайтын болса, өзге діндегілердің дүние-мүлкін ұрлауға болады. Доллармен жиналған ақшаның зекеті жоқ. Зекет тек алтын не күмістен беріледі деген ислам шариғатына қайшы үкімдер берген.

Қазіргі таңда,  дүниенің түкпір-түкпірінде аталмыш жамағаттың өкілдіктері жұмыс істейді. Австралия, Швеция, Франция, Белгия, Англия, Германия, Ресей, Тайвань, Индонезия, Малайзия, Үндістан, Пәкістан, Тәжікстан, Мысыр, Нигерия, Гана және т.б. мемлекеттерде Хабаши жамағаты өз үгіт-насихаттарын  ашық насиқаттауда. Әлемдік саяси күштердің исламфобтық үдерістерге басымдық беріп жатқан шағында, Хабаши өкілдіктерінің ашық һәм белсенді жұмыс атқаруы, бұл діни қозғалыстың мықты қолдаушыларының бар екенін әйгілейді.

Мұхан Исахан

Ақпарат көзі: https://kazislam.kz/хабаши-жамағаты-деген-кімдер/?lang=ru