Ұят – иманнан

0
2850

«Ұят» сөзінін ұғымы ауқымды, мағынасы терең.  Ұят – иман тармағының бір арнасы,  мінез-құлықтың көрінісі. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  өз хадисінде «Ұят игіліктен басқа ешнәрсе алып келмейді» дей келе  жақсылықтың, игіліктің бастауы ұят екенін көрсетеді.

Қазақ халқының  бала тәрбиесінде қолданатын  «ұят болады» және «обал болады» деген тыйымдарында үлкен философиялық мән бар. Осыдан-ақ халқымыздың ежелден ұятты, намысты жоғары қойғанын аңғарамыз. Тұрмыс-салтымыз дінмен сабақтас екенін ұғамыз.

Пендеде ұяттың болуы иманмен тікелей байланысты. Алла елшісінің тағы бір хадисінде: «Ұят пен иман тығыз байланыста. Егер ұят кетсе, екіншісі де бірге кетеді» деп, ұят пен иманнның тығыз байланысты екеніне тоқталған. Иман сөзінің шариғаттағы мағынасы – Хазіреті Пайғамбарға (с.ғ.с) Алла Тағаладан жеткен нақты үкімдерді растап, ешбір күмәнсіз қабыл ету және шын көңілмен сену. Адам баласы Алла Тағалаға деген қорқынышынан және сенімінен Алла Тағаланың үкімдерін орындамауға ұялады. Сөйтіп, Алла-Тағаланың үкімдерін орындау арқылы ұятты және иманды адам дәрежесіне жетеді. Яғни, адамда сенім немесе иман болмаған кезде ұят та жоғалады. Пенде ұятын жоғалтқан кезде күнәлі істерді жасай беретіні анық. Ол адам үшін кез-келген нәрседе шекара жоқ сияқты көрінеді яғни, барлық жақсылықтан мақрұм болады. Сондықтан иман мен ұятты жоғалтып алмау туралы Пайғамбарымыздың  хадистері мен қазақ халқының мақал-мәтелдерінде қатты ескерткен.      

Ғұламалардан ұят туралы көптеген нақыл сөздер қалған. Данышпандардың бірі  «Ұялу – адамның ұнамсыз істерден қысылып, оларды жасаудан тыйылуы», – деп түсіндірсе, енді бірі: «көңілге қонымсыз, жақсылыққа жат әрекеттерге байланысты жүректе орнайтын қынжылыс, уайым», – деген. Жүнейд деген ғалым ұятты: «Алла Тағаланың бізге берген материалдық және рухани нығметтерінің парқына бару, әрі кемшіліктерімізбен нұқсандарымызды ойлап қамығуымыз», – деп бағалаған. Ұят сезімін «үнемі көңілімізде бұзық қылықтарымыздың ауырлығын сезіну және өз жағдайымызды тағы бір рет тексеруден өткізу» деп айшықтаған ғұламалар да бар.

Дәстүрлі ислам дінін берік ұстана отырып, салт-дәстүрмен ұштастыра білген Қазақ халқы ар-ұятты  жоғары қойған. Ұяттың орнын мақал-мәтелдерінен, қанатты сөздерінен байқауға болады. Соларға тоқталсақ, «Өлімнен – ұят күшті», «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп, ар-ұятты жоғары бағалаған.  

Қазақтың жазушысы Ғабит Мүсірепов «Қазаққа ар-ұят ең жоғары саналады» десе, Сырым Датұлы: «Бір аяқ сусын – екі кісінің құны: су табылмаса шөлдеген өледі, ұяттан – тауып бермеген өледі» деп толғаған.  Мұхтар Әуезовтің «Жалған намыс – қасиет емес, ар сақтаған – қасиет», «Өзгелердің бақытсыздығын көргенде өз бақытым үшін ұяламын…» деген орамды ойлары да ұлт руханиятында ұяттың орны ерекше екенін білдіреді.

Сөзімізді қорытындылай келе иманның бөлігі болған ұят ұғымы ақырындап азайып, ұялудан ұялатын жаңа нәсіл өсіп дамып келе жатқаны ақиқат. Болмашы дүние үшін ар ұятын саудалап, ұлттық намысын таптап, істеген азғындығын дұрыс деп есептеп, қоғамды лас істермен былғауда. Бұндай арсыздықтан қорғанудың бірден бір жолы өсіп келе жатқан ұрпаққа өз ұлттық болмысымыз бен рухани мұрамызды, дәстүрлі исламмен тәрбие көрген ата бабаларымыздың ұлы жолын әуелі үйреніп, содан кейін өзімізден кейінгі ұрпаққа үйрету әрбір пенденің азаматтық борышы. «Ұялмасаң қалағаныңды істе»  бұл сөз бабалар сөзі. Расында ұят кеткен жерден қалаған нәрсені күтуге болады. «Иманды ұрпақ көбейсе, елдің болар тірегі» демекші иманды ұрпақ тәрбиелеуден шаршамайық.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
исламтанушы
Тойшиев Нұртаза